26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Бұл тамақтан «зікірдің» дәмін сездім»

«Бұл тамақтан «зікірдің» дәмін сездім»

Ғибратнама
Жарнама

Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) Имам Мәликтің (рахимахуллаһ) үйіне қонаққа келеді. Ол уақытта Шафиғи үлкен ғалым екен деген елдің ішінде гу-гу әңгімелер жүріп жатқан болатын. ⠀

Имам Мәлик (рахимахуллаһ): "Сіз құрметті қонақсыз, бүгін менің үйіме қонып кетіңіз"-деп қолқа салды. Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) келісімін берді. Имам Мәликтің (рахимахуллаһ) екі қызы қонаққа ас дайындады. Дайын болған кешкі асты Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) түк қалдырмай жеп қойған екен. Құптан намазы біткен соң қыздары құманға су құйып: "Мынаны қонаққа берерсіз, түнде тахаджутке тұрса дәретін алсын"- деп, әкесіне берді.

Келесі күні таң намазын оқуға Имам Мәлик пен Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) мешітке қарай аяңдайды. Қыздары келіп, құманды қараса, құмандағы су әлі сол күйінде тұр екен. Әкесі мешіттен келгеннен кейін қыздары: "Уа, әкешім, мына келген қонақ Имам Шафиғи емес сияқты ғой" деп қалады. Әкесі таңданып, себебін сұрағанда қыздары: "Біз естіп жүрген Имам Шафиғидің ісіне ұқсамайды ғой мына кісінің қылғаны. Кеше біз бір табақ тамақ қойған едік, бәрін жеп қойды. Ғалым кісі өзінің қарнымен шұғылданып жүр ме, әлде дінмен шұғылданып жүр ме? Тахаджутке тұрар деп біз ол кісіге су дайындап қойып едік, тахаджутке де тұрмапты"- деп ойларын ашық білдіреді.

Бұны естіген Имам Мәлик (рахимахуллаһ) те ойланып қалады да, себебін білмекке Имам Шафиғиге (рахимахуллаһ) келіп:

-"Менің қыздарым осылай деп сұрап жатыр? Бұл қалай болғаны?" - дейді. Сонда Имам Шафиғидің (рахимахуллаһ) айтқан сөзі бар: "Білім алып жүргенімде менің он алты жыл бойы қарным тоймаған". Әлбетте Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) қарнын тойдырумен шұғылданып жүрген кісі емес еді. Содан Имам Шафиғи (рахимахуллаһ) сөзін жалғап: "Бір табақ асты жеп қоямын деп мен өзім де ойламадым. Бірақ қашан мен аузыма бір лұқма тамақты салғанымда бұл тамақтан мен "зікірдің" дәмін сездім" деді.

"Зікірдің дәмін сезінгенде мен мына табақтың ішінде бір ерекше нұр бар екенін білдім. Сол нұрдан мақұрым қалуға менің жүрегім шыдамады, керісінше бәрі бойыма тарап кетсін деп, бәрін түгел жеп қойдым. Соны берекесі себепті мені түні бойы ұйқы да қысқан жоқ. Таң намазына дейін бір аяттан бес жүз мәселе шығардым. Бұның бәрі сіздің жылдарыңыз дайындаған тамақтың берекесінен" деген екен. Әйелдер қауымы, дайындап жатқан тамақтарыңыз жәй желініп қана қояды деп ойламаңыздар. Егер сіз мақсатты солай қана қойсаңыз, әрине ол онда тек желініп қана қоя салатын тамақ болады. Ал сол асты дайындап жатқан уақытта зікірмен әзірлесеңіз, күйеуіңіздің, балаларыңыздың, келген қонақтардың құлшылық ғибадаттарына өте үлкен көмекші болады.

Әйел адамдар үйде тамақ пісіріп жатқанда Алланы еске алып, тасбихын айтып, СубханАлла, АльхамдуЛилля, Аллаху акбар деп жүрсе, оның тамағыда пісе береді, Аллаға да жақындығы арта береді. Ол әйелдің Алланы еске алып пісірген тамағында береке де болады. Алланы еске алмай басталған істің нәтижесі болмайды, арты үзіліп, берекесі кетеді деп хадисте ескертілгендей, күнделікті қуат алып жүрген асыңызға дейін берекелі болсын десеңіз, Алланы есіңізден шығармаңыз! Ол аспен балаңыз ризықтанады, балаңыздың жүрегіне нұр ұялайды. Кішкене бір амалдың астында үлкен бір керемет сырлар бар.

материал «Шүкіршілік дәптері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: