22
Жұма,
Қараша

һижри

Жеп-ішумен Алланы қалай разы етеміз?

Жеп-ішумен Алланы қалай разы етеміз?

Ғибратнама
Жарнама

Әнастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді:

«Алла Тағала құлының бір нәрсе жеп өзіне мақтау-мадақ, шүкір айтқанында, сондай-ақ, бір нәрсе ішіп ол үшін де мақтау-мадақ, шүкір айтқанында өзіне разы болады». (Мүслим: «Зікір», 89).

«Шүкір» сөзі. Өмірдің бар мәні мен күллі сырын бойына бүккен осы бір сөз адамның қандай жолда жүргенін, қай бағытқа бет алып бара жатқанын, кімнің соңынан еріп бара жатқанын, түбі қайда баратынын, қайда барып тірелетінін анықтаушы бір өлшем. Олай дейтін себебіміз, Алла Тағала атамыз Адам Пайғамбарды топырақтан жаратып, оған өз рухынан үрлеп жан бітіргенде («Хижр» сүресі, 24-аят), барлық періштелерге тағзым етіп, сәжде етуін бұйырады. Бұл әмірге Ібілістен басқасының барлығы бойұсынып, сәжде қылады. Тек Ібіліс қана тәкәппарланып Алланың әміріне мойынсұнбай, Адамға сәжде етуден бас тартады («Бақара» сүресі, 34-аят).

Осылайша Ібіліс Алла Тағаланың лағынетіне ұшырап, қаһарына қалады («Хижр» сүресі, 35-аят).⠀

Енді оған бұйырғаны тек тозақ қана. Алланың рахметі мен кешірімінен еш үміт жоқ. Үмітсіз қалған Ібіліс шайтан енді Алладан Қиямет күніне дейін тірі жүру үшін мұрсат сұрайды.⠀

Алла да оған кеңшілік етіп, рұқсат береді. Бұл мұрсатқа қолы жеткен Ібіліс өзінің тәкәппарлығы мен кінәсі ойында жоқ, бар кінәсін Аллаға арта салып, былай деп серт береді: «Мені аздырғаның үшін оларды, яғни Адам мен оның ұрпағын сенің тура жолыңның үстінен тосып аламын да, олардың алдынан, артынан, оңынан, солынан шығып азғырамын, сол кезде олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың, шүкір етпейтінін көресің!», – дейді («Ағраф» сүресі, 17-аят).

Міне, осылайша ант суын ішкен Ібілістің бұдан кейінгі бар мақсаты – лағынетке ұшырауына себеп болған адам баласын, яғни сіздер мен біздерді тура жолдан тайдырып, күпірге бойұрғызып, шүкірсіз бір пенде етіп, өзімен бірге тозаққа ала кету.

Сөз басында «шүкір – бет алысымыздың, бағыт-бағдарымыздың өлшемі» деуіміздің себебі осы еді. Демек, шүкірі бар адам – Алланың ақ жолына аяқ басса, шүкірсіз пенде Ібілістің ізімен кеткені.

Ендеше, жеп-ішкеніміз үшін де шүкір айтуды азсынбайық. Сондай-ақ, шүкір – нығметті арттырады. Өйткені, Алланың серті сондай.

ummet.kz

Бөлісу: