Егер «сәләф» сөзінің сөздік мағынасына келер болсақ «алдыңғы, бұрынғы» деген мағынаны білдіреді. Уақыт ағымына қарай әрбір өткен шақ кейінгілер үшін «сәләф» деп аталады.
Алайда бұл сөз Ислам дінінде тұрақты, әрі арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды. Діни әдебиетте Ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезеңді білдіреді. Ол кезең Ислам үмметінің Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейінгі алғашқы үш буынының дәуірі еді. Себебі Бухари мен Муслимде Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамдардың ең абзалы менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі жүретін қауымдар келеді» – деген. Осы үш буынның абзалырақ болуының себебіне үңілетін болсақ, олардың пайғамбарлық бұлағынан тікелей сусындап, пайғамбар (с.а.у.) тағылымына ең жақын болғандықтарын көреміз. Сахабалар Исламның сенім негіздерін және діни ұстанымдарды Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тікелей үйренді. Ал табиғиндар (сахабаларды көрген мұсылмандар) пайғамбарлық нұрына сахабаларға еру, олардың насихаттарын естіп, тәлім-тәрбиелерін көру арқылы жетті. Әтбағут-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) болса, осы саф пікір мен Ислами табиғаттың бұзылмай сақталуының соңғы кезеңінде еді. Осы кезеңнен бастап әр түрлі дінге жат әрекеттер (бидғат) жайыла бастады. Дегенмен осы үш буынның қайырлы болып көрсетілуі бізге бұдан басқа нені меңзейді? Осы сұрақ төңірегінде ой өрбітсек. Бұл – бізге солардың ізімен жүруімізді, солардың ұстаным-қағидаларын үйреніп, сол қағидалар мен принциптерді ұстануымызды меңзейді. Арасын ажыратып түсіну керек бір жәйт бар. Алғашқы үш буынға (сәләфуссалихинге) еру – олардың ауызынан шыққан әрбір сөзді дәлме-дәл орындау немесе олар істеген әрбір істі айнақатесіз қайталау арқылы болмайды. Себебі олардың өзі бұлай істеген жоқ. Жекелеген әрекеттерді ешқашан өзгермес заңдылық деп қабылдамады. Оларға еру – олардың Құран мен хадисті түсіндіріп талдаудағы және шариғи үкімдер мен негіздерде белгілеген қағидаларын ұстану арқылы болады. Бұл қағидаларды ұстану олардан кейінгі ғасырларда келетін барлық мұсылмандар үшін парыз. Бұл қағидалар уақыт айырмашылығына қарамай бүкіл мұсылман үмметінің арасын біріктіріп тұратын ортақ ғылыми әдістемелік жол.
Олай болса, сәләф сөзіне сүйеніп Ислам шариғаты мен түсінігіне жат, жаңа ұғым қалыптастыру үлкен қателік. Бүгінгі күні «сәләфия» ұғымы мұсылмандардың арасында арнайы ерекшеліктерге ие ағымның атауы болды. Олар өздеріне осы атаудан белгілі ұғым жасап алды. Сол арқылы өзіндік пәлсапаға сүйенеді. Өкінішке орай, онсыз да аз болмай тұрған Ислам жамағаттарының тізіміне «сәләфия» атымен жаңа бір жамағат қосылды. Олар өздерінің өзгеше болмыстарымен, психологиялық ерекшеліктерімен мұсылмандардың арасында ерекшеленуде. Бұл жаңа ұғымның бүгінгі сипатта пайда болуы дінге жаңадан енген бидғат екендігін айтудың ақиқатқа еш қайшылығы бола қоймас. Сонымен қатар, «сәләфия» сөзінің де Ислам тарихына жат екендігінде күмән жоқ. Себебі сол алғашқы буын «сәләфтардың» өзі де, олардың жолын ұстаған кейінгі ұрпақ та бұл ұғымды білген жоқ. Алғашқы буын өкілдері «сәләфия» сөзін өздерінің жеке бастарын ерекшелеу үшін қолданған емес. Оларға тән идеология немесе әлеуметтік ерекшеліктерді де білдірмеді. Бұл сөз – өздері мен өздерінен кейін келетін буын арасын айыратын кедергі ретінде де рөл ойнамады. Керісінше, олардың ұстанған қағидаларының аясында өздері мен кейінгі келген қауым арасында соншалықты үйлесімділік, мұрагерлік алыс-берісі толық орнағанын көреміз. Мынау сәләфтің жолы, мынау халафтың жолы деп, кейінірек әлдебір мұсылман жамағаты олардың арасын бөлетіндігін, араларына тосқауыл қоятындығын олардың ешбірі ойламаған болар. Шындығына келгенде, олар үшін «сәләф-хәләф» сөзі уақыт өлшемінде қолданылатын «бұрынғы-кейінгі» дегеннен басқа ештеңе білдірген емес.
материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,
ummet.kz