14
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Өмірдің бітуі мен ажал мәселесі

Өмірдің бітуі мен ажал мәселесі

Ақида
Жарнама

Дүниедегі тіршілік атаулының ғұмыры Жаратушының әу баста тағдырға жазған мөлшерімен өлшенеді. Ешкім де сол межеден не артық, не кем өмір сүре алмайды. Пенде өзіне бұйырылған рызық-несібесіне қол жеткізіп, дәм-тұзы таусылған соң пәни өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмір сапарына көш түзейді. Себебі, өмірді де, өлімді де жаратушы – бір Алла.

Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе‑бет келері хақ екендігі қасиетті Құранның «Имран» сүресінде: «Әркім өлімді татады» (Али Имран сүресі, 185) деп тайға таңба басқандай анық айтылады. Әрине, бұл ойлы жанға үлкен сабақ. Сонымен қатар, Құранда өлімнің уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды» (Уақиға сүресі, 60). Алла әрбір пендеге тек өзіне тән өмір өлшемін нәсіп еткендіктен, кімнің қанша уақыт ғұмыр кешетіндігі біз үшін беймәлім. Ол әрине, бір Аллаға аян. Кейде пенденің денінің саулығына, жас‑кәрілігіне қарап, «пеленшенің денсаулығы аттай екен, ал түгеншенің ғұмыры санаулы, тіпті ауру меңдеп алыпты ғой өзін» деп, соған байланысты біреудің өмірінің ұзақтығы мен қысқалығы тұрғысында тон пішетін кездеріміз де болады. Ал, тіршілікте бәрі де біз ойлағандай бола бермесі белгілі. Тепсе темір үзетін жігіттердің де аяқ астынан ажал құшып жатқаны да ешкімге жаңалық емес.

Демек, ажал күтпеген сәтте келері анық, өлімнің ерте-кеші, жасы не кәрісі болмайды. Пенденің тағдырында жазылған ажал сәті келгенде, Әзірейл періште оның жанын бір сәт те болсын кешіктірместен алады. Өлімнің уақыт сәті таянғанда ешқандай кешігу немесе ерте кету деген ұғымның әсте болмайтындығын мына аяттардан білеміз: «Әрбір адамның ажалы бар. Оларға ажал келген кезде, бір сағат бұрын және кейін кешіктірілмейді» (Ағраф сүресі, 34). «Әрбір үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де, іл- герілетілмейді де» (Юнус сүресі, 49). «Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді» (Мунафиқун сүресі, 11). Демек, пенденің тағдырына жазылған дәм‑тұзы біткенде оны өлімнен ешқандай күш ұзарта да, арашалап қала да алмайды.

Бірақ, осы мәселеге байланысты Хазіреті Пайғамбарымыздың өмірді ұзартатын амалдардың бар екендігі жөнінде айтылатын хадистері бар. Бұған мысал ретінде садақа беруді айтуға болады. Расында да адам садақа беру, не басқа да қайырлы амалдар, дұғалар жасау арқылы ғұмырын ұзарта ала ма? Әлбетте, ұзарта алмайды. Себебі, әу баста пенденің ғұмыры белгіленгенде, Алла оның не істейтіндігін, садақа беріп‑бермейтіндігін, нендей қайырлы амалдар жасайтындығын, немесе жасамайтындығын білген. Пенденің өлшеулі ғұмыр жасы да соған қарай белгіленген. Ал, Ғаламның Рақым нұрына айналған ардақты Пайғамбарымыздың кейбір құлшылық түрлерінің өмірді ұзартады дегенге саятын хадисі, негізінен адамдардың аталған құлшылық түрін істеуге ынталандырудан туындаған болса керек. Яғни, бұл жерде аталған хадистердің ең бастысы, ғибраттық ұстанымдары басым екенін ескергеніміз жөн. Мұсылман кісі үшін ажалды күткеннен гөрі, жалпы ақырет үшін қандай да дайындық жасағаны маңызды.

Кейде, өмірдің тауқыметіне төзе алмаған жандар өз-өзіне қол жұмсап немесе өзіне өлім тілейтін жағдайға дейін барып жатады. Асылында, мұндай үмітсіздікке түскен кісілердің Хазіреті Пайғамбарымыздың: «Тап болған бәле-жала, апатқа қарсы ешбіріңіз өлім тілемеңіздер» (Риязус-Салихин, 2 том, 16 хадис) деген аса маңызды тұжырымын назарға алғандары дұрыс болар. Хазіреті Пайғамбарымыздың мына хадисін көкейімізде сақтап, соған қарап амал етейік: «Бес нәрсені бес нәрсе келместен бұрын олжа деп біл. Өлместен бұрын өміріңді, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, бейнеттенбестен бұрын бос уақытты, қартаймастан бұрын жастық шағыңды, кедейленбей тұрып байлықты ғанимет деп біл» (Бухари риуаяты).

Қорыта айтқанда иман негіздеріне сену – әрбір адам баласының парызы. Себебі, Ислам соңғы дін және күллі адамзат пен жын атаулыға жіберілген. Алайда жер бетін-де қаншама дін бар және әрбір дін өз сенімдерін белгілі бір жүйе арқылы түсіндіруде. Ал, дініміз исламның сенім жүйесі өте түсінікті әрі нақты дәлелдерге сүйенеді. Міне осы түсінікті әрі нақты дәлелдерге сүйенетін иман мәселелерін қамтитын саланы «ақида» деп атаймыз. Иман негіздеріне сенген адам Алланың құзырында және қоғамда «мұсылман» деп аталса, сенбеген немесе теріске шығарған пенде Алла құзырында Құран тілімен айтқанда «сенбеуші, терістеуші, қабыл етпеуші» мағынасын білдіретін «кәпір» есімін алады. Бұл – ислам дінінің қағидасы.

Ақида – мұсылманның сенімін бір бағытты әрі тұрақты ұстап тұратын сенім жүйесі. Міне сондықтан ақиданы дұрыс түсінбеу түрлі кері ағымға жетелей-тіндіктен біздер иман негіздерін толыққанды түсінуге тырысайық. Алла Тағала баршамызға жар болсын!

Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: