22
Жұма,
Қараша

һижри

Мәңгілік бақытқа қол жеткізу үшін...

Мәңгілік бақытқа қол жеткізу үшін...

Ғибратнама
Жарнама

Алла Тағала Құран Кәрімде адамның жаратылысы жайында: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық. Содан соң оны ең төменге (яғни жаратылыс атаулының ең төменгі деңгейіне) түсірдік», – дейді.

Құран аятында адамның ең төменгі бұл деңгейін – «әсфәлә сәфилин», ал ең көркем, яғни«әхсәнә тәқуим» бейнесінде жаратылған адамның ең жоғарғы мәртебесін яки мақамын – «әғлә-и ғилииун» дейді. Адамның ең төменгі деңгейге түсуі немесе жоғарғы мәртебеге өсуі – негізінен нәпсі тәрбиесіне қатысты.

Тасаууф ілімі осыған байланысты жамандықты әмір етуші «нәфс-и әммәрадан» бастап, кемелдікке жеткен «нәфс-и камиләға» дейін сатылап көтерілетін нәпсінің мәртебелерін жетіге бөлген.

Имам Ғазали: «Нәпсінің «әсфәлә сәфилин» дәрежесіне түсуі – хайуандардың және шайтандардың деңгейіне дейін түсіп, шәһуат пен ашуға құл болуы», – десе, – «Әғлә-и ғилииун» дәрежесіне көтерілуі де шәһуат пен ашудың құлдығынан құтырып, бұл екеуін керісінше тұтқында ұстау мәртебесі, ал бұл өз кезегінде періштелердің мәртебесі», - деген.

Оның айтуынша, адам періштелерге тиесілі болған бұл сипатпен Алла Тағалаға жақындап, Алланың дидарына, жамалына ғашық болады. «Тіпті, Алланың жамалына Одан бір сәтке болсын айрылғысы келмейтіндей дәрежеде ғашық болады. Жәннәттің өзі оның жанында құнсыз қалады», – дейді Имам Ғазали өзінің «Кимия ус-Сағадат» атты еңбегінде.

Имам Ғазалидің ойынша, мыс пен мырыш секілді кендерді арылтып, саф алтынға қол жеткізудің формуласы қандай қиын болса, адами жауһарды да хайуани ластықтан тазартып, періштелік мәртебеге шығарудың формуласы да оңай емес.

Мәңгілік бақытқа қол жеткізу де осында жатыр. Ал, бұл формуланы Алла Тағаланың қазынасынан ғана таба аласыз. «Алла Тағаланың көктегі қазыналары – періштелердің жауһары. Жердегі қазыналары болса, пайғамбарлардың жүрегі (көңілі)», – деген Имам Ғазали «бұл «мәңгілік бақыт» формуласын пайғамбарлардан тыс басқа жерден іздеу – адасушылық, пайғамбардың көрсеткен жолынан тыс бақыт іздеген адам өмірін босқа өткізгені» деп түйіндейді.

Ендеше, «мәңгілік бақыт» формуласын Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінен іздейік. «Сүннет болмай, үмбет болмайтынын» да білейік!

ummet.kz

Бөлісу: