Омар (Алла одан разы болсын) рамазан айында түнгі құлшылықты әдетке айналдырып, түннің жартысында «Таха» сүресінің 132-аятын оқып (Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл. Біз сенен ризық тілемейміз. Сені біз ризықтандырамыз) одан соң өз отбасын намазға тұрғызатын.
Ибн Омар (Алла одан разы болсын) Рамазан ауызашарында тек міскіндермен, жетімдермен және пақырлармен бірге болатын. Тамағының бір бөлігін соларға беріп, көбірек садақа жасауға тырысатын еді.
Жалпы айтқанда тек Ибн Омар ғана емес, басқа бірнеше сахабалар да Рамазан айында кедей-кепшік, жетім-жесірлерге тамақ жеткізіп, олармен бірге ауыз ашқандығы жайлы риуаяттар жетерлік.
Онымен қоса игі сахабалар Рамазан айында садақаға да көп көңіл бөлген.
Бұл жайлы хазірет Омар (Алла одан разы болсын) былай дейді:
«Исламның кең таралуы үшін Расулаллаһ бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі. Ішімнен «әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба» дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Аллаһ елшісіне әкеліп табыс еттім.
Аллаһ елшісі «Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім.
Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен.
Расулалла (с.ғ.с) одан, «Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?», – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Алла мен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым».
Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен Әбу Бәкірден ешқашан да оза алмаспын» деп түйдім.
материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,
ummet.kz