25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) – Жаратушының соңғы елшісі

Ақида
Жарнама

         Пайғамбар жіберу Алланың әмірінде болса, оған иман ету – пенденің міндеті. Алла Тағала адамзатқа жүз мыңдаған пайғамбар жіберіп, Өз заңдылықтарын үйретті. Сол жүз мыңдаған пайғамбардың соңғысы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) 610 жылы бүкіл адамзат пен жын атаулыға жіберілді.

Ал 632 жылы Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) дүниеден озған соң, пайғамбарлық міндет ұғымы (яғни пайғамбар келу мәселесі) біржола тоқтады. Ақырғы елші Хазіреті Мұхаммедтен (с.а.у.) соң қияметке дейін пайғамбар келмейді. Егер де кімде-кім: «Мен пайғамбармын, маған Жәбірейл уахи әкелді», десе ол жан сөзсіз кәпір болады.

Пайғамбарлардың барлығы да Алланың сүйікті құлдары бола тұра олардың кейбірінің мәртебесі өзгелерден жоғары болатындығын жоғарыда тілге тиек еткен болатынбыз. Сол секілді соңғы ақырзаман пайғамбары Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) де өзіне тән артықшылығы бар. Пайғамбарымыздың өзге пайғамбарлардан артықшылығын төмендегідей ретпен атап кетуге болады:

а) Алғашқы пайғамбарлар (Һуд - Ад қауымына, Салих - Самуд қауымына, Мұса пайғамбардың Исрайл ұлдарына жіберілгені секілді) тек қана белгілі бір тайпаға не қауымға жіберілген. Ал, Хазіреті Пайғамбарымыз болса, күллі адамзатқа және ақырзаманға дейін келіп-кететін адамзат пен жын атаулына барлығына бірдей жіберілді. Яғни, Ол жер бетіндегі барлық халықтың, барлық ұлттың пайғамбары. Мұны Құран аяттары да тайға танға басқандай айғақтайды:

«(Мұхаммед (с.а.у.) Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» (21.Әнбия-107).

«Сені жалпы адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді» (34.Сәбә – 28).

«(Мұхаммед (с.а.у.)) айт: Әй, адам баласы! Мен барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін» (7.Ағраф-158).

ә) Пайғамбарымыздың пайғамбарлығы қияметке дейін жалғасқандықтан әкелген Құраны да қияметке дейін өз күшінде болады. Алдыңғы пайғамбарларға парақтар және қасиетті кітаптар түсірілгенімен, бәрі дерлік Хазіреті Пайғамбарымызға дейін түпнұсқа күйінде жетпеді. Жоғалатыны жоғалып, өзгеретіні өзгеріп, бұрмаланатыны түрлі бұрмалаушылыққа ұшырады. Ал бұл нені байқатады? Әрине, біз бұл жерде Алланың Құранға берген кепілдігін өзге кітаптарға бермегенінің айқын дәлеліне куә боламыз. «Хижр» сүресінде Жаратушы: «Құранды біз түсірдік, қияметке дейін оны біз қорғаймыз» (15.Хижр-9) дейді.

б) Хазіреті Пайғамбарымыздың келесі бір жөні бөлек ерекшелігі Оның ең соңғы пайғамбар екендігі. Одан кейін ешқандай пайғамбар келмейтіндігі Құранда да анық баян етілген: «Мұхаммед сендерден ешбір кісінің әкесі емес. Бірақ Аллатың елшісі және пайғамбарлардың соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші» (33.Ахзаб-40).

в) Хазіреті Пайғамбарымыз соңғы пайғамбар болғандықтан оның әкелген діні Ислам да ең кәміл де, ең иләһи дін. Исламның негізгі ерекшелігі – ол алдыңғы иләһи діндердің жаңсақ, бұрмаланған үкімдерін жойғандығында. Иә, шын мәнінде, ислам – Алланың разылығына бөленген дін. Кімде-кім Ислам дінінен басқа дін іздеп, сол сенімді өмірлік ұстаным етсе, оның Жаратушы тарапынан қабыл болу мүмкіндігі жоқтың қасы. Құранда бұл мәселе «қара қылды қақ жарған» алмас қылыштай кесіп айтылған: «Алла алдындағы дін тек Ислам ғана...» (3.Али Имран- 19). «Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе әсте одан қабыл етілмейді де, ол ақиретте зиянға ұшыраушылардан болады» (3.Али Имран-85).

Ал мына аят Ислам дінінің кәміл дін екендігіне бірден‑бір айғақ: «Бүгін діндеріңді толықтырдым (кәміл еттім) және нығметтерімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» (5.Майда – 3).

Ислам дінінің ерекшеліктерін бұл жерде тізбектеп айтып жату тақырыптың шеңберінен шығатындықтан қысқаша баяндап отырмыз. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Ислам діні тұңғиық терең, қамтымайтын, қарастырмайтын мәселесі жоқ.

ғ) Хазіреті Пайғамбарымызға ақыретте шапағат мақамы берілген. Жер беті Оның үмметіне мешіт етіліп, соғыстан түскен олжаны алу халал болды. Әрине, мұның өзі Екі Дүние Гүлзарының негізгі ерекшеліктері болып табылады.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: