21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ақырет күніне сенудің бізге берер 10 пайдасы

Ақырет күніне сенудің бізге берер 10 пайдасы

Ақида
Жарнама

Бүгінде адамдар дүниелік қам-қарекеттерін барынша жасап, оларды мүмкіндігінше пайдаланып қалуға ұмтылуда. Бірақ пенденің Ақыретті де естен шығармағаны жөн. Ақыретпен шұғылдану дегеніміз – дүниелік істерді бір шетке ысырып қою мағынасында емес.

Керісінше, бұл Алла тағала бұйырғандай, Оның бергендерімен Ақырет мекенін іздеуімізді, Раббымыздың иман келтірген құлдарына уәде еткен жаннаттарына ұмтылуымызды, сондай-ақ, дүниедегі несібемізді де ұмытпауымызды, осылай екі өмірдің де бақытына жетуімізді білдіреді. Ендеше, Ақыретті танып-білуден біздің алар пайдамыз мол. Атап айтсақ:

1. Ақырет күніне сену – ақиданың негізгі тіректерінің бірі. Ақырет күніне сенбесек, біз иман келтірушілердің санатына жатпаймыз. Ал имансыз тіршіліктің баяны қандай болмақ?! Алланың азабы келгенде, күніміз не болмақ?!. Әрі Ақыретке сену – иманның бір тірегі, тақуалықтың шарты. Олай дейтініміз, Алла тағала Құранда тақуа пенделерін сипаттап: «Сондай ғайыпқа иман келтіргендер, намаз оқығандар және Біздің бергендерімізден (мал-дүние) жұмсағандар. Сондай-ақ саған түсірілгенге (Құранға) және сенен бұрын түсірілген (кітаптарға) иман келтіргендер. Олар Ақыретке анық сенеді», – деген.

2. Ақырет күніне сену мұсылман адамды жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға талпындырады. Ал ол күн болмаса, мұндай ізгі амалдарды істеудің қаншалықты қажеті бар?! Өлім адам өмірінің ең соңғы шегі болатын болса, сауапты амалдарды жасаудың керегі қанша?!. Демек, Ақыретті танып-білу мүміндерді өздерінің істеген жақсы іс-амалдары үшін сауап алатындарына сенімдерін арттырып, игілікке үгіттейді. Бұл игіліктің нәтижесі жайлы Алла тағала: «Сосын әркімнің еңбегі толық беріледі де, олар зұлымдыққа ұшырамайды», – деген.

Сонымен қатар адамдарды бұл дүниенің алдамшы қызықтарынан жүз бұрып, намаз өтеуге, ораза ұстауға және Құран оқуға т.с.с. құлшылық түрлерін орындауға жетелейтін де осы Ақырет күніне деген сенім болмақ. Алла тағала Ақыретке сенушілерді Құранда: «Олар – Раббыларының азабынан қорқушылар»; «Ол Ақыреттен сақтанады және Раббысының рақымын үміт етеді», – деп сипаттаған.
Ақырет күніне деген сенім бізді өміріміздің қай кезеңінде болмасын сауапты амалдарды мейлінше көбірек жасап қалуға үндейді.
Сондай-ақ осы сенім арқылы адамзат бұл өмірде бір даналықтың бар екендігін түсінеді.

3. Ақырет күніне сену адамдарды харам істерден сақтайды. Тіршіліктерін тиянақты етіп, бір қалыпта ұстауларына себепші болады. Әсіресе, қоғамымызда көптеп кездесетін дүние үшін кісі өлтіру, ұрлық істеу және қиянатшылдыққа бой ұру сияқты жаман қылықтардан қайтарады. Өйткені Ақыретке сенген адам өзінің әрбір үлкен-кіші істерінен сұралатынын түсінеді. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Сол бір күні (Қиямет күні) әр адамның жақсы- жаман істері өз алдарында дайын болады»; «Олар: «Әттеген-ай! Бізге нендей өкініш!? Мына кітап кішіні де, үлкенді де тастамай түгендепті», – дейді. Сондай-ақ олар істегендерін әзір табады. Раббың ешкімге зұлымдық қылмайды», – деп әңгімеленеді.
Сонымен қатар пендені жаман істерден оның ішкі бақылаушысы қайтарып тұрады. Осы ішкі бақылаушысы жоқ мүшелерге ие болған қоғам жабайылықта, өзімшілдікте, адамгершілік пен ар-ұяттан жұрдай болған күйде күн кешеді. Сондықтан кәпір қоғамда сабырсыздық, сараңдық, парақорлық, өзімшілдік, маскүнемдік, зинақорлық және ойынқұмарлық сияқты лас әрекеттер кеңінен орын алған.

4. Ақырет сенімі адамға бұл дүниедегі өтпелі кезеңдердегі қиындықтарға шыдауға, басына түскен уақытша қайғы- қасіреттерді көтеріп, сабырлық қылуға үндейді. Осы себепті де Ақыретке сенген мүміннің тұла бойы тұнған жақсылық болады.
Суһайбтан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мүміннің ісі таңғаларлық. Расында, оның ісінің бәрі жақсылық және бұл мүміннен басқа ешкімге тән емес. Егер оған шаттық келсе, шүкір қылады және (шаттығы) оған жақсылық болады, ал егер ауыртпалық келсе, сабыр етеді және ол (ауыртпалық та) оған жақсылық болады», – деген.

5. Ақырет күніне сену қоғамның салауаттылығының кепілі болып табылады. Дәл осы сенім әрбір адамды салауатты, нәтижелі әрі жемісті өмірге бастайды. Бізді өз еркімізбен кедей-кепшіктерге қарайласуға, оларға садақа, зекет беруге не мәжбүрлейді? Әлбетте, бұл – біздің Ақырет күніне деген сеніміміз. Ал Ақырет күніне сенбейтін қоғамда мемлекет заңынан қорқу ғана адамдарды салық төлеуге мәжбүр етеді. Статистика бойынша, кез келген мұсылман емес елде әрбір жүз адамның сексенге жуығы салық төлеуден бұлтарады екен.

6. Ақырет күніне сенген адам бұл жалған дүниенің қаншалықты қысқа екенін түсініп, өзіне берілген аз ғана уақытты барынша тиімді әрі ұтымды пайдалана отырып, көптеген жақсылықтар мен ізгіліктерге қол жеткізеді.

7. Ақырет күніне сенген жан фәнидің таразысына емес, бақидың таразысына қарап, дүниенің есебімен емес, Ақыреттің есебімен амал істейді.

8. Ақырет күніне деген сенім пендені Алла тағаланың ұлылығын, құдіретін сезінуге мәжбүрлейді. Өйткені Құран Кәрімде: «Қиямет сағаты кірпік қаққандай, тіпті одан да жақынырақ. Сөзсіз, Алла әр нәрсеге Құдіретті», – деп айтылғанындай, Алла тағала Қияметті қас қағым сәтте-ақ алып келуге және жаратқан пенделерін жинап, амалдарының есебін әділетпен айыруға толығымен құдіретті. Алла тағала Өзінің аяттарында: «Адам баласы Біз сүйектерін жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, Біз оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасауға Құдіреттіміз», – деген.
Осы аятта меңзелгендей, қайсыбір адам болсын оның саусақтарының ізіне ешбір жанның саусақ ізі сәйкес келмейді, тіпті олар егіздер болса да. Бұдан асқан қандай құдірет болуы мүмкін?! Алла тағала: «Міне, (бұл құдыреттер Иесі) – Алла хақ. Расында, Ол өліктерді тірілтеді және Оның әр нәрсеге құдіреті жетеді. Сондай-ақ Қиямет күдіксіз келеді. Онда (яғни
оның болатынына) еш күдік жоқ және, әлбетте, Алла қабірдегілерді тірілтеді», – деген.

9. Осы күнге деген иманымыз Алла тағаланың әділдігіне деген сенімімізді арттырады. Алла тағала: «Ешбір күнәкар басқаның күнәсін көтермейді. Күнәсі ауыр болған біреу (күнәсін) көтеруге шақырса, егер ол жақыны болса да, одан еш нәрсе (оған) жүктелмейді», – деп айтқан.

10. Бұл сенім пендені өзгелерге арқа сүйеп алданып қалудан құтқарып, өзін жеке басының жауапкершілігіне үйретеді. Өйткені Ақыретте адам баласына оның ешбір туысы немесе арқа сүйер жақыны жәрдем бере алмайды. Бұл жайында Құранда: «Сол күні кісі туысынан қашады: шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан (қашады). Ол күні әркімнің өзіне жететін ісі болады», – деп баяндалған.
Демек, адамның тура жолды ұстануы немесе ұстанбауы оның өзі үшін ғана. Егер тура жолда болса, екі өмірде де бақытын табады. Ал адасқан болса, дүниеде және Ақыретте көптеген кесапаттарға душар болады. Өйткені Алла тағала: «Кім ізгі іс істесе, ол өзінің пайдасына. Ал кім жамандық істесе, ол да өзінің зиянына. Раббың пенделерге зұлымдық істеуші емес»; «Сонда кім тозаң түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, оны (яғни Ақыретте сауабын) көреді. Ал кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны да (яғни Ақыретте жазасын) көреді», – деп айтқан.
Ақыретте әрбір пенде Алланың алдына жеке-жеке, тек өзінің істеген амалдарымен ғана келеді. Алла тағала ол күнді сипаттап: «Сондай-ақ олардың барлығы Қиямет күні Оған жеке-жеке келеді», – деген.

Сонымен қатар адам баласы тек өз басының күнәларына ғана жауап беретіндігі жайлы Құран Кәрімнің «Нәжм» сүресінде Алла тағала: «Ешбір күнәкар басқаның күнәсін көтермейді. Адамзат үшін өз амалы ғана (пайда береді). Сөз жоқ, амалы(ның нәтижесі) таяу арада көрінеді. Содан соң оған (амалының) есесі толық беріледі», – дейді.
Сондай-ақ Алла тағала Өзіне иман келтірмегендер мен мүшріктерге әзірлеген тозақ отынан әр мұсылман өзін және жақындарын сақтандыруды ескертіп: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды, отыны адамдар мен тастар болған тозақтан сақтаңдар» – деген.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің жақын туыстарын жинап: «Ей, Кағб ибн Луәй ұлдары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Мурра ибн Кағб ұлдары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Һашим ұлдары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Абдулмутталлиб ұлдары! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Мұхаммедтің қызы Фатима! Өзіңді тозақтан құтқар! Өйткені мен сендерге Алланың алдында ешқандай жәрдем бере алмаймын», – деген-ді.
Егер адам Ақыретте өзінің туыстарына септігін тигізе алғанда, онда сөз жоқ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз жақындарына жәрдем берер еді. Бірақ ол күні біреу-біреуге қол ұшын беруі мүмкін еместігін білген Пайғамбар (с.а.с.) алдымен туысқандарын ескертіп: «Мен сендерге Алланың алдында ешқандай жәрдем бере алмаймын», – деген.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: