28
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

«Он бәледен құтылу үшін ақымақтың бір жамандығына сабыр етіңдер»

«Он бәледен құтылу үшін ақымақтың бір жамандығына сабыр етіңдер»

Ғибратнама
Жарнама

Білімді адам жанашыр, насихатшыл болуы керек. Іштарлық ғалым адамға мүлде жат қасиет. Көреалмаушылық ешкімге пайда берген емес.

Ұстазымыз Шейх Ислам Бурһанаддин (р.а.): «Негізінен мұғалімнің баласы ғалым болады. Өйткені мұғалім өз шәкірттерінің  Құран ғалымы болуын қалайды. Міне, бұл мұғалімнің сенімі мен жанашырлығының берекесі», – дейтін еді.

Садрул-Ажал Бурһан өзінің екі ұлы Садру Шаһид Хусамаддин мен Садру Саъид Насыраддиннің (р.а.) сабақ уақытын барлық дәрістерден кейінгі үлкен сәскеге белгілейді екен. «Бұл уақытта шаршап зауқымыз қашып кетеді» деген балаларына: «Маған ғаріптер мен сыйлы кісілердің балалары жердің түкпір-түкпірінен келеді. Сондықтан олардың дәрісін бірінші кезекте беруім керек», – дейтін көрінеді. Ғалымның жанашырлық берекесімен ол кісінің екі ұлы сол ғасырдағы көптеген фақиһтардан биік болған деседі. Білім адамы ешкіммен таласпауы керек және жауласпағаны жөн. Бұл оның уақытын зая етеді. «Жақсылық жасаушы жақсылығының қарымын көреді. Ал жаман адамға өзінің жаман істері жетеді» дейді.

Шейх имам тақуа Рукнул Ислам Мұхаммед ибн Әбу Бәкір имам Хауаһир зада атымен танымал мүфти (р.а.) былай дейді: «Шариғат пен тариқат сұлтаны Юсуф әл-

Һамаданидың (р.а.):

Адам егер жасаса жаман істер,

Жазалама сол үшін, қара да тұр,

Өзінің-ақ мінезі, әрекеті

Дұшпан болып өзіне бара жатыр, – дегені бар еді».

Кімде-кім дұшпанын тізе бүктіргісі келсе, мына өлең жолдарын қайталасын:

Қалап тұрсаң жеңуді дұшпаныңды,

Уайым-қайғы арқылы өртеп оны,

Көрсет оған біліммен ұшқаныңды,

Білім өссе, қайғысы өсер оның.

Сен дұшпаныңмен алыспа, өз нәпсіңді тәрбиелеумен айналыс. Өз нәпсіңнің тәрбиесімен шұғылдануың дұшпаныңмен күрес ретінде жеткілікті. Жаға жыртысудан сақ бол. Бұл сені масқара етеді. Және уақытыңды зая кетіреді. Төзімді бол. Әсіресе ақымақтарға сабырлық таныт. Иса ибн Мәриям (ғ.с.): «Он бәледен құтылу үшін ақымақтың бір жамандығына сабыр етіңдер», – деген екен.

материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: