22
Жұма,
Қараша

һижри

Шариғат пен фиқһ ұғымдарының айырмашылығы

Шариғат пен фиқһ ұғымдарының айырмашылығы

Ақида
Жарнама

Фиқһ – шариғаттың практикалық бөлігі. Шариғат Алла Тағаланың құлдары үшін сенім мен амал тұрғысынан жүзеге асуын талап етіп бекіткен, Құран мен сүннетте көрініс тапқан заңдары мен нормалары. Сенім тұрғысынан жүзеге асуын талап еткен бөлігін кәлам немесе таухид ілімі, ал амал тұрғысынан талап еткен бөлімін фиқһ ілімі зерттейді. Осы тұрғыда шариғат пен фиқһ ұғымдарының парқын айыра тануымыз қажет:

1. Шариғат деп Алла Тағала тарапынан пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) түсірілген дінді жалпы айтады. Шариғат толығымен Алла Тағаланың үкімдері саналса,фиқһ мүжтаһидтердің шариғаттан түсінген пікірі. Бұл үкімдерді түсінуде және ижтиһад етуде ақыл өз алдына жол ашып тәуелсіздік таныта алмайды, керісінше, ол әрдайым шариғат негіздеріне бағынышты.

2. Шариғат ұғымы дінде ақида, этика және практикалық амалдармен байланысты нормаларды жаппай қамтыса, фиқһ ұғымы тек қана практикалық амалдармен байланысты нормаларды білдіреді.

3. Фиқһ ұғымы ғұламалардың барлық ижтиһадтарын: дұрысын да қатесін де, ал шариғат ұғымы мүжтаһидтердің дұрыс айтқан үкімдерін ғана қамтиды.

4. Шариғат ұғымы фиқһ ұғымынан кеңірек. Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі: «Бүгін сендерге діндеріңді кемелдендіріп, сендерді бөлеген нығметімді тәмәмдадым, сондай-ақ сендерге Исламды дін етумен разы болдым», – деген сөзі шариғатты көздейді. Сол себептен шариғат жалпылаушы қағидалар мен негіздерді, ал фиқһмүжтаһидтердің Құран мен сүннет мәтіндеріндегі жалпылаушы қағидалардан түсінген үкімдерін білдіреді.

5. Шариғаттың жалпылаушы қағидалары мен тұрақты үкімдері қатеден пәк, мінсіз саналады. Ал фиқһ үкімдері ішінде мүжтаһидтің түсінігіне сай дұрысы да, қатесі де болуы мүмкін. Дегенмен екі жағдайда да мүжтаһид еңбегі үшін сауапқа бөленеді. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Төреші үкім шығаруда ижтиһад етіп, сосын тура тапса, оған – екі сауап, ал үкім шығаруда ижтиһад етіп, сосын қателессе, оған – бір сауап», – деп айтқан5. Бірақ көп жағдайда дұрыс болады. Қандай да бір мәселенің үкімін баяндауда ғұламалар ақиқатты дәл тапса, онда фиқһ шариғатқа сай болады. Ал қателессе, ижтиһадтары фиқһ ұғымының шеңберінен аса алмайды.

6. Шариғат үкімдерін қай тұрғыдан болсын, ақида, құлшылық, этика, жүріс-тұрыс нормаларын толық ұстану – әр мұсылманға парыз. Ал фиқһ мәселесіне келсек, бір мүжтаһидке басқа мүжтаһидтің ижтиһадын ұстану міндет емес. Сондай-ақ фиқһ бір замандағы не бір елдегі проблемаларды шешуге жарамды болса, басқа бір замандағы не басқа бір елдегі проблемаларды шеше алмауы әбден мүмкін.

Фақиһ немесе муфти дегеніміз – мүжтаһид. Мүжтаһид дегеніміз – Фиқһ ғалымдары арасында келісілген (Құран, сүннет, ижмағ және қияс) және даулы (әл-масалих ал-мурсала, садд әз-зараи′ және сахаба сөзі) дәлелдерді пайдалануда, сондай-ақ олардан практикалық шариғи үкімдерін шығаруда алғырлық қабілеттілігіне иемденген ғалым, шариғи құқықтанушы.

Фиқһ ілімі бірте-бірте пайғамбарымыздың (с.ғ.с) және сахабалардың ғасырында пайда бола бастаған. Оның сахабалар арасында пайда болуына адамдардың жаңа оқиғаларға қатысты үкімдерді танып-білу қажеттілігі түрткі болған. Фиқһ ілімі бүгінгі күнге дейін:

1) пайғамбар (с.ғ.с) кезеңі;

2) сахабалар кезеңі;

3) табиғиндер кезеңі;

4) мүжтаһид имамдардың (фиқһ мәзһабтарының) кезеңі;

5) өткен ижтиһадтармен шектелу және ижтиһадтың іріктелу кезеңдерін аттап, қазір жаңадан туындаған мәселелердің үкімдерін зерттеуде ижтиһадты жандандыру кезеңіне аяқ басты.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: