19
Жұма,
Сәуір

һижри

Әбу Ханифа: «Ақиқатты айтқаныма ақы дәметпеймін»

Әбу Ханифа: «Ақиқатты айтқаныма ақы дәметпеймін»

Ғибратнама
Жарнама

Аббаситтер халифасы Мансұр мен әйелі арасында дау туады. Халифа тоқал алмақшы, бірақ әйелі оған наразы екен.

Екеуі ренжісіп біраз жерге барып қалады. Ақырында Әбу Ханифаға келіп жүгінеді. Әбу Ханифа:

– Жұбайларын алаламаған, балаларына әділ болған жағдайда ғана ер кісіге төрт әйелге дейін алуына рұқсат етілген. Әділетті бола алмайтындарға бір әйелмен шектелуі әмір етіледі. Алла Тағаланың «Егер жетімдердің ақысына құрмет көрсете алмаудан қорықсаңдар, ұнатқан әйелдердің екеуін, үшеуін, төртеуін алыңдар. Әділетсіздік жасаудан қорықсаңдар, біреу алыңдар. Сонымен жарастықта өмір сүріңдер. Бұл анық әділетті жол» деген аяты бар. Бізге Алланың тәмірін орындау ғана жарасады. Алла Тағала бұл жерде бізге әдеп сабағын беріп, «бір әйел алып, сонымен өмір сүріңдер» деп айтуда, – деп түсіндіреді.

Мансұр ғалымның айтпағын түсініп, амалсыздан үйіне қайтады. Ертеңінде халифаның сарайынан Әбу Ханифаға бір қызметші келеді. Жетегінде қазына артқан түйе мен жал-құйрығы төгілген жорға бар екен. Бұл имамға разылығын білдіріп халифа әйелінің жіберген сыйлығы екен. Имам қызметшіге сыйлықты алмайтынын айтып:

– Оған сәлем айт, мен діни міндетімді ғана атқардым. Ақиқатты айтқаным үшін ақы дәметпеймін. Әлдекімге жағыну да ниетімде болған емес. Ешқашан дүние көздеп пәтуа берген емеспін. Төрелік етсем, тек Алла разылығы үшін төрелік еттім, – деді.

материал «Тағылым таразысы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: