22
Жұма,
Қараша

һижри

Алғыс айтудың дініміздегі орны

Алғыс айтудың дініміздегі орны

Ғибратнама
Жарнама

Қазақ халқы – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Кез келген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді.

Кең пейілді қазақ халқы қашан да алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға, айналаңызға ризашылық білдірудің тиімді әдісі. Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін даналық сөз.

Ал, алғыс айтудың дініміздегі орны қандай? Бұған қатысты бірнеше құран аяттары бар.

Бірінші аят:

«Содан көп ұзамай қос бойжеткеннің біреуі имене басып келді де: «Сізді әкем шақырып жатыр. Бізге қолұшын беріп, малымызды суарып бергеніңіз үшін ақыңызды бермек» – деді» («Қасас» сүресі, 25-аят)

Қысқаша түсіндірме: Мұса (ғ.с.) бейтаныс бойжеткендерге қолұшын беріп, жәрдем еткен кезде ақы алу ниетінде болмаған еді. Бірақ, жер бетіндегі Алла Тағаланың қойған заңдылық әдебіне сәйкес қыздардың әкесі жәрдемдескен ер азаматқа алғыс ретінде сыйақы беруді қалады. Мұсылман үмметіне адамдарға алғыста болудың маңыздылығын Раббымыз осы аятта  үйретіп, баян еткен.

Екінші аят:

«Сендер Мені еске алыңдар (яғни, маған құлшылық етіңдер), сонда Мен де сендерді еске аламын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпірлік етпеңдер» («әл-Бақара» сүресі, 152-аят).

Қысқаша түсіндірме: Алланы құлшылықпен еске алу Оның рақымын дүниеде де, ақыретте де жақын етеді. Сондай-ақ, Раббымыздың әрбір нығметтеріне шүкірлік етуіміз міндет. Шүкірсіздік, істерімізді берекесіз етеді. Яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісінде береке болмайды. Адамдар арқылы бізге жақсылық келсе, ол жақсылық Алланың әмірімен келгендіктен сол адамға алғыс айтуымыз арқылы оны жіберуші Раббымызға шүкірлік еткен боламыз.

Үшінші аят:

«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше, (уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Қысқаша түсіндірме: Адам баласына Аллаға және ата-анасына шүкірлік білдіріп, рақметін айтуы міндет. Себебі, Жаратушымыз сол ата-ананың жүрегіне мейірімділік салып, сәбидің кішкене күніндегі барлық қамқорлықтарын міндетсінбестен өз мойындарына алып бақты, қамқорлық жасады. Ата-анамызға жақсылық жасаумен, сөздерін жерге тастамай тыңдап, бойұсыну арқылы оларға алғысымызды білдірген боламыз. Ал, ата-анамызға бағынуымыз өз кезегінде Алла Тағалаға шүкірлік еткен болып жазылады.

Төртінші аят:

 «Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар» («Ибраһим» сүресі, 7-аят)

Қысқаша түсіндірме: Егер әрбір жақсылыққа шүкір ететін болсақ, жақсылық жасаушы кісіге алғысымызды білдірер болсақ, сөзсіз Алланың біздерге жақсылығы мен берекесі үздіксіз келетін болады.

Бесінші аят:

«Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!» («Рахман» сүресі, 60-аят).

Қысқаша түсіндірме: Дүниеде сауабы мол ізгі істерге ұмтылып, атқарып  жүрген болсақ, ақыретте Раббымыздан да тек жақсылық қана көретін боламыз. Сонымен қатар, жақсылық жасаушыларға міндетті түрде ізгіліктерінің қайтарымы ретінде жақсылықпен жауап беруіміз керек. Ең болмағанда жақсы сөзбен алғыс білдіру мұсылмандығымыздың белгісі әрі аталған аятқа амал жасаған боламыз.

 

Асыл дініміздегі ізгілердің алғыс айтуға байланысты мынадай маржан сөздері бар:

Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Егер біреу өзінің бауырына: «Алла сені игілікпен жарылқасын», – деп айтқан сөзіне не берілетінін білсе, сөзсіз бір-біріне бұл сөзді өте көп айтар еді», – деген.

Сағид ибн Жубәйірден (р.а.): «Егер маған мәжуси (отқа табынушы) жақсылық жасар болса. Мен оған алғыс білдіріп, рақмет айтуым керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «иә», – деп жауап берген.

Ибн Әсир (р.а.): «Алла Тағала пендесінің Өзіне деген нығметтерінің шүкірін қабыл етпейді, егер пенде адамдардың жақсылықтарына шүкір (алғыс) білдірмеген болса», – деп шүкірсіздіктің сырын айтқан.

Имам Хатаби: «Кімде-кім адамдардың жасаған жақсылықтарына алғыс білдірмесе, Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытқаны және оны жасырғаны әрі мойындамағаны», – деген.

Ибн Араби: «Адамдарға алғысы болған кісіге Алланың шүкірлігі болады. Ал Алланың шүкірлігі нығметтің артуы, жақсылықтың тұрақты жалғасуы, сол арқылы дүниесіне де, ақыретіне де пайда келтіруі деген сөз».

Зуннун Мысри: «Өзіңнен жоғары тұрған адамға алғыс – бойұсынумен, өз деңгейлесіңе алғыс – рахмет айтумен, ал өзіңнен төмен адамға – жақсылық жасаумен болады», – деген екен.

ummet.kz

Бөлісу: