21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мәзһаб ұстанушылар сәләфус-салихиннен бөлек жолда ма?

Мәзһаб ұстанушылар сәләфус-салихиннен бөлек жолда ма?

Ақида
Жарнама

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) және сахабалардың әдет-ғұрып пен өмір жағдайларының өзгеруіне байланысты күнделікті іс-әрекеттерін өзгерткендігіне мысалдар көптеп кездеседі.

Мәселен, Меккеде мұсылмандардың әдет-ғұрпы Мәдинадағыдан өзгеше еді. Киім, баспана және басқа да қажеттіліктерде ешқандай қиындықсыз өзгерістер жасады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі «патшалар мөрсіз хатты оқымайды» деген сөз айтылғанға дейін мөр қолданбады. Бір әйел келіп баласының ұста екендігін, егер қаласа жұмада уағыз айтатын мінбер жасап беретінін айтқанға дейін құрма ағашының түбіртегіне сүйеніп құтпа оқыды. Яғни бұлар уақыт пен ортаның шарттарына қарай өзгеретін істер қатарына жатады. Сахабалардың кезінде де өзгерістер болып отырды. Табиғиндардың фиқһшыларының өзі сахабалардың кезінде болмаған жаңа шариғи жаза үкімдерін шығарды. Бұхтари айтады: «Шурайхқа (хазіреті Омардың кезінен бастап ұзақ жыл қазылық атқарған атақты табиғин) барып оған: – Мына шығарған жаңалығың не? – дедім. – Адамдар жаңа мәселелер шығаруда, мен де жаңаша шешім қабылдадым, – деді. ...Олай болса сұраққа берілген бірінші жауаптың бос, сәләф дәуіріндегі өмір шындығына сай ешбір мағынасы, тарапы жоқ екендігі анықталады. Себебі олардың өздері жеке сөздерінде дәлме-дәл қатып қалған жоқ. Іс-әрекеттері мен әдет-ғұрыптарында да сыртқы көрініске жабысып, одан тайқымауға шақырған жоқ. Керісінше, олардың өмірінде мұның терісін көреміз. Ендеше, олардың өзі істемеген істі қалай үлгі тұтамыз? Сондықтан, біреу бірінші жауаптағы айтылғандай «еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, іс-әрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстанса», оның қателікке түсетіндігі белгілі болды.

Екінші жауап: Бізге былай деуі: «Бұл жамағаттың құрамына кіріп, оларға ұқсаудың шарты – сәләфус-салихиннің Құран мен сүннет мәтіндерін талдау және одан үкім шығару және ижтихад жасау қағидаларын бекіту үшін жинақтап, реттеп кеткен ғылыми әдістемелік жолдарын анықтау. Одан кейін Құран мен хадисті түсіну барысында және шариғи үкімдердің тұрақтысы мен дамып отыратынын ажырату кезінде осы жолды мықтап ұстану. (Яғни жеке іс-әрекеттерін емес, шариғатты түсіну жолдарын үйреніп, ұстану)».

Бұған біздің айтарымыз: «Алайда сәләф болсын, басқа болсын мұсылман жамағаттарының ішінде ешбір жамағатта мұндай ғылыми-әдістемелік жолдың жамағатқа кірудің шарты ретінде немесе ол жамағатты өзгелерден ерекшелейтін белгі ретінде рөл атқарғанын көрмейміз. (Себебі бүгінгі төрт мәзһабтың барлығы осы ғылыми-әдістемелік жолға негізделіп құрылған)». Бір жағынан, сәләф дәуірінің алғашқы кезеңінде мұндай әдістемелік жолдың болғандығы айтылмайды. Терминдердің қалыптасуын зерттеу саласында да, шариғи ғылымдардың жүйеленуін қарастыратын салада да ондай мәлімет кездеспейді. Мұндай ғылымиәдістемелік жолдың орнына оларда Құран мен сүннетті түсініп, талқылауға жарамды таза табиғи арабшаны меңгеру қасиеті ғана болды. Шариғи үкімдер мен қағидаларды белгілеуде жалғыз сүйеніш сол болды.

Ал табиғиндер дәуірі «хадис мектебі» мен «рәй мектебінің» басшылары арасындағы ижтихади пікірталас майданына куә болды. Егер ол кезде аталмыш ғылыми-әдістемелік жол болғанда сондай түсініспеушілік туындамас еді. Бір қызығы, жоғарыдағы екі мектеп те бүгінгі (өзге мұсылмандардан ғылыми, фиқһи және идеологилық тұрғыдан ерекшеленетін) сәләфия ағымының құрылымында басты рөл атқаратын сәләф дәуірінің нақ өзегін қамтиды. Сол дәуірдің өзінде осындай көзқарас айырмашылықтары болып жатса, онда барлық мұсылманды менің айтқаныммен жүр деп бір пікірге ғана мәжбүрлейтін бүгінгі сәләфияның қай жолды ұстанғаны? Мұндай ғылыми-әдістемелік жол қашан пайда болды? Енді соған келейік. Имам Шафий бастаған сол заманның мүжтаһид имамдары Құран мен сүннет мәтіндерін тәпсірлеу ережесін және ижтихад негіздерін бекіту ісін бастады. Бұл жолда олар жәһилия дәуірі мен Исламның бас кезіндегі арабтар қолданған таза арабша түсінігін үлгі етіп алды. Осы кезде ғана барлық мұсылмандар үшін ижтиһади пікрлерді таразылайтын Құран мен сүннетке тәуелді араб тілі ережелері дайын халге келді. Ал бұл уақыт сәләфус-салихиннің соңғы кезеңі еді. Осы ереже – ижтихад талаптарына сай жасалған тұжырымдар мен дүниелік мақсат үшін Құран мен хадисті бұрмалау арқылы туындаған шариғатқа қайшы пікірлердің арасын ажыратып тұрады. Бұл ережелер сол заманнан бастап барлық мұсылмандар үшін барлық жерде ортақ жол ретінде қабылданды. Хәләфтан бөлек сәләфқа немесе жекелеген топқа тән емес. (Осы орайда, фиқһ мәзһабтары осы ережелер аясында құрылғандықтан жоғары құндылыққа ие екендігін айта кеткен жөн. Сондықтан уақыттың өтуі мен ортаның өзгеруіне қатысты туындайтын қиыншылықтарда осы ережелер аясында өміршеңдігін жалғастыра береді.) Яғни шариғи ғылымдарда зерттеу жасайтын адам осы ережелерден біреуіне бағынбаса, дінге жеңіл қарап, ойынға айналдырған болып саналады. Тіпті бұл оның Исламнан шыққанын көрсетеді. Дәл осыған керісінше, кімде-кім шариғи ізденісін осы ережелерге негіздесе, сол нағыз Құран мен Сүнетті ұстанушы, пайғамбарымыз өсиет еткен қауымға еруші деген сөз.

Қай заманда өмір сүрсе де бәрібір. Өздерін «сәләфия» деп атайтын жамағат оны дұрыс деп қабылдаса да, қабылдамай жолдан таюшы деп қараса да ешнәрсе өзгермейді. Осы ережелердің шегінен шықпай ижтихад жасаушы адам өзі тоқтаған пікірін дұрыс деп есептеуге құқылы. Бірақ сол мәселедегі басқа пікірлерді қабыл етушілерді адасушы, хақ жолдан таюшы деп тануға хақысы жоқ. Қорыта айтар болсақ, бүгінгі «сәләфия» жолының ешбір ғылыми мазмұны да, мұсылман жамағатына сәйкесетін тұсы да жоқ. Бұл сөзіміздің тағы бір айғағы – олардың өздері «сәләфия» сөзін Аллаға және пайғамбарына иман келтірген, Исламның қайнар көзі Құран мен сүннетті шынай түрде ұстанған мұсылмандардан өздерін ажыратып тұратын белгі, ерекше сипат ретінде қолдануда.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: