25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Тахауи ақидасы туралы түсінік

Тахауи ақидасы туралы түсінік

Ақида
Жарнама

Қазақ  халқының  ғасырлар  бойы  ұстанып  келе жатқан  діні  –  Ислам,  шариғаттағы  амал  мазһабы –  ұлы  имам  Әбу  Ханифаның  мазһабы. 

Ал  діни дүниетанымдық  ұстанымы  Исламның  негізгі  қайнар бұлақтары  –  Құран  мен  Пайғамбардың  (с.а.с) Сүннетіне  негізделген  Сүннет  және  жамағат  жұрты, оның  ішінде  Әбу  Мансұр  әл-Матуридидің  мектебі болып табылады. Жалпы мұсылман үмбетінің басым көпшілігін  құрайтын Сүннет және жамағат  жұрты ақида  мәселелерінде  екі  мазһабтың,  Матуриди және  әл-Ашғари  мазһабтарының  бірі  тұтынады бірін ұстанады. Оның ішінде төл мазһабымыз Әбу Ханифа мазһабының ізбасарлары Матуридидің танымдық мектебіне  қарайтын  болса,  қалған  үш фиқһ  мазһабтары  ақидалық  мәселелерде  Ашғари мазһабына  жүгінеді.  Атақты  ғұлама  имам  әс-Су-буки  өзінің  «Муъид ән-ниъам уа  мубид  ән-ниқам» кітабында былай дейді: «Осы аталған ханафи, шафиғи, мәлики, ханбали мазһабтары,  әлхамдулилләһ, ақида мәселелерінде барлығы Сүннет және жамағат жұртының пікірін ұстанады, Сүннет шейхы Әбул-Хасан Ашғаридің  жолымен  жүреді». Бұл жерде имам әс-Субуки Ашғаридің танымдық мазһабы мен Матуридидің танымдық мазһабында  айтарлықтай айырма жоқтығын меңзеп тұр.Әбу Ханифа  мазһабын  іс-амал,  шариғат мәселелерінде басшылыққа алған қалың бұқара, оның ішінде түркі  халықтары ақидалық мәселелерде Матуриди мазһабын танымдық тұғыр, діни доктрина етіп ұстанды. Солардың  арасында  қазақ  халқының да ұлттық  бет-бейнесі,  ділі  мен  тілі  осы  идеологиялық мектептің негізінде қалыптасты. Оған айғақ боларлық айшықты  дәлелдер  жетіп артылады. 

Мысалы,  ұлы ойшыл  Абайдың  шығармаларында  осы  танымдық ұстанымның  іздері  сайрап  жатыр.  Шәкәрім  мен Мәшһүр  Жүсіптің,  Ыбырай  Алтынсариннің  еңбектерінде де солай. Ендеше  біз,  кейінгі  ұрпақ,  сан  ғасырлардан  бері санамызға  сіңісті  болып,  ұлттық  болмысымызбен біте  қайнасып,  діліміздің  ажырамас  арқауына айналған  осы  таптаурын  танымдық  тұғырымыздан айнымауымыз қажет. Тосыннан келген килікпе, кірме ойлардан абай болғанымыз жөн. Өйткені біз өзімізге тән  діни  дәстүріміз  бен  ұлттық  салт-санамыз  бар толыққанды ұлтпыз. Ал сол  сенімге  селкеу  түсіруге тырысатын сырттан  таңылған теріс түсініктер мен іріткі идеологиялар халқымыздың санасын улап, ұлттық болмысымыздан біржола айыруды көздейді.

Имам  Ахмет  ибн  Мұхаммед  ибн Сәлама Әбу Жағыфар ат-Тахауи әл-Азди әл-Ханафи әл-Мисри атағы шартарапқа жайылған  мәшһүр  ғұлама. Дереккөздерге жүгінсек, мұсылман жыл санауының 230-шы  жылдары, христиан жыл санауымен 850-ші жылдары  дүниеге  келген.  Туған  жері  Мысыр  елінің Таха  деген елдімекені. Осыған орай  ат-Тахауи деген қатыстық есімге ие болған. Һәм Мысырда һижри 321 жылы, миләди 933 жылы дүниеден өткен.Ол білімді зиялы қауымның ортасынан шыққан. Сүт анасы өз заманындағы мәшһүр хадисшілердің бірі Әбу Мұса әл-Мысридің жұбайы. Ал Әбу Мұса хадис ілімінің имамдары Әбу Дәуіт пен ән-Нәсәидің шәкірті болып келеді. Тахауидің анасы да имам Шафиғиден білім  алған  ғалым  кісі. Ал  анасының бауыры, яғни нағашысы Әбу Ибраһим әл-Музәни шариғат білгірі, имам Шафиғидің үздік шәкірттерінің бірі еді.Осындай оқымысты ортада дүниеге келген Тахауи да  жастайынан  білім  нәрімен сусындап, аса алғыр-лығымен  көзге түсті, ғылымның түрлі салаларына түрен салды.Бала кезінен Құранды жаттап, жақындарынан дәріс алды. Әсіресе, фиқһ, хадис ілімдеріне терең бойлап, өсе  келе  өз  заманының  ғұламасына  айналды. 

Әбу Исхақ  Ширази  имам Тахауидің  Мысырдағы  ханафи мазһабының жетекші имамы болғандығын жазады.Өскен ортасына қарай шафиғи мазһабын ұстанған имам Тахауи нағашы ағасы әрі ұстазы әл-Музәниден дәріс алды. Шәкіртінің Әбу Ханифаның еңбектеріне көбірек  үңілетінін көрген  ұстазы: «Уаллаһи,  сенен ештеңе шықпас», – дейді. Осыны көңіліне алған Тахауи ханафи  мазһабына біржола ден  қойып,  Мысырдағы осы  мазһабтың  ғалымы Ахмет ибн Әбу Имраннан дәріс тыңдайды. Уақыт өте келе ханафи мазһабының бетке ұстар тұлғасына айналған Тахауи: «Алла нағашымды рахым еткей! Егер қазір тірі болғанда айтқан сөзін қайтып алар ма еді?» – деген екен.Тахауи фиқһ, хадис, ақида тақырыптарында талай шығармалар  жазған.  Ол  еңбектерінде  бұрынғыны жаңартып, түйінді  мәселелерді  тарқатып  берді.

Мәшһүр ғұламаның негізгі кітаптары мыналар:

1. Шарх Маъани әл-Әсәр

2. Мушкил әл-Әсәр

3. Ахкамул-Қуран

4. Ихтиләфул-Уләмә

5. Ән-Нәуәдир әл-Фиқһия

6. Китаб аш-Шурут әл-Кәбир

7. Аш-Шурут әл-Аусат

8. Шарх әл-Жәмиъ ас-Сағир

9. Шарх әл-Жәми әл-Кәбир

10. Әл-Мухтасар

11. Манақиб Әби Ханифа

12. Тарих әл-Кәбир

13. Ар-Радд алә Китабил-Мудаллисин

14. Хукм аради Мәккә

материал «Таным тұғыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: