29
Жұма,
Наурыз

һижри

Адамның ерік-жігері мен қалау еркіндігі туралы

Адамның ерік-жігері мен қалау еркіндігі туралы

Ақида
Жарнама

Жаратушы алдында пенденің жауапты болуы не болмауы екі тұрғыда қарастырылады. Біріншісі –  адамның қалауымен яғни ықтиярымен, екіншісі – 7 пенденің қалауынан тыс болатын әрекеттер. Шариғатта бұны ихтияри (қалауымен) және изтирари (мәжбури) әрекеттер деп атайды. Мәжбури әрекеттерге адам бойындағы дене мүшелерінің жұмыс істеуін айтуға болады.

Мысалы, жүректің соғуында, асқазанның ас қорытуында, тыныс алуында адамның ешқандай ықпалы болмайды. Сондықтан адам өз еркінен тыс жүзеге асатын мұндай әрекеттер үшін Алланың алдында жауап бермейді. Бірақ дені‑басының саулығына селқос қарап, өзін тіпті күтінбеген адам онысына жауапты болмақ. Ал, адамның ерік-жігері мен қалауы арқылы болатын іс-әрекеттерге келсек, оларға: отыру, тұру, бару, келу, ұру, соғу, құлшылық ету, етпеу секілді т.б. көптеген амалдар жатады. Мұндай саналы әрекеттері үшін пенде не мол сауапқа кенеледі, не мол күнә арқалайды. Демек, пенденің ерік-жігеріндегі бұл істер оның өз қалауымен болады. Оны мұндай іске ешкім мәжбүр етпейді. Пенде бір істі қалап, соны жасамақ болып ұмтылса, Алла оның қалауына сай, сол ісін жаратады, болдырады. Бұл да Алланың тағдыры мен қазасына сай болады.  Адамды Алла ерікті, таңдау мен қалау иесі етіп жаратқандықтан ол өз қалауы бойынша әрекет ете алады. Халал не харам амалдарды да өз қалауымен жасайды. Әрине, ақ пен қараны өз еркімен таңдағандықтан, сол таңдау еркінің ақысы үшін жауапқа тартылады.

Егер адамда таңдау мен қалау еркі болмаған жағдайда, ол ақыретте жауапқа тартылмас еді. Пенде тек таңдау мен қалау еркіне ие, ал оның қалауына қатысты істі жарату – Алланың құзіретіндегі жайт. Яғни, пенденің жасамақ болған ісі Алла Тағаланың құдіретімен жаратылады. Сөйтіп, пенденің өз ерік‑жігерімен, қалауымен жасаған әрбір ісі үшін ақыретте жауапқа тартылады. Жоғарыда Алла барлық мақлұқат атаулының жаратушысы болғандықтан адамның да ісін жаратады дедік. Дегенмен, Алла біздің қалаған, таңдаған ісімізді жаратқанымен оларды іске асыруға міндетті емес. Алла бұл мәселені табиғат әлеміндегі қалыпты үйлесімділік іспетті өз заңдылығы бар етіп жасап қойған. Яғни, адамның жүріп-тұруы, ішіп-жеуі табиғаттың тарту еткен сыйы секілді көрінеді. Негізінде тіршілікті де пенденің қалауына сай етіп жаратқан бір Алла екенін естен шығармайық. Адамның таңдау ерік‑жігерінің бар екендігіне дәлел ретінде төмендегі аяттарды келтіруге болады: «Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік қылсын, мейлі қарсы келсін» («Инсан» сүресі, 3). «Оған екі жол көрсетпедік пе?» («Бәләд» сүресі, 10). «Әркім істеген ісі үшін жауап береді» («Муддәсир» сүресі, 38). «Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық етуші емес» («Фуссилат» сүресі, 46).

Әһли сүннет сенімі бойынша, пенде жасамақ болған ісін нысанаға алып, жүрегімен қалаған сәтте оны Алла іске асырады. Яғни, құл – қалаушы, Алла – жаратушы деген сөз. Сондықтан пенденің «мен бұл істі өзім істедім, бәріне өз ерік‑жігерім арқылы жеттім, өзім жасадым» дегені үлкен қателік. Себебі, адамның қалауын Алла жаратпаса, ол ойға алған ісін қайтіп жүзеге асырмақ? Сондықтан біз (әһли сүннет сенімі), Алланың бүкіл мақлұқатты жаратқаны іспетті, пенденің ісін де жаратушы деп білеміз. Бұған мына аяттарды дәлел ретінде келтіруге болады: «Алла барлық нәрсенің жаратушысы» («Зумәр» сүресі, 62). «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты» («Саффат» сүресі, 96). Исламдағы пенденің қалау еркі жайлы мәзһабтардың пікірлері де әрқалай. Мысалы, Жәбрия мәзхабы бойынша, адамда қалау, таңдау еркі жоқ. Олардың пайымдары бойынша пенде бейне бір программаланған робот секілді маңдайына жазылғанды ғана жасайды. Ал Муғтазила мәзхабын ұстанушылар пенде барлық ісін өзі жасайды. Алланың бұған ешқандай қатысы жоқ. Яғни, пендеде маңдайына жазулы тағдыр болмайды, ол өз тағдырын өзі жасайды. Егер оның тағдыры болатын болса, ол о дүниеде істеген ісін тағдырға тапсырып, Аллаға кінә артатын болады деп санайды.

Ал, біз әлбетте бұл пікірлерге қосылмаймыз. Себебі, жоғарыда бірнеше мәрте тәптіштеп айтқанымыздай, пенденің ең алдымен жузи ирадасы (жузи ирада ‑ белгілі бір қалау еркі) бар. Адам осы жузи ирада яғни таңдау еркі арқылы қандай да бір істі қалауға құқылы. Айталық арақ ішіп күнә істеу немесе мұқтажға көмек беру арқылы жақсылық жасау пенденің қалауы және таңдауы арқылы жүзеге асады. Осы амалды жасау барысында оны ешкім мәжбүрлеп, міндеттемейді. Міне сондықтан пенде осы қалауы үшін ақыретте жауап береді. Себебі, ол осы істі өз еркімен жасап отыр. Бұл жерде Алла пендеге бұл істі мәжбүрлеп істетіп тұрған жоқ, пенде өз қалауымен амалды таңдап, жузи ирадасын (қалау еркіндігін) қолдану арқылы жасауда. Олай болса, пенде Алланың өзіне берген қалау еркіндігі арқылы қандай да бір істі жасауға әрекет етсе, Алла да оған сол істі жасайтын күшті (иститағат) беріп, амалын іске асырайды. Сол үшін Құранда «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты» («Саффат» сүресі, 96), деп анық түрде баян етуде.

материал «Иман негіздері» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: