«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың» парыз екенін және оның артықшылығының мол екенін сау ақылдың бәрі қабылдайды. Оған ғалымдардың ижмағы бар болғаны сияқты, мына аяттар да айқын дәлел бола алады.
Осы мәселеге қатысты аяттар:
«(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли Имран», 3/104).
Аят жақсылыққа шақырып, жамандықты тыюдың парыз екенін көрсетеді. Себебі «болсын!» деген сөз – бұйрық. Бұйрықтың негізгі мағынасы уәжіп2. Бұған қоса, аят ақиретте азаптан құтылу тіршілікте жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға байланысты екенін білдіреді. Себебі «Міне, солар – (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» сөйлемінде соған меңзеу бар. Яғни, құтылатындар тек жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятындар деген сөз. Сондай-ақ жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың парыз-айн емес, парыз-кифая екені айтылып тұр. Яғни, кейбір адамдар мұны орындаса, қалғандарының мойнынан түседі. Себебі аятта «барлығың осы міндетті орындаңдар» деп бұйырған жоқ, «Араларыңда... бір қауым болсын...» деп бұйырды. Бір аймақта, елді мекенде осы міндетті орындайтындар бар болса, онда осы міндетті орындағандар құтылады. Ал қалған адамдардың мойнынан бұл міндет түседі.
Егер бұл міндетті орындайтын ешкім болмаса, онда адамдардың барлығы бұған жауапты болады.
«Әйтсе де, олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің арасында да (өздерің секілді иман келтіріп) тура жолға түскен қауым бар. Олар түнімен Алланың аяттарын оқып, сәждеге жығылады. Олар Аллаға һәм ақирет күніне кәміл сенеді һәм (ел-жұртты) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюға тырысады. Сондай-ақ қайырлы, игілікті істерде бір-бірімен жарысады. Міне, солар ізгі жандардың қатарында». («Әли Имран», 3/113-114).
Бұл аятта Аллаға және ақирет күніне иман келтіргендері үшін оларды ізгілер деп куәлік берген жоқ. Бұған қоса, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятындарын ғана осы иманға қосып айтты. Тек осы жол арқылы ғана ізгілерден болатынын баяндады.
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер – бір-біріне шын жанашыр дос. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды. Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Аллаға және пайғамбарына әрдайым бағынады. Міне, соларды Алла арнайы түрде шексіз мейіріміне бөлейді. Шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі). («Тәубе», 9/71).
Бұл аятта Алла Тағала мүминдерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды деп сипаттады және жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюды тәрк еткендер аяттағы бұл сипаттардан құр алақан қалады.
«Исрайыл ұрпақтарынан күпірлікке бой алдырғандар Дәуіт пен Мәриямұлы Исаның тілімен лағынеттелді. Өйткені олар (Аллаға) қарсы келіп, азғындықта үнемі шектен шығатын еді. Олар қандай да болмасын жаман іс істегенде, одан бір-бірін тыймайтын еді. Расында, олардың бұл қылығы қандай жаман еді!» («Мәида», 78-79).
Бұл аятта ескертудің ең шегі қолданылған. Себебі олардың қарғысқа лайық болуларының себебі ретінде жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюды тәрк еткендерін көрсетті.
«Уа, Мұхаммедтің үмбеті!) Сендер (Раббыларыңның қалауымен) күллі адамзаттың игілігі үшін жарыққа шығарылған (жаралған) ең қайырлы үмбетсіңдер. Үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға кәміл сенесіңдер...» («Әли Имран», 3/110).
Бұл аят жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың артықшылығын көрсетеді. Себебі бұл аятта жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарғандардың адамдардың ішінде таңдаулы, қайырлы үмбет екені баяндалуда.
«Сөйтіп, өздеріне айтылған мұншама ескертулер мен насихатты елемей ұмыт қалдырғанда, оларды жамандықтан тыюға тырысқандарды аман алып қалдық та, өз-өздерінің обалына қалғандарды иләһи үкімдерге бағынбай азғындықта шектен шығатындықтан, ауыр азапқа душар қылдық». («Ағраф», 3/165).
Алла Тағала бұл аятта олардың жамандықты тыюларының ақиретте азаптан құтылу себебі болғанын баяндайды. Бұл аят та жамандықтан тыюдың парыз екеніне дәлел болады.
«Ол мүміндер сондай кемел адамдар, егер оларға жер бетінде билік, үстемдік нәсіп етсек, олар намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді, жақсылық пен туралыққа бұйырып, жамандық атаулыдан тыюға тырысады» («Хаж», 22/41).
Аятта бұл іс намаз және зекетпен қатар мүміндердің сипаттарының арасында аталды.
Алла Тағала мүмин және ізгі адамдар туралы баяндағанда жақсырыққа шақырып, жамандықтан тыюды да жақсы қасиеттердің қатарына қосқан.
«...Өздеріңді Аллаға жақындататын иман, садақа, намаз, сабыр сақтау сынды) ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар» («Мәида», 5/2).
Бұл нақты бұйрық. Жәрдемдесудің мағынасы – мүмкіндігінше жамандықтың жолын жауып, жақсылықтың жолын оңайлату және жақсылыққа шақыру.
«Ең болмаса араларындағы елді тура жолға шақыратын діндарлары мен ғұламалары оларды ауыр күнәға батыратын сөздер айтудан және харам нәрселерді жеуден тыйса игі еді. Бірақ қайдан! Шынында, олардың өздерінің істеп жүрген істері де оңып тұрған жоқ!» («Мәида», 5/ 63).
Бұл аятта олардың жақсылыққа шақырып, жамандықты тыюды тәрк ету арқылы күнәға батқандары баяндалуда.
«Сендерден бұрынғы дәуірлерде өмір сүрген қауымдардың ішінде жер бетінде бүлік шығып, бұзғыншылық орын алмауы үшін аянбай еңбек еткен (иман, ілім, көркем мінез-құлық және игі істер сынды) өшпес құндылық иелері болғанда ғой. Өкінішке қарай, олардың арасында осынау ұлы мақсатта еңбек еткені үшін (азаптан) аман алып қалғандарымыз өте аз болды» («Һуд», 11/ 116).
Алла Тағала бұл аятта бұзғыншылық пен бүліктен тыйған аз ғана адамды құтқарып, басқаларын апатқа ұшырататынын баяндауда.
«Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлікке жүргенде, тіпті өздеріңнің, ата-аналарыңның және туған-туыстарыңның зиянына болса да, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар. (Біреуге жақтасып немесе қарсы куәлік еткендеріңде) мейлі бай, мейлі кедей болсын (туралықтан таймаңдар)» («Нисә», 4/135).
Бұл аят та ата-ана мен өзге жақындарды жақсылыққа шақыруды меңзейді.
«Олардың күңкілдерінің, оңаша бас қосқан құпия жиналыстарының көбінде қайыр жоқ. Алайда мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың оңаша бас қосып, өзара кеңес құрғанының жөні бөлек. Кімде-кім мұны Алланың разылығына бөленуді қалап істесе, оны зор сауапқа (сый-сияпатқа) бөлейміз» («Нисә», 4/114).
«Егер мүміндерден екі топ бір-бірімен соғысса, уақыт оздырмай араларын жарастырыңдар» («Хужурат», 49/9). Түзетуді, азғындықты жойып, бойсұнушылыққа шақыруды баяндап жатыр. Егер қарсы шығудан бас тартпаса және ғибадатқа қайта оралмаса, Алла Тағала мұндай адамдармен соғысуға үндеп, былай деп бұйырған: «Ал егер олардың бірі екіншісіне орынсыз шабуыл жасаса, онда шабуыл жасаған топқа соғыс ашыңдар, сөйтіп шабуыл жасаған топ Алланың үкіміне мойынсұнғанға дейін оларға қарсы бірігіп соғысыңдар» («Хужурат», 49/9).
материал «Жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю» кітабынан алынды,
ummet.kz