20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Алла Тағаланың білімі

Алла Тағаланың білімі

Ақида
Жарнама

Шын мәнінде Алла Тағала адамдарды жаратпас бұрын олардың жағдайларын біледі.

Олардан иманға және бас июге немесе имансыздық пен бас имеуге қатысты, сондай-ақ бақытты немесе бақытсыз болуына байланысты қандай жағдай болса да, барлығы Аллаһ тағаланың білуімен және Оның қалауымен болады. Адамдардың тағдыры алдын ала жазылып қойылатыны туралы Құранның көптеген аяттарында және хадистерде айтылған.

Мысалы, Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Бір күні Пайғамбар (с.а.с.): «(Сендердің араларыңда) жәннаттағы және тозақтағы орны белгілі болмаған ешкім жоқ», – деді. Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! (Онда бізге ізгі амал жасауға ұмтылудың қажеті не?) Тағдырымызда жазылып қойылған деп, амал істемей жүре берсек болмай ма?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Жоқ, амал істеңдер, кім не нәрсе үшін жаратылған болса, оны (орындау) оған оңайлатылады. Бақыттылар бақыттыларға тән амалдарға жеңілдік табады, ал бақытсыздар бақытсыздарға тән амалдарға жеңілдік табады», – деп жауап берді. Содан соң: «Ал енді кім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса және жақсылықты рас деп білсе...», – деген аяттарды оқыды», – деген.

Демек, Алла Тағаланың білімі пенденің таңдау және ұмтылу еркіндігін жоймайды. Өйткені білім адамға тікелей әсер ететін (яғни мәжбүр ететін) сипат емес. Сондай-ақ Алла Тағала жаратқандарына Өзіне иман келтіруді және бағынуды бұйырып, оларды имансыздық пен қарсы келуден тойтарды. Міне, бұл – пендеге қалағанын таңдап, қалағанына ұмтылу еркі берілгендігінің дәлелі. Әйтпегенде Алла Тағала босқа бұйрық беріп, бекерге тыйым салған болар еді, ал бұлай болуы мүмкін емес. Алла Тағала: «Жанмен және оны Толықтағанмен, сөйтіп оған жамандығы мен тақуалығын білдіргенмен ант етемін. Расында оны (яғни жанды) тазартқан сөзсіз құтылады да; оны кірлеткен, әлбетте, қор болады», – деп айтқан.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: