26
Жұма,
Сәуір

һижри

Фиқһтағы мәзһабтар – ауызбіршіліктің рәмізі

Фиқһтағы мәзһабтар – ауызбіршіліктің рәмізі

Ақида
Жарнама

«Мәзһаб» сөзі араб тілінде: «жүретін жол» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы мағынасы «қандайда діни мәселеде, сұрақ бойынша белгілі мужтаһид ғалымның пәтуа шығару жолы».

Сахабалар және табиғиндер дәуірінде мәзһабтар өте көп болған. Осылайша уақыт өтуменен олардың арасында төрт үлкен: Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали мәзһабтары қалды. Бұл айтылған мәзһабтардың  әлемге келуінің негізгі ұстанымы – бұлар қалған мәзһабтардың ілімдерін һәм айғақ құжаттарын зеріттеп шығып, өз дәлелдеріне қосып алған.

Бұл жайында ғалым Ибн Ражаб (795-1395) өзінің «Төрт мәзһабтан басқаға ергендерге жауап» еңбегінде мына сөздерді айтқан: «Көптеген мәзһабтар арасынан ерекшеленіп төрт мәзһабтың сақталып қалуы, құдды бір Құран Кәрімнің жеті қырағатының ішінен тек қана біреуі қалғанға ұқсайды. Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Құран жеті түрлі оқу жолымен түскен. Кейінірек ислам діні бүкіл әлемге кең жайылып, мұсылмандардың саны арта түсті. Осы тұста қырағаттар арасында да кейбір қарама – қайшылықтар шығып отырды, Оспан ибн Аффан (р.а) жеті қырағаттың ішінен бір қырағатты таңдап, Құранды сонымен жазғызды. Нәтижесінде бүгінде жер жүзіндегі мұсылмандар Құранды бір кітаптан, яғни Оспан ибн Аффан (р.а) басшылығымен жазылған кітаптан оқитын болды. Демек көптеген мәзһабтар арасынан төрт мәзһабтың сақталып қалуы, ғасырлар бойы адамдарды түрлі қиыншылықтардан және қарама – қайшылықтардан сақтап келуінде, осы төрт мәзһаб оразан зор қызметке ие болды».

Жоғарыда айтылған төрт мәзһабтың дұрыстығы және ақиқатта екендігі жайлы, барша мұсылман үмбеті бірауздан (ижмағ)  мақұлдаған. Дәлел ретінде төмендегі ғалымдардың сөздерін келтіреміз:

Ғалым Ибн Ражаб (р.а) «Төрт мазхабтан басқаға ергендерге жауап» еңбегінде: «Алла Тағала шариғатты сақтау және дінді бекем қылу үшін, Өз хикметімен адамдар ішінен төрт жеңімпаз имамдарды шығарып берді. Олардың ілім саласында жеткен жетістіктері, шығарған пәтуалары және үкімдері ақиқатқа өте жақын екендігін барша ғұламалар бір ауыздан мойындаған. Қазіргі күнде шығатын пәтуалар осы ғалымдардың үкімдері арқылы шығатын болды. Бұл нәрсе мұсылмандар үшін Алланың мейрімділігі және рақымы болды».

Ғалымдарымыз мәзһаб имамдарын және олардың шығарған үкімдерін мынандай мысылмен түсіндірген: «Алланың разылығына кенел

,у, жәннаттық болу құдды бір таудың басына шығудай болса, мәзһаб имамдары – Құран, хадис және осыларға ұқсас дәлелдерді пайдаланып, тау басына шығуды ең жеңіл және оңай жолды тауып, барар жолды белгілеп оңайластырған адамдарға ұқсайды. Тау басына шығушылар жоғарыда айтылған төрт имам көрсеткен жолдың бірін таңдаса, оңай түрде қиналмай мақсатына жетеді».

Имам Бадруддин Заркаши «Бахрул мухит» кітабында: «Мұсылмандар келіскен төрт мәзһаб хақ және одан басқасына ілесуге рұқсат жоқ».

Имам Али ибн Абдулла Самхудий «Иқдул фарид фи ахкамит – тақлид» еңбегінде: «Біліңіздер! Осы төрт мәзһабтың бірін ұстанған жанға көптеген пайдалар бар. Олардан бас тарту, үлкен адасушылық пен қарама-қайшылыққа жол ашу бар. Бір мазхабпен жүрудің пайдасы – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқан хадиске амал еткен болып табыласыз:

فَإِذَا رَأَيْتُمُ اخْتِلَافًا فَعَلَيْكُمْ بِالسَّوَادِ الْأَعْظَمِ

«Егер қарама – қайшылықты көрсеңіз (ихтиләф), өзіңізге көпшілік жақты ләзім тұтыңыз», (Имам Ибн Мәжә риуаяты).»

Көптеген мәзһабтардың ішінен осы төртеуі ғана қалды. Демек осы төрт мәзһабқа ілесу хадисте айтылғандай көпшілікке еру болып табылады.

Ғалым Зафар Ахмад Усманий (р.а) өзінің «Иълаус – сунан» еңбегінде: «Төрт мәзһаб иелері ақиқатта және дұрыс жолда. Бір елде олардың қайсы бірінің мәзһабы жайылса, оның ғалымдары және кітаптары көп болса, ижтихад дәрежесіне жетпеген кісі (аят пен хадистен өзі жеке үкім шығаруға күші жетпеген кісі) үшін сол мәзһабқа ілесу уәжіп болады. Өз елінде кең жайылмаған және ғалымдары көп болмаған мәзһабқа ілесу дұрыс емес. Өйткені бұндай жағдайда кең жайылмаған мәзһабтың бүкіл үкімдерін үйрену мүмкін емес. Осыны жақсылап біліп алуымыз керек. Ақиқат осы төрт мәзһабтың басқасында емес Иншалла».

Жоғарыдағы айтылғандарды қорытатын болсақ, еліміз Қазақстанда тек қана Имам Ағзам Әбу Ханифаның (рахматуллаһи алейһи) мәзһабына амал ету ләзім екені белгілі болуда. Аллаға мақтау болсын қанша ғасыр бойы ата-бабаларымыз Әбу Ханифа мазхабына ілесіп, тура жолдан адасапай  келген.

Танымал хадисші Шафиғи мәзһабын ұстанатын Ибн Хажар Асқаланий «Мажмаъул муассас фил муъжамил муфахрас» еңбегінде: «Ханафи мәзһабында біздің мәзһабымызда кездеспейтін өте күшті мәнге ие қағидалар бар» - деген. Қазіргі таңда дүние мұсылмандарының жартысынан көбі Ханафи мәзһабына амал етіп келеді.

Бүкіл әлем мұсылмандары ілесіп келген мужтахид ғалымдарды, бүгінгі күнде кейбір отандастарымыз «Мен Құран мен хадистен өзім үкім шығарып аламын» деп, үлкен қателік жасауда. Үлкен қателіктерінің бірі – олар мәзһабтың не екенін, оны кімдер қалыптастырғанын білмеу, яғни білімсіздіктері.

Біз Әһлу Сүннет уәл жамағат иелері төрт мәзһабтың бәрін құрметтейміз. «Усулул фиқһ» кітаптарында жазылғандай, олардың біреуіне тақлид қыламыз, яғни ілесеміз.

Имам Ағзам (р.а) Хижри 80 ж. дүниеге келген.

Имам Малик (р.а) Хижри 93 ж. дүниеге келген.

Имам Шафиғи (р.а) Хижри 150 ж. дүниеге келген.

Имам Ахмад (р.а) Хижри 164 ж. дүниеге келген.

Алла Тағала баршамызды ата-бабаларымыздың мәзһабы болған Имам Ағзамның (р.а) жолын ұстап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қарама-қайшылықтарға түспей, өзара тату – тәтті өмір сүруді нәсіп етсін!

Әділхан Оразов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: