10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Сәләфимін» деп арнайы жамағатқа кіру қаншалықты дұрыс?

«Сәләфимін» деп арнайы жамағатқа кіру қаншалықты дұрыс?

Ақида
Жарнама

Егер «сәләф» сөзінің сөздік мағынасына келер болсақ «алдыңғы, бұрынғы» деген мағынаны білдіреді. Уақыт ағымына қарай әрбір өткен шақ кейінгілер үшін «сәләф» деп аталады. Алайда бұл сөз Ислам дінінде тұрақты, әрі арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды.

Діни әдебиетте Ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезеңді білдіреді. Ол кезең Ислам үмметінің Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейінгі алғашқы үш буынының дәуірі еді. Себебі Бухари мен Муслимде Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адамдардың ең абзалы менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі  жүретін қауымдар келеді» – деген. Осы үш буынның абзалырақ болуының себебіне үңілетін болсақ, олардың пайғамбарлық бұлағынан тікелей сусындап, пайғамбар (с.а.у.) тағылымына ең жақын болғандықтарын көреміз. Сахабалар Исламның сенім негіздерін және діни ұстанымдарды Пайғамбарымыздан (с.а.у.) тікелей үйренді. Ал табиғиндар (сахабаларды көрген мұсылмандар) пайғамбарлық нұрына сахабаларға еру, олардың насихаттарын естіп, тәлім-тәрбиелерін көру арқылы жетті. Әтбағут-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) болса, осы саф пікір мен Ислами табиғаттың бұзылмай сақталуының соңғы кезеңінде еді. Осы кезеңнен бастап әр түрлі дінге жат әрекеттер (бидғат) жайыла бастады. Дегенмен осы үш буынның қайырлы болып көрсетілуі бізге бұдан басқа нені меңзейді? Осы сұрақ төңірегінде ой өрбітсек.

Бұл – бізге солардың ізімен жүруімізді, солардың ұстаным-қағидаларын үйреніп, сол қағидалар мен принциптерді ұстануымызды меңзейді. Арасын ажыратып түсіну керек бір жәйт бар. Алғашқы үш буынға (сәләфуссалихинге) еру – олардың ауызынан шыққан әрбір сөзді дәлме-дәл орындау немесе олар істеген әрбір істі айнақатесіз қайталау арқылы болмайды. Себебі олардың өзі бұлай істеген жоқ. Жекелеген әрекеттерді ешқашан өзгермес заңдылық деп қабылдамады. Оларға еру – олардың Құран мен хадисті түсіндіріп талдаудағы және шариғи үкімдер мен негіздерде белгілеген қағидаларын ұстану арқылы болады. Бұл қағидаларды ұстану олардан кейінгі ғасырларда келетін барлық мұсылмандар үшін парыз. Бұл қағидалар уақыт айырмашылығына қарамай бүкіл мұсылман үмметінің арасын біріктіріп тұратын ортақ ғылыми әдістемелік жол.

Олай болса, сәләф сөзіне сүйеніп Ислам шариғаты мен түсінігіне жат, жаңа ұғым қалыптастыру үлкен қателік. Бүгінгі күні «сәләфия» ұғымы мұсылмандардың арасында арнайы ерекшеліктерге ие ағымның атауы болды. Олар өздеріне осы атаудан белгілі ұғым жасап алды. Сол арқылы өзіндік пәлсапаға сүйенеді. Өкінішке орай, онсыз да аз болмай тұрған Ислам жамағаттарының тізіміне «сәләфия» атымен жаңа бір жамағат қосылды. Олар өздерінің өзгеше болмыстарымен, психологиялық ерекшеліктерімен мұсылмандардың арасында ерекшеленуде. Бұл жаңа ұғымның бүгінгі сипатта пайда болуы дінге жаңадан енген бидғат екендігін айтудың ақиқатқа еш қайшылығы бола қоймас. Сонымен қатар, «сәләфия» сөзінің де Ислам тарихына жат екендігінде күмән жоқ. Себебі сол алғашқы буын «сәләфтардың» өзі де, олардың жолын ұстаған кейінгі ұрпақ та бұл ұғымды білген жоқ. Алғашқы буын өкілдері «сәләфия» сөзін өздерінің жеке бастарын ерекшелеу үшін қолданған емес. Оларға тән идеология немесе әлеуметтік ерекшеліктерді де білдірмеді. Бұл сөз – өздері мен өздерінен кейін келетін буын арасын айыратын кедергі ретінде де рөл ойнамады. Керісінше, олардың ұстанған қағидаларының аясында өздері мен кейінгі келген қауым арасында соншалықты үйлесімділік, мұрагерлік алыс-берісі толық орнағанын көреміз. Мынау сәләфтің жолы, мынау халафтың жолы деп, кейінірек әлдебір мұсылман жамағаты олардың арасын бөлетіндігін, араларына тосқауыл қоятындығын олардың ешбірі ойламаған болар. Шындығына келгенде, олар үшін «сәләф-хәләф» сөзі уақыт өлшемінде қолданылатын «бұрынғы-кейінгі» дегеннен басқа ештеңе білдірген емес.

Енді бүгінгі сәләфилік жайына тоқталайық. Олар өздерін сәләфус-салихиннің жолын жеке-дара өздері ғана ұстанушы етіп көрсетуде. Оларға ерсең ақиқатты табасың, ермесең адасқаның дейді. Енді мұның қаншалықты жөн сөз екенін қалай ажыратамыз? Ол үшін бірінші бұл жолдың ұстанымын анықтауымыз керек болады. Сондықтан олардың сәләфус-салихинге қатыстылығы, сәйкестігі қаншалықты екендігін білу үшін мына сұрақты қоямыз «Біз осы «сәләфия» деген жамағатқа кіріп, оған мүше болғымыз келеді. Біз соның жолымен жүріп, мүшелігіне енуіміз үшін қандай шарттар бар?» Мұның екі түрлі ғана жауабы бар, үшінші жауап болудың еш қисыны жоқ. Егер осы екеуінен басқа жауап берілсе, еш қиындықсыз олардың сәләфуссалихинге қатысы жоқ екендігін біле аламыз. Ал, біздер үшін талқылауға тұрарлық екі жауапты төменде бірге қарастыратын боламыз.

Бірінші жауап: «Мұның шарты – еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, ісәрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстану». Бірақ біз бұл жауапты қостай алмаймыз. Себебі бұрынғы сәләф қауымы өздерінен тараған сөзді, ісәрекетті соншалықты өзгермейтін заңдылық деп қарамайтын. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) және сахабалардың әдет-ғұрып пен өмір жағдайларының өзгеруіне байланысты күнделікті іс-әрекеттерін өзгерткендігіне мысалдар көптеп кездеседі. Мәселен, Меккеде мұсылмандардың әдет-ғұрпы Мәдинадағыдан өзгеше еді. Киім, баспана және басқа да қажеттіліктерде ешқандай қиындықсыз өзгерістер жасады.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі «патшалар мөрсіз хатты оқымайды» деген сөз айтылғанға дейін мөр қолданбады. Бір әйел келіп баласының ұста екендігін, егер қаласа жұмада уағыз айтатын мінбер жасап беретінін айтқанға дейін құрма ағашының түбіртегіне сүйеніп құтпа оқыды. Яғни бұлар уақыт пен ортаның шарттарына қарай өзгеретін істер қатарына жатады. Сахабалардың кезінде де өзгерістер болып отырды. Табиғиндардың фиқһшыларының өзі сахабалардың кезінде болмаған жаңа шариғи жаза үкімдерін шығарды. Бұхтари айтады: «Шурайхқа (хазіреті Омардың кезінен бастап ұзақ жыл қазылық атқарған атақты табиғин) барып оған: – Мына шығарған жаңалығың не? – дедім. – Адамдар жаңа мәселелер шығаруда, мен де жаңаша шешім қабылдадым, – деді. ...Олай болса сұраққа берілген бірінші жауаптың бос, сәләф дәуіріндегі өмір шындығына сай ешбір мағынасы, тарапы жоқ екендігі анықталады. Себебі олардың өздері жеке сөздерінде дәлме-дәл қатып қалған жоқ. Іс-әрекеттері мен әдет-ғұрыптарында да сыртқы көрініске жабысып, одан тайқымауға шақырған жоқ. Керісінше, олардың өмірінде мұның терісін көреміз. Ендеше, олардың өзі істемеген істі қалай үлгі тұтамыз? Сондықтан, біреу бірінші жауаптағы айтылғандай «еш өзгеріссіз, кемшіліксіз, қоспасыз сол сәләф қауымының сөздерін, іс-әрекеттерін, әдет-ғұрыптарын ұстанса», оның қателікке түсетіндігі белгілі болды.

Екінші жауап: Бізге былай деуі: «Бұл жамағаттың құрамына кіріп, оларға ұқсаудың шарты – сәләфус-салихиннің Құран мен сүннет мәтіндерін талдау және одан үкім шығару және ижтихад жасау қағидаларын бекіту үшін жинақтап, реттеп кеткен ғылыми әдістемелік жолдарын анықтау. Одан кейін Құран мен хадисті түсіну барысында және шариғи үкімдердің тұрақтысы мен дамып отыратынын ажырату кезінде осы жолды мықтап ұстану. (Яғни жеке іс-әрекеттерін емес, шариғатты түсіну жолдарын үйреніп, ұстану)».

Бұған біздің айтарымыз: «Алайда сәләф болсын, басқа болсын мұсылман жамағаттарының ішінде ешбір жамағатта мұндай ғылыми-әдістемелік жолдың жамағатқа кірудің шарты ретінде немесе ол жамағатты өзгелерден ерекшелейтін белгі ретінде рөл атқарғанын көрмейміз. (Себебі бүгінгі төрт мәзһабтың барлығы осы ғылыми-әдістемелік жолға негізделіп құрылған)». Бір жағынан, сәләф дәуірінің алғашқы кезеңінде мұндай әдістемелік жолдың болғандығы айтылмайды. Терминдердің қалыптасуын зерттеу саласында да, шариғи ғылымдардың жүйеленуін қарастыратын салада да ондай мәлімет кездеспейді. Мұндай ғылымиәдістемелік жолдың орнына оларда Құран мен сүннетті түсініп, талқылауға жарамды таза табиғи арабшаны меңгеру қасиеті ғана болды. Шариғи үкімдер мен қағидаларды белгілеуде жалғыз сүйеніш сол болды. Ал табиғиндер дәуірі «хадис мектебі» мен «рәй мектебінің» басшылары арасындағы ижтихади пікірталас майданына куә болды. Егер ол кезде аталмыш ғылыми-әдістемелік жол болғанда сондай түсініспеушілік туындамас еді. Бір қызығы, жоғарыдағы екі мектеп те бүгінгі (өзге мұсылмандардан ғылыми, фиқһи және идеологилық тұрғыдан ерекшеленетін) сәләфия ағымының құрылымында басты рөл атқаратын сәләф дәуірінің нақ өзегін қамтиды. Сол дәуірдің өзінде осындай көзқарас айырмашылықтары болып жатса, онда барлық мұсылманды менің айтқаныммен жүр деп бір пікірге ғана мәжбүрлейтін бүгінгі сәләфияның қай жолды ұстанғаны? Мұндай ғылыми-әдістемелік жол қашан пайда болды? Енді соған келейік.

Имам Шафий бастаған сол заманның мүжтаһид имамдары Құран мен сүннет мәтіндерін тәпсірлеу ережесін және ижтихад негіздерін бекіту ісін бастады. Бұл жолда олар жәһилия дәуірі мен Исламның бас кезіндегі арабтар қолданған таза арабша түсінігін үлгі етіп алды. Осы кезде ғана барлық мұсылмандар үшін ижтиһади пікрлерді таразылайтын Құран мен сүннетке тәуелді араб тілі ережелері дайын халге келді. Ал бұл уақыт сәләфус-салихиннің соңғы кезеңі еді. Осы ереже – ижтихад талаптарына сай жасалған тұжырымдар мен дүниелік мақсат үшін Құран мен хадисті бұрмалау арқылы туындаған шариғатқа қайшы пікірлердің арасын ажыратып тұрады. Бұл ережелер сол заманнан бастап барлық мұсылмандар үшін барлық жерде ортақ жол ретінде қабылданды. Хәләфтан бөлек сәләфқа немесе жекелеген топқа тән емес. (Осы орайда, фиқһ мәзһабтары осы ережелер аясында құрылғандықтан жоғары құндылыққа ие екендігін айта кеткен жөн. Сондықтан уақыттың өтуі мен ортаның өзгеруіне қатысты туындайтын қиыншылықтарда осы ережелер аясында өміршеңдігін жалғастыра береді.) Яғни шариғи ғылымдарда зерттеу жасайтын адам осы ережелерден біреуіне бағынбаса, дінге жеңіл қарап, ойынға айналдырған болып саналады. Тіпті бұл оның Исламнан шыққанын көрсетеді. Дәл осыған керісінше, кімде-кім шариғи ізденісін осы ережелерге негіздесе, сол нағыз Құран мен Сүнетті ұстанушы, пайғамбарымыз өсиет еткен қауымға еруші деген сөз. Қай заманда өмір сүрсе де бәрібір. Өздерін «сәләфия» деп атайтын жамағат оны дұрыс деп қабылдаса да, қабылдамай жолдан таюшы деп қараса да ешнәрсе өзгермейді. Осы ережелердің шегінен шықпай ижтихад жасаушы адам өзі тоқтаған пікірін дұрыс деп есептеуге құқылы. Бірақ сол мәселедегі басқа пікірлерді қабыл етушілерді адасушы, хақ жолдан таюшы деп тануға хақысы жоқ. Қорыта айтар болсақ, бүгінгі «сәләфия» жолының ешбір ғылыми мазмұны да, мұсылман жамағатына сәйкесетін тұсы да жоқ. Бұл сөзіміздің тағы бір айғағы – олардың өздері «сәләфия» сөзін Аллаға және пайғамбарына иман келтірген, Исламның қайнар көзі Құран мен сүннетті шынай түрде ұстанған мұсылмандардан өздерін ажыратып тұратын белгі, ерекше сипат ретінде қолдануда.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: