22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалай алғыс айтқан?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қалай алғыс айтқан?

Ғибратнама
Жарнама

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны», – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай алғыс айтқан? Хадистері мен хиссаларлардан алғыс айту, шүкіршілік көріністерін ұсынамыз.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түні бойы аяқтары іскенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Айша (р.а) анамыз: «Уа, Алланың Расулы! Алла Сіздің бұрынды-соңды күнәларыңыздың барлығын кешірген ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз не?», – деп сұрағанда Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» – деп жауап берген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін Хадиша анамыздың орны мүлдем бөлек болды. Хадиша анамыз көз жұмса да, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған деген махаббаты бір мысқал да кемімеген. Хадиша анамыздың туыстарына қолдан келген көмегін аямайтын. Оның көрсеткен жанқиярлықтарын әрқашан аузынан тастамайтын. Адал жары Хадиша (р.а.) жайлы жиі айтатыны соншалықты, Айша анамыз Пайғамбарымызды одан қызғанатын. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамыздың жақсылықтарын тағы есіне алады. Айша анамыз шыдай алмай: «Үнемі Хадишаны айтасыз. Алла Тағала сізге одан да жас әрі әдемі әйелдер берді емес пе?», – дейді. Тозаңдай жақсылықты ұмытпайтын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Хадиша сынды қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күнсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт мені өтірікке шығарғанда, ол растап, қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп, итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Алла Тағала одан маған перзенттер нәсіп етті», – деді. Хадиша анамыз жайлы бұл сөздерді естіген Айша анамыз өзінің айтқанына ұялып: «Уа, Алланың Елшісі! Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін, бұдан кейін Хадиша жайлы естеліктеріңді айта жүруіңді өтінемін», – деп Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілін аулаған еді.

Хадистері:

Бірінші хадис:

 «Кім адамдарға (жақсылықтарына) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені» (Әбу Дәуідтің сунәнында келген. Сахих тізбекпен).

Екінші хадис:

 «Ақиқатында адамдардың Аллаға ең шүкір ететіні, адамдарға алғыс айтып жүретіні» (Имам Ахмадтың муснадінда келген)

Үшінші хадис:

«Кімде-кім азға шүкір етпесе, көпке де шүкірсіз болады. Ал, кім адамдардың (жақсылықтарына) алғыс айтпаса, Аллаға да шүкірсіз болғаны. Алланың нығметтерін айтып жүру шүкірліктің (белгісі), оны жасыру (яғни Алланың нығметтерін жоққа шығару) – күпірлік. Ауызбіршілікте болу – мейірім, ал бөліну – азап» (Имам Ахмадтың муснадінда келген)

Төртінші хадис:

«Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар» (Әбу Дәуідтің сунәнында келген)

Бесінші хадис:

«Егер кімге болмасын жақсылық жасалса, оны істеушіге: «Алла сені жақсылықпен жарылқасын», – деп айтса, оны дәріптеген болды әрі шүкірлік еткен болды» (Тирмизи, Нәсәи, Ибн Хиббан риуаят еткен).

ummet.kz

Бөлісу: