22
Жұма,
Қараша

һижри

О дүниелік өмірдің маңыздылығы мен қажеттілігі

Ақида
Жарнама

Күнделікті тіршіліктің пәни екендігін бәріміз мойындаймыз. Себебі, осы уақытқа дейін қаншама милиардтаған адам бұл дүниеге қонақ болып кетті және әлі де қаншамасы келіп кетері сөзсіз.

Адам бұл пәни дүниеге өзін жаратқан Ұлы Жаратушыға құлшылық ету үшін келген болса, (қараңыз: Зарият, 56 аят) ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алланың сынағынан өтуді басты мақсат деп білу тиіс. Олай болса, осы дүние ақырет өмірінің егістік алқабы іспетті. Осы өмірде адам баласы не ексе, ақыретте соның жемісін, яки жазасын көреді. Өмірдегі сынақтан өту үшін Алла адамға ақыл мен таңдау еркін беріп, дұрысты бұрыстан айырсын деп пайғамбар мен шариғат жіберді.

 Бұл пәниге ешбір мақсатсыз, ойымызға не келсе соны жасау үшін жіберілмедік. Аятта бұны былай деп келтіреді: «Расында Біз сендерді босқа жаратпадық. Тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма? Шынайы патша Алла өте жоғары. Одан басқа Тәңір жоқ. Ол ардақты ғаршының Раббы» (23.Муминун, 115-116). Дүние тіршілігіндегі өлім мен өмірдің мақсұты пенденің сынақтан өтуі екендігін Алла мына бір аятымен ашық түрде ескертеді: «Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол тым үстем, аса жарылқаушы» (67.Мулк-2).

Пенде бұл дүниеде ішіп-жеген, жиған-терген бүкіл рызық-несібесі үшін о дүниеде міндетті түрде есеп беретіндігі де басы ашық мәселе: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар» (102. Тәкәссур-8).

Әлемдегі өмір сүру қағидасы ықылым заманнан бері өзгермей келеді. Күшті әлсізді езіп, билік иесі қол астындағыларға білгенін істетіп, қала берсе, ақысын жеп, құқығын таптап ғұмыр кешуде. Қаншама жазықсыз жандар өлтіріліп, бас бостандығынан айрылуда. Мұндай жайттарды айта берсек көп. Дегенмен әділдік болу керек қой? Жәбір шегушілер бұл дүниеде өзінің мұңын айта алмай, ақысын ала алмай, ішкі жан дүниесі бұлқан-талқан болып, жанын қоярға жер таппай, шарасыздықтан не істерін білмей, іштей тынады. Бірақ ақыретте мұндай әділетсіздік болмайды. Себебі, әділдердің әділі Алла Тағала әркімнің жасаған амалына қарай сыйы мен жазасын береді. Пенденің бұл өмірде ала алмаған ақысын, құқығын о дүниеде Алла Тағала қайтадан орнына келтіреді. Егер о дүниеде де әділдік болмаса, пенде Раббысының құзырында: «Я, Раббым Алла! Екі дүниеде де әділдік болмаса мені неге жараттың? Неге бізге шынайы дара жолыңды үйреттің? Егер де ақыретте оның ақысын ала алмасам, жасаған амалымның нәтижесін көрмесем, тек ақ жолыңды ұстанып, ешкімнің ақысын жемеуге тырыссам, Сені Әділ Жаратушы деп танып, иман етсем, бірақ та мұның ешбірінің сиын көрмесем, неге мені жазаламақсың?» - деп уәж айтары сөзсіз.

Әрине, бұл мәселенің де Құранда қисынды жауабы дайын. Алла Құранда жақсы амал жасап, иман келтіргендерге сый ретінде жәннәтті, кесір амал жасап, күпірлікке бой алдырғандарды жаза ретінде тозақты дайындағанын аяттарында соқырға таяқ ұстатқандай етіп баяндаумен қатар, о дүниеде пендеге әділ баға беретіндігін айтады: «Күдіксіз тақуалар үшін Раббыларының қасында Нағым жәннәттары бар. Бой ұсынушыларды күнәһарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?» (68.Қалам, 34-36).

Демек, Алланың әділдігіне күмән жоқ, пендеге жасаған амалына қарай әділ бағасын беретіні хақ. Аятта бұл анық айтылады: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз» (21.Әнбия-47).

«Немесе жамандықтарды істегендер, өздерін иман келтіріп, ізгі іс істегендер сияқты қылатындығымызды, тіршіліктерінде, өлімдерінде тең боларын ойлай ма? Олардың берген үкімі нендей жаман. Негізінде Алла көктерді әрі жерді шындық бойынша жаратты. Әркім жасаған табысын алады. Сондай-ақ олар әділетсіздікке ұшырамайды» (45.Жасия, 21-22).

Хазіреті Пайғамбарымыз да бұл мәселеде көптеген хадис айтып кеткен. «Ант етемін, қиямет күні бүкіл хақтар міндетті түрде иесіне қайтарылады. Тіпті мүйізсіз бір қой үшін мүйізді бір қойдан қысас жасалып өш алынады» (Сахих Муслим риуаяты).

«Кімнің қолында дін бауырының намысына яки малына қандай да бір жолмен жасалған жәбірлік, зұлымдық және ақысы өткен болса, динар мен дирхам (алтын мен күміс ақша) болмайтын күн келмей тұрып кешірім алсын. Егер залым адам кешірім алмастан өлсе, оның жақсы амалы болса жасаған зұлымдығы мөлшерінде жақсы амалы алынып жәбірленушіге беріледі. Егер оның жақсы амалы болмаса, жәбірленушінің күнәларын алып, залымның мойнына іледі» (Сахих Бухари риуаяты).

Бұл дүние пәни, о дүние бақи. Бақилық өмірге сенген адамда ұлы жауапкершілік болады. Мысалы, бастықтың алдына есеп беруге дайындалған қызметкер мен көшедегі бір адамның сол кездегі ішкі сезімін салыстыру мүмкін емес. Бірі аласұрып не айтып, не қоям, қалай болады екен деген сезіммен алып-ұшып тұрса, екіншісі ештеңеден хабарсыз, түк болмағандай жайбарақат күйінде тұрады. Міне, сол сияқты ақыретке иман еткен адам о дүниеде істеген ісі үшін Алла Тағала алдында есеп беретіндігін білгендіктен, бұл өмірде ойына келгенін істемесі анық. «Бұл өмірден өткен соң, екінші өмір жоқ, бәрі бітті, шіріп жоқ боламыз», - деген өзін алдайтын жылтыр қағиданы ұстана алмайды. Ал Құран аяттары әлгіндей бос қағидалардың бірден тамырын шауып тастайды: «Олар: Тіршілігіміз дүниедегі ғана. Өлеміз, өмір сүреміз. Бізді заман ғана өлтіреді дейді. Негізінде олардың бұған байланысты мәліметі жоқ. Олар тек болжам жасайды. Оларға аяттарымыз ашық оқылған кезде, егер сөздерің шын болса, аталарымызды тірілтіп, келтіріңдер деулерінен басқа дәлелдері болмады. (Мұхаммед (с.а.у.)) айт: Сендерді Алла тірілтеді, сосын өлтіреді. Сосын сендерді қиямет күнінде шәксіз жинайды. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді». Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қиямет–қайым болған күні я сол күні бұзық құмарлар зиянға ұшырайды» (45.Жасия, 24-27).

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: