21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Алла Тағаланың барлығын есту және көру сипаты

Алла Тағаланың барлығын есту және көру сипаты

Ақида
Жарнама

Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы Оны көркем сипаттары арқылы тануға тиіс. Ұлы Жаратушыны тану дәрежесіне қарай адамның Оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп, тақуалығы мен тәуекелі арта түседі.

Ұлы Иесін жеткілікті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс үстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып, біле алмайды. Өйткені, адам шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып-білуге міндеттіміз.

Алла Тағаланың «Сәмғ» сипаты есту дегенді білдіреді. Ұлы Иеміздің естіп, білуі жаратылғандардікі сияқты шекті, нұқсан әрі себеп-құрал, дәнекерге мұқтаж емес. Иә, Алла Тағала әр нәрсені естіп біледі. Оның бір нәрсені естуі басқа нәрселерді естуіне бөгет емес. Өйткені, Алланың бұл сипаты кейіннен пайда болмаған. Алла Тағаланың естуі жаратылғандардың естуіне мүлдем ұқсамайды. Себебі, жаратылғандардың естуі кейбір ағзалардың, құралдардың көмегі арқылы жүзеге асады. Ал, Алла Тағала ешбір құралға, ешбір себепке тәуелді емес. Міне, сондықтан ең жасырын, ең құпия дыбыстар да Оның естуінен тыс қалмайды.Алла Тағаланың өзіне жалбарынған құлдарының жасырын және құпия әр түрлі зікірлерін, дұға-мінәжаттарын қабыл етіп, хикметіне сай мұқтаждықтарын қамтамасыз етуі – Оның әр нәрсені толық еститіндігінің дәлелі.

Ал, «Басар» сипаты көру деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала өзінің ұлылығына әрі шексіздігіне лайық дәрежеде көру сипатымен сипатталады. Ұлы Алла Тағала әр нәрсені кемел түрде еш нәрсенің көмегінсіз, ешбір құрал-жабдықсыз біліп, еститіні секілді әр нәрсені еш кемшіліксіз, еш нәрсенің көмегінсіз көреді. Оның ілімі және естуі шексіз болғаны секілді көруі де шексіз. Оның бір нәрсені көруі басқа нәрселерді көруіне бөгет емес. Оның көруінен ең кішкентай атом да, басқа да тыс қалмайды. Оның назарында жасырын мен құпия, жарық пен қараңғы, алыс пен жақын, үлкен мен кішінің арасында ешбір айырмашылық жоқ.

материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: