Қазақ халқының діни қайраткерлері саналатын Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ұлы тұлғалардың еңбектерін оқу барысында да иманды жеті негізге бөліп түсіндіргенін көреміз.
Мысалы, Ш.Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты шығармасында: «Әуелі Алла Тағаланың бар екеніне, бір екеніне нандым, періштелерінің бар екеніне нандым, пайғамбарларына жіберген кітаптарының баршасына нандым, барша пайғамбарларына нандым, ақирет күні болмақтығына нандым, барша жақсылық, жамандық істер Алла Тағаланың тағдырынсыз болмайтұғынына нандым һәм өлген соң тіріліп сұрау беретініне нандым», – дейді.
Ал, бұл мәселеге қатысты Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бір өлеңінде:
«Болғанмен жақсы-жаман, бар бір өлу,
Хақ екен өлген(ен) соң қайта келу.
Иманның жеті парыз біреуі – осы:
Тағдырды жақсы-жаман Хақтан білу.
Өлімнен еш адам(ның) қалғаны жоқ,
Пенденің иманы бар арманы жоқ.
Иманның жеті парыз біреуі сол:
Өлген соң тірілмек хақ, жалғаны жоқ», – дейді. Яғни, әр екі ақын да «Өлгеннен кейін қайта тірілу» ісін «Ақырет күніне иман ету» мәселесінен бөліп, иманды жеті негізде қарастырады. Ақырет күні дегеніміз – қайтыс болған адам қабірге жерленген соң қиямет күні арасат майданында қайта тіріліп, жаннаттықтар жаннатқа, тозақтықтар тозаққа жіберілетін кезеңдерді қамтиды. Яғни, қабірден адамдардың қайта тіріліп, арасат майданына бару кезеңі ақырет істерінің қатарына жатады.
Олай болса, «матуридилік мектептің өкілдері неге «Өлгеннен кейін қайта тірілу» ісін «Ақырет күніне иман ету» мәселесінен бөліп қарастырды?» деген сұрақтың туындауы да әбден мүмкін. Оған имам әл-Бәздауидің: «Күллі қыбла иелері мен кітап иелері «Өлгеннен кейін қайта тірілуді хақ» деді. Философтар болса, рухтың тірілуін мойындағанымен тәннің қайта қалпына келуін қабылдамады. Ал мүшріктер (арабтар) де Алланы мойындағанымен, «Өлім шіріп жоқ болу, өлгеннен кейін қайта тірілу болмайды», – деді» деп, өлгеннен кейін қайта тірілуге бір топ адамдардың күмәнмен қарайтынын айтады. Яғни, Матуриди мәзһабының өкілдері қоғамдағы бір топ адамдар үшін түсініксіз, күмәнді болған «Өлгеннен кейін қайта тірілу» мәселесіне арнайы бөлек тоқталып, иманды жеті негізде түсіндіру арқылы адамдарды көңіліндегі күдіктен айықтыру мұрат етілгенін көруге болады.
Имам Матуриди Құрандағы «(Өзінің жаратылысын ұмытып, Бізге): «Сонда шіріп, жоқ болып кеткен сүйектерге кім жан бітіреді екен?» – деп өзінше мысал келтірді» («Иәсин» сүресі, 78-аят) деген аят төңірегінде: «Адам баласының иләһи шексіз құдіреттен қаншалықты ғапыл, бейхабар екенін айта келіп, сол адам баласы өзінің топырақ пен бір тамшы судан жаралғанын қалай ұмытты және өлгеннен кейін қайта топыраққа айналдырған кім? Бұның бәрін Алланың кітабы Құраннан білмей ме?! Демек, басында Алла адам баласын қалай жаратқан болса, оны сол бейнеде қайта жарату бұрынғыдан жеңіл» деп, қияметте қайта тірілуге күмәнсіз сену үшін Алла Тағаланың шексіз құдіретіне илану керектігін айтады.
Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінде өлгеннен кейін қайта тірілуге сенбегендер болды. Бір күні Убай ибн Халаф қолында шіріген сүйегі бар Алла елшісін келеке етіп: «Алла Тағала мына шіріген сүйекке жан беріп, қайта тірілте ала ма?» – дейді. Сонда Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әрине, оған жан беріп тірілтеді әрі сені тозағына салады», – деп жауап береді. Сондай-ақ, Аллаға және ақыреттегі өмірге сенген адамның бойында иман ұялап, өзгенің мүлкіне қиянат жасамау сынды жақсы қасиеттер қалыптаса бастайды. Ол әрдайым жалғыз емеспін, Ұлы Жаратушы Ием істеген ісімді көріп тұр, ақыретте жауапқа тартыламын деген түсінікпен күнәдан сақтанып, ізгілікке ұмтылады.
Қорыта айтар болсақ, Матуриди мәзһабы, таралған қоғамдағы халықтың дүниетанымдық тіршілігімен үндесе отырып, өзінің алғы шарттарын ұсына білген. Сондай-ақ, «Иман мәселелеріне жалпылама сену жеткілікті ме әлде егжей-тегжейлі білу шарт па?» деген сұрақ төңірегінде де, иман мәселелеріне жалпылама иман етудің жеткілікті екендігін алға тарту арқылы дінді халыққа сүйдіре білген. Сонымен қатар, иман негіздерін жеті бөліп түсіндіру мәселесінде де бір топ адамдар үшін түсініксіз болған «өлгеннен кейін қайта тірілу» ісіне айрықша жауап беріп, күмәннан айықтырудың жолын қарастырған. Матуриди мәзһабының көптеген өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқы ғасырлар бойы бұл мәзһабты ұстанып келді. Бұдан кейінгі рухани бағытымыз да осы мәзһаб бола бермек.
материал «Бабалар ұстанған ақида» кітабынан алынды,
ummet.kz