22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарлар дәрежесі

Ақида
Жарнама

Иә, «басқа‑басқа, бірақ пайғамбарлардың да өз арасында дәреже айырмашылықтары бола ма екен!?» деп, таңырқауыңыз әбден мүмкін. Расында мұндай сауалдың өзі негізсіз емес.

Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарлардың барлығына бірдей, ешқайсысын бөліп‑жармай иман ету – біздің басты міндетіміз. Басқалай жағдайдағы кез‑келген әрекет күпірліктің белгісі болып табылады. Себебі, пайғамбарларға иман еткенде: «Пайғамбарлардың араларын айырмаймыз» (2.Бақара-285) деген тұжырымды ұстанамыз. Дегенмен, пайғамбарлардың түрлі дәрежедегі қызметтеріне қарай белгіленетін дәрежелерінің де болатындығын білгеніміз артық болмас:

 «Сол пайғамбарлардың біреулерін кейбіреулерінен артық қылдық. Алла олардың кейбірімен сөйлескен, кейінің дәрежесін көтерген» (2.Бақара – 253). Олай болса пайғамбарлардың қызметтеріне қарай жүйеленген төмендегідей атаулары бар:

а) Нәби

«Нәби» сөзі ‑ «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Демек, «нәби» ‑ Алладан келген әмір мен тыйымдардан халықты хабардар етуші, жеткізуші деген сөз. Нәби сөзінің көпше түрі «әнбия» (хабаршылар). «Нәби» сөзі ұғымдық һәм терминдік жағынан «Расул» сөзімен мазмұндас. Бірақ, Нәби пайғамбарлар жаңа шариғат не жаңа кітап әкелмейді, олар өзіне дейінгі иләһи заңдылықтарды жағастырушы. Ал Расул деп біз өзіне кітап түскен пайғамбарларды атаймыз. Екі сөздің («нәби» мен «расул») мағына жағынан айырыласатын тұсы да осы жер. Мәселен, алғашқыда Хазіреті Мұсаның шариғатын ұстанып, қауымына соны уағыздаған Хазіреті Яхяға (а.с.), Алла Хазіреті Иса (а.с.) жаңа шариғатпен келген тұста сол шариғатты ұстануын әмір етеді. Яғни, бұл жерде Хазіреті Яхя (а.с.) – «нәби» болады да, Хазіреті Исаны (а.с.) – «расул» деп білеміз.

б) Расул

«Расул» - сөзі «елші» деген ұғымды білдіреді. Яғни, «расул» сөзі ‑ Алланың әмірімен адамдарға жаңа шариғатпен жіберілген пайғамбарлаға тән. Расул мәртебесіндегі пайғамбар өзіне дейінгі діни заңдылықтарды жаңаша үкімдермен жеткізеді. Расул пайғамбарларға Алла Тағала көбіне кітап немесе парақтар түсірген. Сол себептен де әрбір расул нәби, әрбір нәби расул бола алмайды. Осы тақырыпқа байланысты аятта: «Құрандағы Исмайылды есіңе ал. Шынында ол уәдесінде берік расул әрі нәби кісі еді» (19.Мәриям – 54) дейді.

в) Улул-азм пайғамбарлар

«Улул-азм» ‑ сан түрлі ауыртпашылықтар мен тіл жетпес азаптарға төтеп беріп, Алланың ақ жолын үгіттеуден бір сәт те айнымаған пайғамбарларға берілген есім. Қиыншылықтың пайғамбарлардың қай‑қайсысын болса да айналып өтпегені мәлім. Әрине, оған дау жоқ. Десек те, жекелеген аяттарда кейбір пайғамбарлардың (Хазіреті Нұх, Хазіреті Ибраһим, Хазіреті Мұса, Хазіреті Иса және Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.)) өзге пайғамбарлардан бөлек арнайы айтылуы олардың дәрежесінің де бір саты жоғары екендігін білдірсе керек. Бұған негіз ретінде төмендегі аяттарды келтіруге болады:

«(Мұхаммед с.а.у.) Сол уақытта пайғамбарлардан уәде алған едік. Сенен, Нұх, Ибраһим, Мұса және Мәриям ұлы Исалардан, солардан берік уәде алған едік» (33.Ахзаб – 7).

«(Мұхаммед с.а.у.) Алла Нұхқа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ибраһим, Мұса және Исаға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды» (42.Шура-13).

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: