29
Жұма,
Наурыз

һижри

Берекеге бөленгіңіз келсе...

Берекеге бөленгіңіз келсе...

Ғибратнама
Жарнама

Күнделікті өмірде ісіміздің өнімді болуы, жұмыстың алға басуы, молшылыққа кенелу – бәрін бір сөзбен «береке» деп атауға болады. Аз жасап, көпке ие болу, қысқа уақыт ішінде қыруар нәрсе істеп үлгеру Алла Тағаланың рақымымен жүзеге асады.

Қазіргі уақытта береке – жоғалған қазына секілді, оның іздеушісі де көп. Көптеген адамдардың «жұмысымда береке жоқ, ұйқымда береке жоқ, уақытымда береке жоқ, тапқан табысымда береке жоқ» деп шағымданып жүргенін естиміз. Бұл мақаламызда берекенің құпия сырларын ашатын боламыз: береке деген не және оны қайдан іздеу керек?

Береке деген не?

Береке деген – Құдайдың рақымы, ол бір затқа әсер етсе, оны көбейтеді. Көп затқа әсер етсе, пайдасын ұшан-теңіз етеді. Ал барлық істегі береке – осы нәсіп болған берекені Алла Тағала рұқсат еткен істерге жұмсау.

Береке көздері

Береке – бұл жоғалып кеткен құндылық емес. Керісінше, күн сайын жанымыздан сусып өтіп жатыр, тек соқыр көңілмен көре алмай жүрміз. Береке, іздегендерге табылады. Төменде бірнеше береке көздерін тізіп шықтым.

1. Ізгі ниет. Ісіңде берекет болғанын қаласаң, ол үшін ізгі ниетті көшбасшы ет. Тарқатып айтқанда, қолға алған істің Алла разылығы үшін жасалуына мән бер. Ізгі ниетсіз жасалған іске мейірім мен рақым ұяламайды.

2. Тақуалық және Аллаға терең иман ету. Құранда Жаратушымыз былай деп нұсқаулық етеді: «Егер кент тұрғындары иман етіп және тақуалық еткенде, Біз аспан мен жерден оларға береке төгіп қояр едік». «Алладан шынайы түрде қорыққандар үшін Ол кез келген тығырықтан шығар жол тауып береді және олардың ойына кіріп-шықпаған жерлерден ризықпен қамтамасыз етеді». («Ағраф» сүресі, 96-аят және «Талақ» сүресі, 2-3-аяттар).

3. Аллаға тәуекел ету. Тағы сол Құранда Жаббар Иеміз айтады: «Аллаға тәуекел еткендерге, Алла оған жеткілікті. Алла Өз ісін соңына дейін жеткізеді. Ол барлық затқа өлшем берді». Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді: «Аллаға шынайы тәуекел ете 

алсаңдар, Ол сендерді құсты ризықтандырғандай жасар еді: олар таңда ашқұрсақ ұшып шығады да, кешке жемсауы толып қайтады».

4. Құран оқу. Құран оқу – берекенің бұлағы! Өкінішке орай, бұл бұлақтан қанып ішіп жатқанымыз некен-саяқ. Құранда Алла Тағала айтады: «Біз түсірген бұл Құран береке әкеледі және өзінен бұрынғы түсірілгендерді мақұлдайды» («Анғам» сүресі, 92-аят). Сондықтан үйіңе береке мен рақым төгіліп кіргенін қаласаң, Құран оқуды әдетке айналдыр. Бұл қасиетті кітаптан қаншалықты алыстасақ, тіршілігімізде береке соншалықты аз болады.

5. Бисмиллә айту. Бір іс бастар кезде «бисмиллә» деп айтсаң, сол іске Алла Тағаланың қасиетті есімін қатысты қыласың; сол іс берекелі болып қана қоймай, оның жанына шайтан жақындай алмайды. Барлық шаруаңды «Бисмилләмен» баста! Мән бермейтіндіктен, кейде бұл сөзді айттық па, айтпадық па, білмей қаламыз. Бұл құрметсіздік, сондықтан іс басында берекелі сөзді жан-тәніңмен сезініп, жүйкеңді шымырлатып айт.

6. Адамдармен бірге тамақтану. Қонақжай халқымыз үшін бұл таңсық нәрсе емес. Бәріміз де білеміз, қонақ келгенде аз болып қалады-ау деген тағам бәріне жетіп артылады. Ибраһим пайғамбарға періштелер қонақ болып келгенде, ол молынан жас ет пісіріп, көңіл толатындай күткен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бірге отырып тамақтаныңдар, берекет жамағатта...» дейді және «Екі адамның тағамы үш адамға, төрт адамның тағамы бес-алты адамға жетеді» деген.

7. Саудада адалдық. «Адал саудагер кедейленбейді» деген сөз бар. Саудадан көл-көсір пайда түсіремін деп, жалған ант беру және алдау бүкіл берекені жоқ етеді. Сатып жатқан тауарлардың кем-кетігі болса, сатып алушыға ескерту керек, мұндай саудада береке тұнып тұрады. Әбу Ханифаның кемшілігі айтылмай сатылып кеткен бір мата үшін, бүкіл керуеннен түскен пайданы садақа етіп таратқанын еске алайық. Осыншама адалдығына байланысты, Имам Ағзамның саудасы берекелі болып, бүкіл шәкірттерінің киім-тамағын, жатын орнын өзі өтеген.

8. Дұға ету. Алладан береке тілеп, дұға ет! Пайғамбарымыз көптеген дұғасында өзі үшін, отбасы үшін, қонақ еткен үй иесі үшін Раббымыздан береке сұраған. Бауырың үшін «Алла ісіңе береке берсін!» деп айту да берекеге себеп.

9. Адал табыс. Арамнан тапқан азықпен тамақтанған адамның буындары Аллаға бағынбайды. Кімде-кім адал ас іздесе, ол жиһад жасағанмен тең. Адалды тұтынған адамның мүшелері құлшылық жасауға бейім, жақсылыққа ұмтылғыш.

10. Барлық нәрседе Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) сүннетіне еру. Адамзат тарихындағы ең берекелі адам – ол біздің Пайғамбарымыз. Оның өмір сүру стиліне еру, яғни сүннетін берік орындау арқылы бітпейтін берекенің қайнаркөзін ашамыз. Мысалыға айтсақ, сәресін ішу, оң қолмен және ыдыстың өз жағыңнан жеу, Айт намазына бару, тамақтанып болған соң саусақтарыңды жалау, оң жағыңмен жатып ұйықтау, мисуакпен тіс тазалау т.б.

11. Истихара намазын оқу. Екі істің қайсысын жасаған дұрыс? Ойға алған бір істі жасағаным қайырлы ма деген секілді сұрақтарда Алла Тағаланың шешіміне қалдыру керек. Яғни, истихара намазын оқып, Раббымыз қай шешімді жүрегімізге жақын етеді, соған ұмтылу. Біздің дүниелік және ақыреттік бақытымыз үшін қай істің қайырлы не қайырсыз екенін бізді жаратқан Жаратушымыздан артық кім білсін. Осы бір қарапайым амал арқылы қай істе береке бар екенін анық біле аламыз.

12. Шексіз шүкіршілік айту. «Шүкір етсеңдер, нығметімді  арттыра беремін» деген Алланың уәдесі бар.

13. Садақа беру. Садақа берудің кереметі – оны берген сайын дүниең артады. Мал-мүліктің берекеттенуіне себепші болады. Уайым кешіп, ісің алға баспай, екі ортада қалып қойғандай сезінсең, қолыңмен жасаған күнәңнің кесірінен береке қашып кетсе, мұндай жағдайда берекеге тез жетудің жолы – садақа беру. Садақа күнәні жояды, жақсылықты арттырады және берекенің көзі болып табылады. Дәл қазір садақа бер!

14. Туыстық қарым-қатынасты үзбеу. Туыспен жақсы байланыста болу, сонымен қатар адамның өмір жасын ұзақ етеді.

15. Таңда ерте тұру. «Алла Тағала таңғы уақытты менің үмбетіме берекелі етті» дейді Пайғамбарымыз. Таңертеңгі аз уақытта көп іс тындыруға болады. Қазақ айтты емес пе: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп.

16. Үйлену. Кедейліктен қорқып, үйленгісі келмейтіндерге Құран айтады: «Жастарды үйлендіріңдер. Тұрмысы нашарларды Алла Өз кеңшілігімен байытады!»

17. Намаз оқу – бес уақыт құлшылық бес мезгіл берекемен сусындатады.

18. Тәубе ету – мейірімді Раббымыздың құлында көргісі келетін амалы. Кім көп кешірім сұрайтын болса, Раббымыз оны кез-келген қиындықтын суырып алады, күтпеген жерінен ризық нәсіп етеді, уайымын сейілтеді.

Берекенің көздері мұнымен бітпейді. Байқасақ, берекеге бөленудің кілттері түгел қолымызда екен. Ендеше, айтылғандарды амалда іске асырып, өміріміздің бір бөлшегі етейік.

материал «Мені өзгерткен Рамазан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: