22
Жұма,
Қараша

һижри

Жұма мен Жұмақ

Жұма мен Жұмақ

Ғибратнама
Жарнама

Жұма және жұмақ сөздерінің арасын тек бір ғана әріп бөліп тұр. Екеуі де мұсылман үшін ең қажет, ең мүбәрак ұғым. Осы екі берекелі сөзді не байланыстырады?

Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды береді. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.

Алла Тағала жексенбіні Исаның (ғ.с.) қауымына, сенбіні Мұсаның (ғ.с.) қауымына, ал жұманы Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметiне мейрам күні етiп бердi.

Адамзат тарихындағы ұлық, әрі маңызды оқиғалар жұма күндері болған. Бұл жайлы Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Жұма – күн шуағы шашыл-ған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ»,– деп хабар береді (Муслим).

Шынында, жұма күні Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (ғ.с.) жаратты. Жұма күні Адам (ғ.с.) жұмаққа кірді. Осы күні Адам (ғ.с.) жұмақтан шығарылып, жерге түсірілді. Бұл оқиғалардың бәрі діни кітаптарда кеңінен баяндалған. Адам (ғ.с.) жұмақта жеме деген нәрсені жеп, күнә жасады. (Күнәнің негізі – Алланың бұйыр-ғанын істемеу). Алла Тағала оған басқаша жаза белгілеуі де мүмкін еді. Алла Тағала оны жерге түсіріп, халифа етіп қойды. Бұл – үлкен нығмет, құрмет, әрі қуаныш емес пе?! Міне, осы оқиғаларды еске алып, жұма күндері мешіттерде жиналып, Аллаға шүкір айту, дұға оқу – мұсылмандарға қарыз, әрі парыз.

Қиямет күні де жұмаға сәйкес келеді екен. Бұл да мұсылмандар үшін қуаныш. Өйткені, олар бұл күні Алла Тағалаға қауышады, жәннатқа кіреді, онда Құдіретті Иеміздің дидарын көру мүмкіншілігі туады.

Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Ендеше әр жұма сайын Жұмаққа, Жәннатқа жетелейтін ізгі амалдар жасап, Алла Тағаладан кешірім сұрап, көбірек құлшылық жасауға тырысайық!

ummet.kz

Бөлісу: