22
Жұма,
Қараша

һижри

Ақырет күніне иман

Ақида
Жарнама

«Ақырет» сөзі - соңғы деген ұғымды білдіріп, дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны білдіріледі.

Мысалы, қиямет - дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалуын білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Дүние тіршілігі тоқтаған кезде қиямет қайым Исрафилдің (а.с.) бірінші рет Сурға үрлеуімен басталып, екінші Сурға үріліп, Алланың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер өте көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Алла біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші рет Сурға үрлеуімен басталған қайта тірілу, Алланың құзырында есеп беру, жәннәт пен жәһәннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтіріледі.

Ақырет күніне иман ету – иман негіздерінің бірі. Оған сену - парыз. Құранда Аллаға иман етуге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне (яумил ахир) иман ету де бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік:

 «(Мұхаммед (с.а.у.) Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» (2.Бақара-4).

«Кім Аллаға, ақырет күніне иман ететін болса және ізгі амал жасаса оларға қорқыныш жоқ. Әрі олар қайғырмайды» (2.Бақара-62).

«Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелеріне, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» (2.Бақара-177).

Хазіреті Пайғамбарымыздың да бұл жайында айтқан хадистерінің жеткілікті екені белгілі. Сол хадистерден бір екеуін келтіретін болсақ: «Қиямет күні Алла Тағала арада аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жасаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда дәл алдында жәһәннамнан басқасын көре алмайды. Олай болса бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңыздар» (Бухари, Муслим, Тирмизи риуаяттары).

Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады. Діннің жіберілу мақсаты - әрбір адамның ақыретте Жаратушы алдында бұл дүниеде жасаған амалы үшін жеке-жеке есеп беретіндігін ескерту. Сол үшін аятта: «Кімде-кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сенбесе, сонда тым ұзақ адасты» (4.Ниса-136) деп келтіреді.

Ақырет күніне байланысты аяттар мен хадистердің мазмұнына мән беріп қарасақ, ондағы өмірде болатын жағдайлар бұл өмірдегі нәрселерге ұқсайтын секілді. Ол біз білетін нәрсе секілді болып көрінгенімен, олар ғайып әлемі болғандықтан нақты айта алмаймыз және ғылыми тұрғыдан дәлелдей де алмаймыз. Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінде қалай айтылса, солай сенумен шектелеміз де, көбіне ақылға салып жорамалдап жатпаймыз. Ақыреттегі болатын жағдайлардың аталымы бұл дүниедегі нәрселермен аттас болғанымен заты мүлдем ұқсамайды. Мысалы, Исрафил (а.с.) періште сурға үрлейді, адамдар махшар алаңына барғанда олардың бұл дүниеде жасаған амалын тіркеуге алған амал дәптері беріледі. Амалдарын таразыға тартады, сырат көпірінен өтеді деген кезде осы өмірдегі үлкен, даңғарадай сырнайды елестетсек, тіпті қателескен боламыз. Сол секілді амал дәптері дегенде де күнделікті қолданып жүрген дәптер, яки күнделік, есеп-қисап тіркейтін қалың дәптерге ұқсайды деу әбестік болады. Таразыны да біз білетін қол таразыға, электронды немесе басқа да үлкенді‑кішілі сауда таразыларына балай алмаймыз. Бұл атаулар бізге таныс болғанымен болмысы беймәлім.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ақырет мәселесі дініміздегі сенімнің негізгі тірегі болып саналады. Құран сүрелерінің басым көпшілігі ақыреттік өмір заңдылықтарына ұдайы сілтеме жасап өтеді. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат пенденің о дүниелік өмірге бұ дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран аяттарына зер салып қараған кезде ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді. Мысалы, Яумул ахир (ақырғы күн), Яумул бағс (қайта тірілу күні), Яумул қияма (қиямет күні), Саат (қиямет уақыты), Яумуддин (дін мен жаза күні), Яумул хисаб (есеп күні), Яумут-тәлақ (қауышу күні), Яумул – хулуд (мәңгілік күн), Яумул хуруж (шығатын күн), Яумут-тәнад (айғайға басатын күн) тәрізді т.б. бірнеше атаулармен аталады.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: