11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Тағалаға иман

Ақида
Жарнама
  1. Алланың бар және бір екендігіне сену

Адамзат тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, ең алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, бүгінгі күнге дейін өмір сүрген барлық қауымдар бүкіл әлемді жаратқан Жаратушы Жаппар Иеге сеніп, өз танымының шама- шарқынша құлшылық еткен.

Өйткені адам жер бетіндегі тіршілік ішіндегі сана-сезімі бар жалғыз жаратылыс иесі болып табылады. Міне, сондықтан адам баласы өмірге келген соң, теңдесі жоқ бұл таңғажайып әлем жайында бір мезет ойланбауы мүмкін емес. Ешқандай ақауы жоқ бұл әлемді жаратқан Құдіретті күш иесінің бар екендігіне көз жеткізген адам баласы, сол құдіреті күшті Жаратушыға сиынған, табынған.

 Алла Тағала адамдардың бір Жаратушыға, яғни жалғыз өзіне табынуын қалағандықтан, бірнеше пайғамбарлар жіберіп, өзіне қалай сену мен қалай құлшылық ету қағидаларын білдірді. Және адамды өте көркем бейнеде жаратып, кәміл жаратылыс иесі ретінде оған түрлі қасиеттер мен қабілеттерді бойына сіңірді. Ғаламдағы бүкіл нығмет пен рызық атаулыны адамның игілігіне ұсынды, ақ пен қараны ажырату үшін ақыл беріп, мұның өтемі ретінде Жаратушыны танып, соған ғана құлшылық етуді әмір етті. Мысалы, сізге бір кісі еш ақы талап етпей күніне 24 алтын ақша беріп тұрса, және оның бірін ғана сол кісіге жұмсайтын болсаңыз, ондай шартты әлбетте қуана-қуана қабылдар едіңіз. Міне, сол сияқты Алла Тағала адамға бір күнде 24 сағатты тарту етсе, сол 24 сағаттың бір сағатын Аллақа құлшылық етумен өткізуге болады ғой? Алла Тағаланың пенделерінен талап ететіні сол бір сағаттық құлшылық қана. Күнделікті бес уақыт намазыңызды жинақтап есептесеңіз 1 сағаттан аспайды. Қалған 23 сағаты әлбетте, сіздің басқа да тіршілік, әрекеттеріңізге жетіп артылатыны шүбәсіз жайт.

Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллақа сену балағитқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы - уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған.

Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар» (3.Али Имран-190) – деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?» (14.Ибраһим-10) – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.

Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланы толық мән‑мағынасында қамтып түсінуге адамның ақыл‑санасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі. Мысалы, қос жанарыңыздың барлық нәрсені көруге құдіреті жетпейді. Сол себепті микроскоп, дүрбі тәрізді аспаптарды көзімізге көмекші ретінде қолданамыз. Құлақпен тек жақын дыбысты ғана ести аламыз және осы секілді өзге де мүшелеріміздің қабілеттері шектеулі екені белгілі. Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Алланы толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Алла Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Алланың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қыр‑сырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Алланы толық білуді емес, ең бастысы, Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден бекер болмаса керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ Аллатың заты жайында ойланбаңыздар» (Китабул әрбайн, 1 т. 90 б.) ‑ дейді.

Негізінде адам баласы қандай да бір нәрсені ойлаған кезде, алдымен оны салыстырып, таразылап алады. Мәселен, адам өмірінде көрмеген нәрсені алғаш көргенде таңырқап, оның не екендігін білместен тек соған ұқсас, өзіне белгілі нәрсеге теңеумен ғана шектеледі. Қарды алғаш көрген бала қатты таңырқап әкесіне: «Әкешім! Аспаннан мақта жауып жатыр», - деген екен. Сол секілді адам Аллаға сенген соң әлбетте Оның болмысы жайлы ойланады. Алла қандай? Ол қалай пайда болған? Оны кім жаратты? дегендей сан алуан сұрақтар әрбір пенденің ойын мазалап, оған өз деңгейлерінде жауап іздетеді. Мұндай сәтті шайтан әсте мүлт жібермейді. Басыңыздағы жүйесіз сұрақтар мен қиял, күмәндарды одан сайын үдете түседі. Мұндайда ең абзалы, сұрақ мазалап, ә дегеннен ойға шабуылдай бастағанда дереу сол жерден кері қайтқан жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына Алланы түсіндіргенде Оның заты, жаратылысы, болмысы жайлы ойланбауды бұйырған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен.

Олай болса, Ұлы Жаратушыға сенім мәселесінде ешқандай күмән мен жаңсақ пікірге бой алдырмай, Алла Тағаланы жалғыз әрі жаратылғандарға мүлдем ұқсамайтын, нұқсан сипаттардан пәк деген нақты пайымды ұстанғанымыз жөн.

  1. Аллатың барлығы мен бірлігін растайтын діни және қисындық (ақли) дәлелдер

Алла Тағаланың бар және бір екендігінің ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Алланың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін еш нәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. «Таһа» сүресінің 14- аятында Алла өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Алламын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында».

 «Ол сондай Алла көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрқайсысы белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Өзі жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар» (13.Рағыд-2).

«Ол сондай Алла сендерге көктен жаңбыр жаудырып, одан сусын және сол арқылы малдарыңды жаятын орман шығарды» (16.Нахыл-10).

 «Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді» (42.Шура – 29).

Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Алла Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Алланың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі ‑ күпірлік болып саналады. Құранда Алланың серігі жоқ жалғыз екендігі «Ықылас» сүресінде анық баяндалады: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла еш нәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».

 «Егер жер мен көкте Алладан басқа да тәңірлер болғанда, әлбетте, жер мен көк екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаршының Раббы Алла олардың жасанды сипаттарынан пәк» (21.Әнбия – 22).

 Ал мына аят христиандардың Алланы үшеу дейтін түсінігін жоққа шығарады: «Әрі Аллаты үшеу демеңдер, одан тыйылыңдар. Сендер үшін жақсы. Шынайы түрде Алла бір-ақ Тәңірі» (4.Ниса-171).

Кімде-кім христиандар секілді Алла Тағаланы үшеу десе, ол кәпір болады деп, Алла қатаң түрде ескертеді: «Расында Алла үштің үшіншісі дегендер кәпір болады. Бір Тәңірден басқа тәңірі жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап кездеседі» (4.Ниса – 73).

Құран Кәрімде Алла Тағаланың бар және бір екендігін баян еткен аяттардың көпшілігі Оны сипаттау арқылы түсіндіреді. Бұл аяттар әсіресе таухид мәселесіне көбірек тоқталып, Алланың серігі мен ұқсасы жоқ екендігін тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп береді.

Құран аяттарына назар салып қарайтын болсақ, аяттардың Алланы тану тұрғысындағы методологиясынан төмендегідей маңызды мәселелерді бөле‑жара келтіріп кетуге болады:

- Ұлы құдірет пен хикметтің жемісі болып табылатын адамның жаратылысы арқылы, оны осылай кемшіліксіз етіп жаратқан Алланың бар екендігіне сену.

 - Айналамыздағы өмір сүріп жатқан өзге де тіршілік иелеріне көз жүгіртіп, олардың жаратылысындағы шексіз құдірет иесінің шеберлігін мойындап, Оған сену.

 - Табиғаттағы таңғажайып үйлесімге, жалпы жер бетіндегі тіршілік атаулыға қарай отырып, оларды жаратқан құдіреті күшті Алланың бар екендігін мойындау.

- Көктегі жұлдыздар әлеміне, ай мен күннің жаратылысы мен аспан әлеміндегі планеталардың айналымына, күн мен түннің адам игілігі үшін ауысуына қарап, ойлану арқылы Алланың бар екендігіне сену.

Міне, бұл Алланың бар екендігі жайындағы мол дәлелдердің аз ғана бір бөлігі болып табылады. Негізінде бұл тақырыпқа байланысты дәлелдерді тізбектей берсек таусылмайды.

Енді қисындық дәлелдерге жалпылама шолу жасап көрейік:

а) Адамның жаратылысы: Адам тән мен жаннан тұратындығы мәлім. Осы тән мен жан адамды ізденіс пен зерттеуге итермелеп, өзін жаратқан Жаратушыны табуға бағыт береді. Сонымен қатар адам бойында құдіреті күшті тылсым күшке сену сезімі бар. Сол сезім арқылы адам баласы қысылтаяң кезде Құдайға сиынып, өзін жұбатуға тырысады. Бұл санамызға әбден сіңген сезім.

ә) Адам ақылымен айналадағы тіршілік атаулының алғашқы бастамасын ойлау арқылы Алланы табады. Мысалы, бір сағатты алатын болсақ, ол сағатты кім жасады, қалай жасады? Әлде сол күйінде бар болған зат пе еді, деп таразылаймыз. Асылында, сағатты өздігінен жаратылған деп ешкім айта алмайды. Әлбетте, оны жасаған бір шебердің бар екені анық. Сол секілді мына әлемді де жаратқан құдіреті күшті Шебердің бар екендігіне көз жеткізіп, Алланы еріксіз мойындаймыз.

б) Біздің өмір сүруіміз үшін өте тамаша, рет-ретімен, ешқандай кемшіліксіз жаратылған табиғатқа қарай отырып, оның ішіндегі түрлі заңдылықтардың бар екендігіне көз жеткіземіз. Міне сол заңдылықтардың өздігінен, кездейсоқтықтан пайда болуы мүмкін емес екендігі белгілі. Мысалы, физика ғылымындағы атом ең кішкентай ретінде заттарды құрайды. Ал заттар атомнан тұрса, сол атом қайдан пайда болды? Өздігінен бе, әлде біреу жа- ратты ма? Әлбетте, оның өздігінен болмайтындығын физиктер кәсіптік тұрғыдан дәлелдеп береді. Олай болса табиғаттағы заңдылықтарды ешқандай қатесіз, ретпен, өлшеммен, есеппен жаратқан Алланың бар екендігіне де күмән жоқ.

в) Адамзатты ойландырып, ақылын сан-саққа жүгіртетін және бір мәселе ол ‑ әлемдегі тіршілік атаулының өмір сүруі мен әрекет етуі. Айналамыздағы жанды заттарға тіршілікті кім берді, олар қалай өмір сүруде деген сұрақтың жауабы тізбектеле келіп, ең соңғы нүктесі Алла Тағалаға барып тіреледі де, Оған сенуге мәжбүр етеді.

г) Аспан әлеміндегі сансыз планеталар жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай дәлме-дәл есеппен милиардтаған жылдар бойы орасан жылдамдықпен үнемі қозғалыс үстінде. Сондай тамаша жүйенің өздігінен болуы мүмкін емес. Жер бетіндегі тіршілікті асқан шеберлікпен жаратқан Алла аспан әлемін де солай шебер түрде жаратқанын ақыл еріксіз мойындайды. («Қаф» сүресінің 6-8 аяты бұл тұжырымды айғақтай түседі).

д) Дарвиннің айтқанындай, жануарлар мен жәндіктер шынында да эволюциялық даму немесе өзара күрестің нәтижесінде жаратылды ма? Адам маймылдан, маймыл бауырмен жорғалаушыдан, бауырмен жорғалаушы балықтан шықты деген қорытындыны ақылға салып көрейікші? Олар бір-біріне ұқсай ма? Әрине, олар бір‑біріне мүлде ұқсамайды және әрбірі жеке бір әлем. Бұл жерде әрбір тіршілік иесі өз алдына Ұлы Жаратушының бар, бір екендігін, Оның Шебер Жаратушы екендігіне айқын дәлел болады. Әрине, мұнда байыппен ойланған жандар үшін үлкен ғибрат бар.

е) Бүгінде ғылым мен технология дамып, шарықтау шегіне жетті. Бірқатар ғылыми жаңалықтар ашылып, ғалымдар Алла Тағаланың бар екендігін қабылдап, еріксіз мойындай бастады. Жаратылыста кездейсоқтыққа орын жоқ екені ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Мысалы, бүкіл тіршілік атаулының негізін құрайтын протейнді алайық. Бір протейнді алып зерттегенде оның 5 элементтен, яғни: көміртегі, сутегі, оттегі, азот және күкірттен тұратындығы анықталған. Сонымен қатар, бір протейнде 40 мың молекула болады. Осы бір протейннің өздігінен пайда болуы үшін жоғарыдағы 5 элементтің бір жерге жиналып, протейнді құрауының ықтималдығын ойланып көрелік. Иә, математиктердің есебі бойынша, бір протейннің өздігінен жаратылуы үшін 5 элементтің бір жерге жиналу ықтималы 10160 дәрежесінде 1 ғана екен. Демек, бір протейннің өздігінен жаратылуы үшін қанша жыл керек екендігін ойласаңыз, таңданбасқа шараңыз қалмайды: ол – 10243 дәрежесіндей жылға тең. Бір протейн үшін осынша миллиондаған жыл керек болса, бүкіл тіршілік атаулы үшін қанша уақыт керек екендігін өзіңіз ойлана беріңіз. Әрине, мұндай қиялы жүйесіздіктен гөрі, бүкіл әлемді жаратқан Алла Тағалаға сену саналық тұрғыдан әлдеқайда ақылға қонымды екені айқын.

  1. Бір ғалымды Аллатың бар екендігіне сендірген жеті себеп

Нью-Йорк ғылым академиясы төрағасының бірі болып қызмет еткен А. Гресси Моррисон (A.Gressy Morrison) өзінің ғылыми зерттеуінің нәтижесінде Алланың бар екендігін мойындап, өзге де әріптестеріне Алланың бар екендігіне сендіретін жеті себеп атты мақаласын жариялады. Гресси Моррисон: «Ғылым мен технология құдіретті Жаратушының заңдылықтарын біртіндеп ашуда. Ғылыми жетістіктер көбейген сайын Алланың бар екендігі дәлелденіп, Оған сенуге мәжбүр болудамыз. Мені мына жеті себеп Жаратушының бар екендігіне сендірді»,- деді.

  1. Математикалық, физикалық заңдылықтар тұрғысынан ғаламның жоспарын жасаған және сол жоспар бойынша тіршілікті жаратқан ұлы бір Сананың бар екеніндігін дәлелдей аламыз.

Қалтаңызда бірден онға дейін нөмірленген он дана тиын салыңыз да, оларды жақсылап араластырыңыз. Енді сол тиындарды біртіндеп рет‑ретімен нөмірі бойынша бірден онға дейін кезегімен қалтаңыздан шығарыңыз. Бірақ, алған тиынды қалтаңызға салыңыз да, қайтып араластырып шығыңыз. Яғни біріншіде 1 тиынды алып, кезегімен 2 санды тиынды шығаруыңыз керек. Осылай бірінен кейін бірін кезегімен шығаруға тырысыңыз. Алғашқы 1 тиынды қалтаңыздан шығару мүмкіндігіңіз онда бір болса, 1 мен 2 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз жүзде бір болады. Ал 1, 2 және 3 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз мыңда бір ықтималда жүзеге асса, 10 тиынды рет‑ретімен шығару мүмкіндігіңіз миллионда бірге тең келуі мүмкін. Бұл ең алдымен, әлемдегі кездейсоқтық заңдылығын жоққа шығарады.

Жер өз жүйесінде сағатына мың милдік жылдамдықпен қозғалуда. Егер сағатына жүз милдік жылдамдықпен қозғалса, күндізгі уақыт пен түнгі мезгілдің мерзімі қазіргіден әлдеқайда ұзақ болар еді. Ал күннің ондай ұзақтығы өсімдіктер атаулының күлін көкке ұшырады. Ал түннің ұзақ болуынан қалған тіршілік атаулы суықтан қатып қалады.

Жер планетасы негізінен 230 қисайып қиғаш тұрады. Мұның өзі жер бетіндегі жыл мезгілдердің ретімен келуіне мүмкіншілік жасайды. Егер жер планетасы 23 градустық өлшеммен қисаймай, түп‑түзу тұрған болса мұхиттардан көтерілген булар солтүстік пен оңтүстікке ығысып, құрлықтарды мұз басар еді (Оқырмандарымызға жердің қисайып тұруы деген сөзіміз түсініксіз келуі мүмкін. Егер қолыңызға глобусты алып қарасаңыз бәрі де бірден түсінікті болады: глобус түзу тұр ма, әлде қисайып тұр ма?).

Ал ай жерге қазіргі қалыпты қашықтығынан 50 мың миль (1 мильде 1848 метр бар) ғана алысырақ болса, жер бетіндегі тіршілік астаң-кестеңі шығып, барлық құрлық атаулы күніне екі реттен су астында қалып, таулар көпке шыдамай үгітіліп кеткен болар еді.

Егер жердің сыртқы қабаты 10 қарыс қалың болғанда, оттегі жетпей өсімдік атаулыдан жұрдай боламыз. Ал енді керісінше ғаламшардың сыртын қоршап тұрған атмосфера қабаты қазіргісіне қарағанда жұқа болғанда күніне миллиондаған метеориттар жер планетасына қақтығысып, жер бетінің түкпір-түкпірінде өрт қаптар еді.

Міне, осы айтылған мысалдарды негізге ала отырып жердің кездейсоқтықтан, не өздігінен жаратылмаған деген қорытынды шығарамыз.

2) Жан деген не нәрсе? Қазірге дейін жанды ешкім толық түсіне алмады. Оның «салмағы», «бойы», «ені», қандай екендігі беймәлім. Бірақ, оның бар екендігіне ешкім күмәнданбайды. Мысалы, жанның құдіреттілігі соншалық, жартас арасынан өмір дәнегі бұйырған өсімдік жартасты жарып шығып, өсуін жалғастыра береді. Бір құдіретті күштің ықпалымен айналадағы жансыз заттар мен денелерге сый ретінде берілген тіршілік ‑ осылай түрлі-түсті бейнеде таңғажайып шеберлікпен көрініс табуда. Мәселен, көзге көрінбейтін бір плазманы алайық. Өзі мөп‑мөлдір, жыбырлап қана әрекет етеді. Бір қызығы, бұл клетка осы әрекеті арқылы «өмір» деген ұғымды паш етуде. Осы титтей ғана тамшыдағы күш-қуат бүкіл өсімдік, жануарлар мен адамдардың күш-қуатынан да орасан. Себебі, бүкіл тіршілік содан шығады. Ал бұл тіршілікті жаратқан табиғат емес. Өйткені тау-тастың, теңіздің мұндай нәрсені жаратуға күші жетпейді. Мұны тек бүкіл әлемдерді жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушы ғана жарата алады.

3) Жануарларда өзінің туып өскен жеріне қайта оралу сезімі бар. Аздап ойланып көрсеңіз, бұл адам таң қаларлық құбылыс. Оларға бұл сезім қайдан келді? Ойды ой қуып, қисынды қисын қуып, оларға бұл түйсік әлмисақтан берілген, яғни оны беруші де бар болғаны ғой деген тұжырымға келіп, Ұлы жаратушының бар екендігіне көз жеткізесіз.

Мысалы жыланбалықты алалық. Дүниенің төрт бұрышындағы теңіздер мен өзен‑көлдерде тіршілік ететін жыланбалықтар ұрық шашатын шаққа келгенде қаншама шақырым қашықтықты шарлап, мұхиттардан өтіп, Бермуд аралдарына жақын маңдағы тұңғиыққа келіп ұрық шашады да, сонда өледі. Бұған қалайша таңданбайсың!? Сол тұңғиықтағы шашылған ұрықтардан шыққан шабақ жылан балықтар ата-аналарының келген мекеніне кері қайтады. Біреуі Қара теңізге, біреуі Жерорта теңізіне дегендей, келген отанына қайта оралып, ары қарай өмірлерін жалғастырады. Міне сол шабақтарға сондай сезімді берген кім? Әлбетте, мұндай сезімді табиғат бере алмасы анық. Қазірге дейінгі зерттеулер нәтижесінде Еуропа теңіздері мен Америка өзен‑көлдерінде өмір сүретін жыланбалықтар кездеспеген.

Осындай таңқаларлық жағдаятты жабайы араның балаларына қорек дайындауынан да байқаймыз. Жердің астын қазып ұя салған жабайы аралар балалары үшін азық дайындардан бұрын шегірткені шағып шұжықтайды. Бір ғажабы, ара шегірткені шаққанда өлтірмей тек талдырып, шала жансар етіп тастайды екен. Уланған шегіртке жәйлап- жәйлап консервіленген ет халіне келеді де, жұмыртқадан шыққан араның балаларына азық болады. Негізінде ара баласы өлген жәндіктің етін жесе өліп қалады екен.

  1. Адамның жануарлардан ерекшеленетін қасиеттің бірі - салыстыру, таразылау қабілеті. Адамнан басқа тіршіліктің бірде-бірі санай алмайды. Он санының ұғымын түсінбейді. Адам санасының ойлану мен салыстыру, таразылау қабілетіне ие болуының өзі оның кәміл жаратылғандығын көрсетеді.
  2. Дарвиннің қателескен нәрсесі ‑ өмір сүруге қажетті алғышарттың бірі тіршілік иесінің бойындағы ген. Мұның таңғажайып қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес. Микроскоппен әзер көрінетін бұл мысқалдай гендер әрбір тір- шілік иесінің өзіндік ерекшеліктеріне ие. Генге мұндай қасиетті Ұлы Ғылым иесінен басқа ешкім бере алмайды. Мысалы, бір CD-ге том-том кітаптарды сыйдырып жіберген адамға мұндай қабілетті берген Алла микроскоппен әзер көрінетін генге адамның бүкіл ерекшеліктерін оп-оңай сыйдырып жіберері сөзсіз. Бұған ешкімнің күмәні болмас.
  3. Тіршіліктегі кейбір әрекеттер мен құбылыстар келешекте болар нәрсеге арналған дайындық ретінде жүзеге асып жатады.

Біраз жылдар бұрын Австралияда қоршау жасамақ болып кактус егеді. Алайда, кактус бірден көбейіп етек алып кетеді де, тез арада көптеген жерлерді жайлап, жергілікті тұрғындарды мазалап, тіпті мекендерін тастап көшуге мәжбүр болады. Кактус жайылған үстіне жайылып, Англияның аумағындай алып жерді алып, қаптап өседі. Кактус мәселесі Австралиялық ғалымдарды шұғыл шара қолдануға итермелейді. Ақырында ғалымдар тек кактуспен өмір сүретін, кактустан басқа өсімдікті қорек етпейтін қоңызды табады. Бұл қоңыздардың азығы тек кактустар болғандықтан, олар әлгі қаптаған кактустарды көп ұзатпай жеп азайтады. Бір қызығы, қоңыздар кактусты түгелімен жым‑жылас етпей, аз ғана алаңқайды қалдырады...

Осы қоңыздарға қарап: «Тез арада жылдам көбейіп кететін қоңыздар неліктен үлкен болып кетпейді?» деген ойға келесіз. Өйткені, қоңыздарда жануарлар мен адамдардың өкпесі секілді өкпе болмайды және тыныс алу жолдары тар болады. Олардың өсу қарқынына тыныс алу жолдары кедергі болғандықтан дене бітімдері үнемі кішкентай болып қалады. Осылайша қоңыздардың өсіп, үлкейіп кетулеріне шектеу қойылған. Шынында да қоңыздар өздеріне тән даму қарқынымен өсетін болса, жер бетінде адам деген атау қалмас еді.

  1. Адам баласының Ұлы Жаратушы туралы ойлай алуының өзі өз алдына бір дәлел.

(Материал "Иман негіздері" кітабынан алынды)

ummet.kz

Бөлісу: