19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Матуриди: Әл-Мисақ серті

Матуриди: Әл-Мисақ серті

Ақида
Жарнама

«Әл-Мисақ» – сөзі бұл дүние тіршілігінен бұрын адам мен Алла арасында болған антты білдіреді. Қазақ халқы, «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа, «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп жауап беру салты да осыдан қалса керек.

Алла Тағала әу баста күллі адамның рухын жаратып, «Мен, сендердің раббыларың емеспін бе?», — дегенде, олар: «Әлбетте, Раббымызсың» деген. Адам мен Алла арасында болған осы уәделі келісімді «әл-Мисақ» деп атаған. Яғни, сол кезде адамзат рухының кейбірі Аллаға шынайы тәсілім болса, енді бір бөлімі тоңмойындық жасағаны жайлы да риуаяттар бар. Бұл жағдай Рабғузидің «Қисасул Әнбия» кітабында, бүкіл адамзат рухының әл-Мисақта бір бөлігі пәни дүниені қалап – кәпір, тағы біреулері пейішті қалап – мұсылман, аз бөлігі Хақ дидарын қалаған – ғашықтар болып ажыратылғаны, адамдар өз тағдырларын өздері таңдағаны аңыз түрінде баяндалады[1].

Адам болмысының екі қыры бар. Бірі материалдық әлеммен байланыста болған қоректену, киіну және өзге де күнделікті қажеттіліктерді қамтиды. Ал екіншісі, адамның рухани жағы. Бұл адамның жаратылу мәнін ашатын, рухани кемелдену арқылы шынайы құлдық мәртебесіне жеткізетін рухани жағы. Сондай-ақ, адам жаратылысындағы ар-ұждан, тазалықты сүю сынды құбылыстар адам сезімінде ақиқатты мойындау бар екендігін көрсетеді. Мұны «Әл-мисақ» сертімен байланысты деуге болады. Имам Матуриди, Құрандағы: «Раббың Адамның бүкіл үрім-бұтағының беліндегі ұрпақтарын шығарып алып, оларды өз-өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, барлығы бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!» – деп жауап берді. Біз мұны қиямет күні: «Расында, біз бұдан бейхабар едік», – деп сылтау айтпауларың үшін істедік» (Әғраф сүресі, 172-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Ғалымдар, адамдардың «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде, бірауыздан: «Әлбетте, біз бұған куәлік етеміз!» – деп жауап беруі жайлы түрлі тәуйл (жорамал) жасайды. …Біреулер, «Кейбір хабарларға сүйенер болсақ, олардың бұл дүниедегі жағдайлары, өлімдері көз алдарына елестетілді. Алайда, бұл қандай бейнеде көрсетілгені Аллаға ғана мәлім. Бұл мәселеге қатысты келген хабарлар түрлі күмән туындатып, адасуға апарудан Аллаға сыйынамыз», — десе, енді біреулер, «Адам ұрпақтарының белден шығуы, жатырда өсіп-жетілуі және бұл өмірде тіршілік етуін білдіретін, «Ендеше, адам баласы өзінің нендей нәрседен жаралғанына зер салып қарасын! Ол ытқып шығатын болмашы сұйық судан жаралды. Ол сұйық бел омыртқа мен қабырға арасынан шығады» (Тариқ сүресі, 5-7 аят), «…Содан Біз дүниеге келуін қалаған ұрықты жатырларға жақсылап орналастырамыз да, белгілі уақытқа дейін сол жерде ұстаймыз. Кейін сендерді нәресте етіп, жарық дүниеге шығарамыз. Содан соң (ақыл-ой, күш-қуат жағынан) кемелденіп, өсіп-жетілулеріңе жағдай жасаймыз. Араларыңнан кейбіреулер жастай өледі, ал енді біреулерің әбден қаусап, алжитын шаққа дейін жетеді…» деген аяттардан көп нәрсені аңғаруға болады. Өйткені, адам баласы ата-анасының бойына қалай бітіп, қалай өсіп-жетілгенін білмейді. Адамның бұл даму процесіндегі күнделікті өзгерістерден ата-анасы да хабарсыз. Тіпті, адам баласы ересек болып, ақылы толған кездің өзінде өзінің әрбір іс-қимылын қадағалап, мөлшерін ұға алмайды. Алла Тағала: «Өз болмыстарыңда да талай айғақтар бар. Сонда да көрмейсіңдер ме?!», (Зәрият сүресі, 21-аят) – дейді. Міне, осының бәрі адам ұрпақтарының өз-өздеріне куәлік етіп, Жаратушы Иесін тану арқылы иман етулерін (Яғни, әл-Мисақ уәдесі – адам анасының бойына бітіп, дамып жаратылуы мен бұл өмірде тіршілік ету кезеңдерін ой елегінен өткізе отырып, Жаратушы күш бір Алла екендігіне куәлік етуін) әл-Мисақта берген уәделері деуге болады», — дейді. Бұл соңғы жорамал алғашқыларына қарағанды аяттың мәнін аша түседі, дұрысрағы болып табылады»[2] деген.

Адам жан дүниесіндегі таза рухы мен ұжданы құдіретті Жаратушы Хақты мойындауға итермелейтін негізгі күш болса, сол рухани күш әл-Мисақта қалыптасқан. Сондай-ақ, жаратылысқа қарап ой жүгірткен жан үшін сол кездегі серті, уәдесі жадында қайта жаңғырып, Жаратушысына қайта қауыштырса, ал әл-Мисақтағы уәдесін ұмытқан жанның да Жаратушысын ұмытары анық. Сол себепті, қазақ халқы «Уәде – Құдайдың сөзі» деу арқылы әл-Мисақ уақиғасын әркімнің жадына құйып отырған.

Абдусамад ОҚАН,
дінтанушы

kazislam.kz

Бөлісу: