Мұса отбасымен Мысырға жетіп, анасымен көрісіп, мауқын басқан соң, Һарунды ертіп алды.
Алла Тағала: «Өзің мен туысың екеуің мұғжизаларымды апарыңдар. Мені еске алуда селқостық танытпаңдар. Екеуің перғауынға барыңдар. Өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар» («Таһа» сүресі, 42-44 аяттар), – деді.
Сөйтіп, ол екеуі перғауын сарайына келеді. Сарайға келіп есік қаққанмен, күзетшілер ішке кіргізе қоймады. Мұса күзетшілерге: «Мен – елшімін», – дейді. Әдетте перғауынға жер-жердің патшаларынан елшілер жиі келетін. Күзетшілер Мұсаны сол елшілердің бірі екен деп ойлап, перғауынның алдына кіргізеді. Мұса перғауынға: «Біз – бүкіл әлемдер Раббысының елшісіміз», – деді. Алдына келген Мұсаны перғауын шырамытқандай болды. Мұса талабын айқындап: «Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер!» – деді. Сонда барып перғауын Мұсаны жазбай танып: «Сен Мұса емессің бе?» – дейді. Мұса: «Иә», – деп жауап береді.
Перғауын оған зілдене: «Сені бала қып асырамадық па? Өміріңнен неше жыл арамызда болдың. (Сөйтіп жүріп) істеріңді істеп кеттің. Сен қарсы келушілерденсің», – деп жазғырды.
Мұса: «Мен ол істі істеген кезде қателескен едім. Сондықтан сендерден қорқып, қаштым. Ақыры Раббым маған хикмет беріп, пайғамбарлардан қылды. Сенің Исраил ұрпақтарын құл етіп, маған міндетсінген қайырың осы», – деді. Перғауын одан әрі тәкаппарлана: «Әлемдердің Раббы деген не тәйірі?» – деді. Мұса: «Егер анық сенетін болсаңдар, Ол – жер-көктердің әрі екі арасындағылардың Раббы», – деп жауап берді. «Перғауын маңайындағыларға: «Естімей отырмысыңдар?» – деді. Мұса сөзін жалғап: «Ол – сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббы», – деді.
Перғауын: «Нақ осы сендерге жіберілген пайғамбар мүлде жынды», – дегенде, Мұса: «Егер түсінер болсаңдар, Ол – шығыс пен батыстың және екі арасындағылардың Раббы», – деп тіл қатты («Шұғара» сүресінің 16-28-аяттарын қараңыз).
Осылайша, Мұса перғауынның санасына сыймайтын нәрселерді айта бастады. Ал перғауын өзін тәңірмін деп санайтын. Мұсаның айтқан дәйекті сөздерінен абыройына нұқсан келуінен қауіптеніп оған: «Егер менен басқаны тәңір етіп алсаң, сөзсіз, сені түрмеге саламын» («Шұғара» сүресі, 29-аят), – деді.
Перғауынның қоқан-лоққысына Мұса: «Егер саған анық дәлел келтірсем де ме?» – деп сұрақ қойды. Перғауын қасарыса: «Ал шын айтушылардан болсаң, әкел оны» («Шұғара» сүресі, 30-31 аяттар), – деді.
Перғауынға жасалған дағуат: «Екеуің барып: «Біз – Раббыңның саған жіберген елшісіміз. Енді Исраил ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Тура жолдағыларға сәлем болсын. (Бізді) жалғанға шығарып, бет бұрғандарға азап болары уахи етілді», – деңдер» («Таһа» сүресі, 47-48 аяттар), – деп көрсетілген.
Мұсаның бұл сөздеріне перғауын нанбай: «Ей, Мұса! Раббыларың кім?» – дейді. Сонда пайғамбар: «Раббымыз әр нәрсеге бейне беріп, сосын оны тура жолға салған», – деді.
Перғауын оны әжуалай: «Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің жағдайы қандай?» – деп сұрады. Оның бұл мысқылына Мұса: «Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды әрі ұмытпайды» («Таһа» сүресі, 47-52 аяттар), – деп жауап берді.
Енді бар мәселе мұғжиза көрсетуге келіп тірелді. Олар: «Кереметіңді көрсет!» – дегенде, «ол таяғын тастады да, сонда ол көпе-көрнеу жылан болды және қолын шығарды. Ол қараушыларға аппақ көрінді» («Шұғара» сүресі, 32-33 аяттар).
Перғауын мен оның адамдары теңдессіз мұғжизаның куәсі болды. Десе де, перғауын өзінің беделіне нұқсан келуден, адамдар арасында өзіне қарсы бүлік тууынан қауіптеніп: «Ей, Мұса! Сиқырың арқылы бізді жерімізден шығару үшін келдің бе? Әрине, біз де сол тәрізді сиқыр әкелеміз. Ендеше, біз бен өз араңда бір уәделі жер белгіле. Біз де, сен де айнымайтын бір ыңғайлы орын болсын», – деді. Мұса: «Уәделі уақыттарың мереке күнгі ел жиылатын сәске болсын» («Таһа» сүресі, 57-59 аяттар), – деп шарт қойды.
материал «Пайғамбарлар хиссасы» кітабынан алынды,
ummet.kz