22
Жұма,
Қараша

һижри

Пенденің сенім тұрғысынан болатын дәрежелері

Ақида
Жарнама

Құранда Жаратушыға иман ету мен иман келтірмеу тұрғысынан адамдардың діни дәрежесі әр түрлі болатындығы анық түрде баян етілген. Сондықтан біз де бұл жерде сенім тұрғысынан адамдардың ислам діні бойынша, қалай аталатындығын аят пен хадис аясында қарастыра отырып, олардың діни дәрежелеріне қысқаша анықтама берейік.

 

  1. Мүмин

Аллаға, Оның Елшісіне (с.ғ.с) және ислам дінінің әкелген барлық діни үкімдеріне күмәнсіз, сенімді түрде иман етіп, ислам дінінен басқа дінді қабыл етпеген кісіге мумин, не мұсылман дейміз. Жүрегінде иманы болып дүниеден өткен момын пенделерге Алла о дүниеде сый ретінде жәннәттан орын беретіндігін көптеген аятта айтып өтеді. Мумин пенделер көзге көрінбеген, көрмеген, адам қиялынан тыс болған нәрселерге сенетіндігімен айқындалады.

 Мумин пенделердің барар жері жайында аятта былай дейді: «Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендер үшін Фир- даус жәннәты қонақ үй болады. Олар онда мәңгі қалады да өздері одан ауысуды қаламайды» (18.Кәһф-107).

Муминдер Аллақа және дінге шынайы сенгендіктері үшін еш күмәнсыз ақыретте астынан өзендер аққан Алланың суреттеуге тіл жетпес жәннәтына барады. Себебі, бұл Алланың муминдерге берген уәдесі екендігі мына аятта: «Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлары бар. Бұл Алланың уәдесі. Алла уәдесінен таймайды» (39.Зумәр-20) – деп бекітіледі.

  1. Кәпір және күпірліктің түрлері

Аллаға және пайғамбарларына сенбеген, діннің әмірі мен тыйымдарына қарсы келген, жаратылыс ақиқатын мойындамаған кісіге «қабыл етпеуші, қарсы келуші, жоққа шығарушы» деген ұғымдарға келетін «кафир» (кәпір) атауын береді. Күпірлік тек Аллаға, пайғамбарына сенбеу ғана емес, діни үкімдердің қандай да біреуіне қарсы келумен де орындалады. Адамзат тарихындағы Алланың бар және бір екендігіне сенбеуші, пайғамбардың хақ екендігін қабыл етпеуші «материалист» немесе «атеист» жандар діни тұрғыдан алғанда кәпір болып есептеледі. Құран Кәрім кәпірлер жайында өте көп сөз қозғайды. Құранда Аллаға сенбеушілер, Оған қарсы келушілер туралы айтылмаған сүрелер кемде‑кем десек артық айтқандай болмаспыз.

Алла Тағала өзіне сенбеген яки қарсы келген пенделерге ақыреттегі азабын баян ете келіп, олардың жан түршігерлік азапқа душар болатындығын аяттарында нақты айтады. Кәпірлер жайында айтылған кейбір аяттарды келтірер болсақ:

«Расында сондай қарсы келгендер және қарсы болған күйде өлгендер, міне соларға Алланың лағынеті әрі періштелердің және барша адамдардың лағынеті болады» (2.Бақара-161).

«Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-56).

«Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өздерін жоғары көргендерге көктің есіктері ашылмайды. Олар түйе иненің көзінен өткенге дейін жұмаққа кірмейді. Күнәһарларды осылай жазаландырамыз. Оларға оттан төсек және үстерінде жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз» (7.Ағраф, 40 – 41).

«Әй, пайғамбар! Кәпірлермен және мунафиқтармен күрес. Оларға қатаң бол. Олардың орны тозақ, қайтып барар орны қандай жаман» (9.Тәубе-73).

«Сөзсіз күнәһарлар тозақтың азабында мәңгі қалады. Олардың азабы жеңілдетілмейді де, олар онда күдер үзген түрде қалады» (43.Зухруф, 74-75).

Пайғамбарымыздың да өмір бойы Алла Тағалаға сенбеушілермен күресіп келгендігі мәлім. Бірақ, Алла дінсіздерге үгіт-насихат дарымайтындығын айтып, олар үшін қайғырмауды мына бір аятпен түсіндіріп өтеді: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрібір. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар» (2.Бақара, 6 – 7).

Оқырмандарымыз бұл жерде: «Аллаға иман етпегенімен мұсылмандардан да жақсы мәміле жасаған, қолынан келген жақсылығын аямаған басқа дінде де адамдар баршылық, бұлардың жасаған жақсылығы ақыретте есептеле ме, әлде олар да кәпірлер секілді азапқа ұшырай ма? Азап шегетін болса жазығы не?» деген сауал қоюлары мүмкін.

Бұл сұраққа төмендегіше жауап беруге болады:

Біріншіден: Аллаға және иман негіздеріне иман етпегендігі үшін олардың жасаған жақсы амалдары ақыретте өздеріне ешқандай пайдасы болмайтындығы мына аяттан белгілі болып тұр: «Негізінен қарсы келіп, кәпір күйінде өлгендер олардың әрбіреуі жер беті тола алтын төлесе де әсте қабыл етілмейді. Міне солар үшін күйзелтуші азап бар. Сондай-ақ оларға ешбір жәрдем жоқ» (3.Али Имран-91).

Екіншіден: Әлгіндей кісілер Әбу Тәлібтің Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) жасаған жақсылығындай жақсылық жасамаған болар? Әбу Тәліб Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) пана болып, ислам дінінің қуат алуына едәуір көмек көрсеткенімен бұл дүниеден имансыз кетті. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол кісіге өлер алдында қаншама рет жалбарынды:

- Уа, көкешім! Өлместен бұрын кәлимә шахадат айтшы. Ертең ақыретте Алла Тағаланың алдында сенің мұсылмандығыңа куәлік етейін,- деді.

Сонда Әбу Тәліб:

- Мен ата-бабаларымның ұстанған дінімен өлемін. Егер мен сенің дініңді қазір қабыл етсем, Құрайыштар мен өлген соң Әбу Тәліб өлімнен қорыққандықтан, Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін қабылдады деп, сөз айтатындығын білемін, - деп иман етпеген еді. (Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Дамира Өмірзаққызы Ибрагим, Адамзаттың асыл тәжі, 226-228-бет)

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) иман етпестен дүниеден өткен көкесі үшін Алладан истиғфар тілеп, дұға еткенде мына аят түседі: «(Мұхаммед с.а.у.) расын- да жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады. Сондай-ақ Ол тура жол табатындарды жақсы біледі» (28. Қасас-56). Артынан мына аят тағы түседі: «Пайғамбарға және муминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да мүшриктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды» (9.Тәубе-113). Бұл аят қаншама жақсылық жасаған, 8 жасынан бастап, 50 жасына дейін мүшриктерден қорғап өткен Әбу Тәлібтің тозақтық екендігін білдіреді. Олай болса иман етпеген соң, салих амалдың ешқандай пайдасы жоқ екендігін ұмытпайық.

Күпірлік ету де өз кезеңінде кейбір себептермен болып жатады. Соған байланысты күпірдің мынадай түрлері болады:

а) Куфр инкари (түбегейлі қабыл етпеу)

 Қандай да бір кісінің Алланың бар екендігін, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) хақ пайғамбар екендігін және Алладан әкелген діні мен діни үкімдерді түбегейлі қабыл етпеуі ‑ «куфр инкари» болады. Ондай кісілер жайында Құран былай дейді: «Расында қарсы болғандарды үгіттесең де, үгіттемесең де бәрібір. Олар иман етпейді» (2.Бақара-6).

б) Куфр жухуд (біле тұра қабыл етпеу)

Жүрегімен Алланың бар және бір екендігін қабыл етіп, тілімен, сенімін айтпай иман етуге ыңғай танытпаған адамның күпірлігін «куфр жухуд» дейміз. Мысалы, шайтаның күпірлігі мен Фирғауынның күпірлігі осыған жатады.

в) Куфр инади (қырсықтықтан туындаған күпірлік)

 Аллатың тәңірі екендігін жүрегімен біліп, бірақ Алланы тәңірі ретінде мойындауға келгенде шен-шекпен, лауазым, қызметінен айырылып қалудан қорқып, исламды дін, Алланы тәңірі ретінде қабылдамайтындығын айтқанға «куфр инади» дейміз. Мысалы, Әбу Тәлібтің Құрайыштардың «Әбу Тәліб өлімнен қорыққандықтан Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) дінін қабылдады» деп айтатын сөзі үшін иман етпеуі күпірліктің осы түріне жатады.

г) Куфр нифақ (екі жүзділіктен туындаған күпірлік)

Адам иман негіздеріне жүрегімен сенбестен, өтірік, сырт көзге жағыну мақсатында тілімен сенгендігін айтқанды «куфр нифақ» дейміз. Мунафиқтардың күпірлігі осыған жатады.

  1. Мүшрік және серік қосудың түрлері

Алла Тағаланың жалғыздығына, теңі мен ұқсасы жоқ екеніне қарамастан серік қосушы кісіні «мүшрік» деп атаймыз. Ширк пен күпір сөзі бір-біріне жақын ұғымдар болғанымен, мағыналары әр түрлі. Күпір дегеніміз - иман негіздеріне сенбеу, Аллаты тәңірі деп, Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбар деп қабыл етпеу болса, ширк - Аллаты екеу немесе бірнешеу деп қабылдау болып табылады. Алғашқысы Жаратушыны, Оның Елшісін қабылдамайды, соңғысы Аллақа серік қосады. Сондықтан, мүшрік те, кәпір де Аллатың азабына ұшырайтын қауым болып саналады.

Құранда кәпірлер және мүшріктер деп жеке-жеке тоқталып, екеуінің өздеріне тиесілі ақыреттік жазалары айтылады. Әсіресе, Аллатың өзіне серік қосуды ешқашан кешірмейтіндігі мына аятта баян етілген: «Негізінен Алла өзіне ортақ қосуды жарылқамайды. Одан басқа кімді қаласа жарылқайды. Ал кім Аллаға ортақ қосса, расында өте қатты адасты» (4.Ниса-116).

Алла Тағала біздерге серік қосудан аулақ тұруымызды, өзіне ғана құлшылық етуімізді, өзінен ғана жәрдем тілеуімізді бұйырады. Бұл жайында да көптеген аят бар. Мысалы: «Алламен бірге басқа тәңірді шақырма! Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Оның өзінен басқа барлық нәрсе жоқ болады. Үкім Оған тән. Сондай-ақ Оған қайтарыласыңдар» (28.Қасас-88).

«Аллаға бойұсынған түрде Одан қорқа отырып, намазды орындаңдар. Әрі ортақ қосушылардан болмаңдар» (30.Рум-31). (қосымша ретінде мына аяттарға қараңыз: 39.Зумәр, 65-66; 40.Ғафыр – 66; 41.Фуссилат – 37).

Аллақа серік қосудың да бірнеше түрлері болады:

а) Ширк истиқлал (екі құдай қабыл етумен серік қосу)

Алла Тағаланы жаратушы Ие деп қабыл еткенімен, екінші бір тәңірінің бар екендігін яғни әлемді екі құдай билейді деп, құдайды екеу етіп қабыл етушілерді - «ширк истиқлал» дейміз. Мысалы, Мәжусилер «Жақсылық құдайы», «Жамандық құдайы» деп екі құдайға сенеді. Себебі, әлемдегі зұлымдық атаулыны Алла жасамайды, оны жасаушы екінші бір Зұлымдық құдайы бар деп ұғынады.

б) Ширк тәбғид (Алла құдайлардан тұрады деп серік қосу)

Алла Тағаланың бір екендігіне сенгенімен, Алланы бірнеше құдайлардан тұрады дейтіндерді «ширк тәбғид» дейміз. Мысалы, Христиандар Алланың Жаратушы Ие екендігін қабыл еткенімен, үштік сенімге сенеді. Бұлай сенген адам Алла құзырында кәпір болады: «Расында Алла үштің үшіншісі дегендер кәпір болды. Бір тәңірден басқа тәңір жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап бар» (5.Маида-73).

в) Ширк тақриб (дәнекер қою арқылы серік қосу)

Әлемнің жаратушысы болған Алланың бір екендігін қабыл етумен қатар Аллаға жақындастырады деген сеніммен тастан, ағаштан немесе басқа да бір заттан жасалған пұтқа, мүсінге сиынуды - «ширки тақриб» дейміз. Мысалы, Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуіріндегі Меккелік мүшриктер пұтқа осындай сеніммен табынған. Олардың түсінігі бойынша, Алла әрқайсысымызға бір мезетте назар аудара алмайды, сондықтан Алла мен арамызды байланыстырушы пұт деп сенді. Бұл жайында Құран былай дейді: «Аллаға иланбай, басқаға табынғандар: «Оларға шоқынғанда, біз тек солар бізді Аллаға жақындастырсын деп шоқынамыз»,- дейді» (39.Зумәр-3).

г) Ширк тақлид (еліктеу арқылы серік қосу) Арнайы түрде тәңір ретінде таңдап алмаған, тек ата-бабаларынан бері келе жатқан әр түрлі затқа сиынуды – «ширк тақлид» деп айтады. Ата-баба жолын, дінін ұстаймыз деп пұттарға табынушылық осыған жатады. Құранда бұл мәселені былай деп келтіреді: «Осылайша сенен бұрын бір мемлекетке пайғамбар жіберген болсақ олардың беделділері: «Расында біз аталарымызды бір жол үстінде таптық. Біз де солардың ізінен жүреміз», - деді» (43.Зухруф23).

д) Ширк әсбаб (табиғат заңдылықтарын негізге алумен серік қосу)

 Әлемдегі әр түрлі заңдылықтардың Алла тарапынан жаратылмағандығын керісінше, өздігінен кездейсоқтық нәтижесінде жаратылғандығына сенгендерді - «ширк әсбаб» дейміз. Мысалы, материалист философтардың түсінігін осы бабтағы ширкке жатқызамыз.

  1. Мунафиқ (екі жүзділік)

Имансыз бола тұра, мұсылман секілді көріну үшін тілімен иман еткен кісіге «мунафиқ» дейді. Мунафиқ мұсылман ортасында мұсылман сияқты әрекет етіп, кәпірлердің ортасына барғанда күпірлігін жалғастыра береді. Олардың мақсаты сырт көзге мұсылман көрініп, мұсылмандарды іштей ыдырату, алауыздық тудыру, бүлік шығару. Мунафиқ есімі жер астында екі іні бар көртышқанға ұқсас. Көртышқан қауіп келгенде қалайша екінші інінен шығып кетсе, сол секілді мунафиқ та орны келгенде мұсылманмен бірге мұсылман болып, дінсіздерге қауышқанда исламға дұшпан болып шыға келеді. Мунафиқ жүрегіне әлі иман толық ұяламаған, іштен шыққан жау іспеттес. Мұндай екіжүзді имансыз кісілер адамдарды алдағанымен, бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы алдай алмайды. Кәпір мен мунафиқты қалай айырамыз деп сұрайтын болсаңыз: мұсылмандар арасындағы кәпір мен мунафиқтар күріш ішіндегі тас іспеттес. Күріш ішіндегі қара тастарды оңайлықпен көре алсақ, мұсылмандар ішіндегі кәпір кісілерді де дәл солай ажырата аламыз. Ал күріш ішіндегі ақ тасты оңайлықпен көре алмаймыз да, тамақ ішкен кезде тісімізді сындырған уақытта барып, ақ тасты шайнап жібергенімізді аңғарамыз. Міне, мұсылмандар ішіндегі мунафиқты да бір қарағанда тани алмағанымызбен, басқа іс түскенде оларды тез айыруға болады.

Пайғамбарымыздың Меккедегі алғашқы жылдарында мунафиқтар болмағанымен, олар Мәдина дәуірінде бірден көрініп қалады. Себебі, Мәдина мұсылмандардың билігіне өткендіктен имансыздар ислам дініне, билігіне қарсы шығуға күштері жетпестен лажсыздан мұсылман іспетті көрінуге тырысып, мунафиқтар (екіжүзділер) деген атпен жаңа дінсіздер тобы пайда болды. Олар пайда болған уақыттан бастап үнемі ыңғайлы, оңтайлы, сәтті тұстарды аңдумен өтті. Мақсаттары - мұсылмандар арасында күмән тудыру, бүлік шығару еді. Бәну Мусталиқ жорығында Хазіреті Айша (р.а) анамызға жала жауып, мұсылмандар арасында өсек таратқан мунафиқтар болатын. Бәдір мен Ұхуд соғысында мұсылмандарды тастап, шайқастан бас тартқанымен қоймай, мұсылмандардың жігерін, ықыласын тежеу үшін түрлі сөздер айтып, өздерінің қандай мақсатта өмір сүретіндігін айқын көрсетті.

Алла Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.) сол кезде кімдердің мунафиқ екендігін уахи арқылы білдіргенімен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) пәленше мунафиқ деп олардың ешбірін әшкере етпеген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларының ішінен сырласы Хазіреті Хузайфа ибн Яманға (р.а) кімдердің мунафиқ екендігін көзі тірісінде айтып кетеді. Ал Хузайфа (р.а) бұл сырды өлгенше ешкімге айтпады. Негізінен, Хазіреті Пайғамбар мунафиқтарды танығандықтан, олар өлсе, жаназасына бармайтын. Хузайфа (р.а) да өмірінде солай істеді. Бұл сырды білген Хазіреті Омар (р.а) бір жаназа шықса, алдымен Хазіреті Хузайфаға (р.а) қарайтын. Егер Хузайфа (р.а) жаназа намазын оқуға бармаса, Хазіреті Омар (р.а) да өлген кісінің мунафиқ екендігін біліп, жаназасын оқымайтын.

Алла Тағала мунафиқтардың қандай адам екендігін арнайы «Мунафиқун» сүресінде кеңінен баян етеді. Мунафиқ ақиқатында кәпір болғандықтан ақыретте тозақта мәңгілік қалады. Бұл ақиқат. Өйткені, мунафиқтар жайында Құранда: «Негізінен мунафиқтар тозақтың ең төменгі қабатында болады. Әрі оларға ешбір көмекші таба алмайсың» (4.Ниса-145) – делінеді.

«Шәксіз Алла мунафиқтар мен кәпірлерді бір тұтас тозаққа жинаушы» (4.Ниса-140).

«Мунафиқ ерлер мен әйелдер бір-біріне ұқсайды. Олар жамандыққа бұйырып, игіліктен тосады. Сондай-ақ олар сараңдық етеді. Олар Алланы ұмытқандықтан Алла та оларды ұмытты. Расында мунафиқтар фасық кісілер» (9.Тәубе-67).

«Мұхаммед (с.а.у.) мунафиқтарға өздеріне негізінен күйзелтуші азап бар екендігін сүйіншіле» (4.Ниса-138).

Хазіреті Пайғамбарымыз мына хадисімен мунафиқтардың бойынан табылатын басты ерекшеліктерін былайша атап көрсетеді: «Мунафиқтың белгісі үшеу: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәде берген кезде сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды» (Бухари, Иман – 31).

 Абдуллаһ ибн Амр ибн Астың риуаят етуі бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Мына төрт қылық кімде болса сол кісі мунафиқ болады: 1. Аманат етілгенде қиянат етеді; 2. Сөйлеген кезде, өтірік айтады; 3. Уәде берген кезде, уәдесінде тұрмайды; 4. Куәгер болғанда, жалтарады» (Риядус Салихин. 3 том, 1572 хадис.).

Олай болса, осы айтылған жаман қылықтардан бойымызды аулақ ұстағанымыз абзал.

  1. Муртәд (ислам дінінен басқа дінге өтуші)

Муртәд - ислам дінін қабыл етіп, мұсылман болғанымен кейіннен кейбір себептерге байланысты басқа бір дінге өткен кісі. Муртәд кісі шынайы дін болған ислам дінінен шыққан соң діни тұрғыдан қарағанда иман етпеген кісімен бірдей болып, істеген амалының бәрі ақыретте еш болады. Ислам дінінен басқа бір дінді іздеумен сол дінге кіру Алла құзырында қабыл болмай, ақыретте ондай пенденің тозақтық болатындығы жайында Құранда: «Алланың қасында шынайы дін Ислам» (3.Әли Имран-19), «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» (3.Әли Имран – 85) – деген аяттар бар.

 Исламды дін ретінде қабыл ете отырып, басқа дінге өту – дініміз бойынша, ең ауыр күнә. Оның жазасы осы дүниеде, әрі ақыретте беріледі. Діннен шыққандар жайында Құранда былай дейді: «Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние мен ақыретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады» (2.Бақара-217).

«Қиямет күні кей беттер ағарып, кей беттер қараяды. Сонда қара беттерге: Иман келтіргеннен кейін қарсы келдіңдер ме? Ендеше қарсы келулерің себепті азапты татыңдар делінеді» (3.Әли Имран-106).

«Әй, муминдер! Сендерден кім діннен шықса, Алла жедел бір қауым әкеледі. Алла оларды жақсы көреді, олар да Алланы жақсы көреді» (5.Майда-54).

 Муртәд кісі ислам заңдылығы мен тәртібі бойынша тәубе етіп, қайта дінге кіруге шақырылады. Бірнеше рет үгіт-насихат айтып, жасаған әрекетінің дұрыс еместігі үшін тәубеге келуге үгіттеледі. Егер тәубе етіп, қайта кәлимә шахадат келтірсе, әлбетте Алла оның тәубесін қабыл қылып, өткен күнәсін кешіреді. Себебі, Алла Құранда былай дейді: «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла күнәларыңды түгелдей жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді, - деп айт» (39.Зумәр-53).

«Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. Кімде-кім тәубе етіп, түзу іс істесе, рас ол Аллаға лайықты түрде қайтқан болады» (25.Фурқан, 70–71).

Діннен шыққан мұсылман кісі айтқан үгіт-насихатты тыңдамай, айтқанынан қайтпай, исламды шынайы дін деп есептемесе, әһли сүннет ғалымдары ондай кісіге исламның бұйырған «әс-сәләму алайкум уә рахматуллаһ» деген сәлемі берілмейді, сойған малының еті желінбейді, мұсылман әйелмен үйленуіне рұқсат етілмейді, мұсылман әке-шешесіне, туысына мирасқор бола алмайды, өлген кезде жаназасы шығарылмайды және мұсылман зиратына жерленбейді деп үкім берген.

  1. Фасық (күнәһар, бұзақы)

Фасық ‑ Алланың әмірлеріне қарсы әрекет ететін, күнәһар, жаман мінезді, жамандық жасауды әдетке айналдырған мұсылман кісі. Фиқһ іліміндегі фасық сөзінің терминдік мағынасы былай болып келеді: «Аллаға итағатты (мойынсұну) тәрк еткен және Оған қарсы келген, үлкен күнә істеуден тайынбаған, кіші күнә жасауды әдетке айналдырып, тура жолдан шыққан кісі фасық деп аталады». Шариғат үкімі бойынша фасық әрекеттің үш дәрежесі бар:

  1. Күнәнің жаман екендігін біле тұра, кейде күнә істеу.
  2. Бір күнәні әдейілеп жасау.
  3. Бір амалдың харам әрі күнә екендігін біле тұра күнә істеу.

Үшінші дәрежесі жасалған кезде адам кәпір болады. Фасық кісі мұндай дәрежеге келмейінше, әһли сүннет сенімі бойынша мұсылман деп аталады.

Құранда фасыққа байланысты аяттарда фасықтықтың, яғни күнәһарлықтың қандай жағдайларда болатындығы айтылады: «Хаж белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, хаж кезінде әйелге жақындасу, фасықтық (күнә) істеу және жанжал жоқ» (2.Бақара- 197).

 «Алланың аты айтылмай (бауыздалған мал) жемеңдер. Оны жеу күдіксіз фисқтық (арам) болады» (6.Әнғам-121).

«Фасық» атауы күнә жасаушы мұсылман пендеге берілген есім болғанымен, кейде күпірлікпен бірдей мағынаға да келеді. Аятта осы мәселенің астары анық беріледі: «Расында саған ап-ашық аяттарды түсірдік. Оған фасықтар ғана қарсы шығады» (2.Бақара-99). (қараңыз: 10.Юнус-23; 5.Майда-81).

  1. Аси (дінге және билікке қарсы шығушы)

Аси - Алланың бұйырған әмірлерін орындамаған, Алланың үкімдеріне қарсы шыққан күнәһар мұсылманның атауы. Аси сөзі Құран Кәрімде де Алланың және Оның Елшісінің (с.ғ.с) әмірлеріне қарсы келуші, күнәһар адам мағынасында қолданылады: «Ал кім Аллаға, Елшісіне қарсы келіп (асилік етсе) Оның шектерінен шықса, ол ішінде мүлде қалатын отқа кіргізіледі. Оған қорлаушы азап бар» (4.Ниса – 14).

«Сондай-ақ кім Аллақа, Елшісіне қарсы келсе (асилік етсе), сонда рас ашық адасқан болады» (33. Ахзаб-36). (қосымша аяттар үшін қараңыз: 19.Мариям – 44; 49.Хужурат – 7; 72.Жын – 23).

 Асидің істеген күнәсі үлкен болсын, кіші болсын егер күпірлік ететіндей деңгейге жетпеген жағдайда, әһли сүннет ғалымдары ондай кісіні күнәһар мұсылман деп атайды. Бірақ, бұл атау осы пәни дүниеге ғана қатысты, ал ақыретінің қандай болары бір Аллаға ғана аян. Жоғарыда келтірген «Ниса» сүресінің 14 - аяты асилердің шектен шығуынның кесірінен кәпірлер секілді мәңгілік тозақта қалдырылатынын баян етуде. Олай болса, фасық пен күнәһар мұсылманның ақыреті де бұлыңғыр, тұманды болмақ. Ислам тарихында халифа билігіне қарсы шыққан, бас көтерген мұсылмандарды да «асилер» деп атаған.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: