22
Жұма,
Қараша

һижри

Кім біреудің қажетіне жараса, Алла оның қажетін өтейді

Кім біреудің қажетіне жараса, Алла оның қажетін өтейді

Ғибратнама
Жарнама

Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма? Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау.

Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана. 

Кім біреудің қажетіне жараса, Алла оның қажетін өтейді. Баршамызға мәлім хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман ‒ мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды және оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала оның айыбын Қияметте жасырады», ‒ деген. (Бұхари, Муслим)

Нағыз мұсылман иманының кәмілдігін аузымен ғана емес, амалымен дәлелдейді. Өзі жақсы адам қашанда жақсылыққа асық болады, ізгілікке ғашық болады. Жәннаттық адамға Жәннаттық амалдар жеңілдетіледі, сонымен қатар, қайырымды жандарға Раббысының берер сыйы да есепсіз болмақ. Алланың Мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін Оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз.

ummet.kz

Бөлісу: