20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Мас етікші – құдайы көрші

Ғибратнама
Жарнама

Куфа қаласында жас етікші Имам Ағзам Әбу Ханифамен көршілес тұрды. Күн сайын кеш батқанда еңбегінен түскен ақшаға сыра сатып алатын. Мас болған сәтінде күнделікті бір өлеңін қайталап айта беретін: «Керек кезімде құшақтасып жүрген, енді мен мұқтаж болған кезімде, қайда кетті сол бір достарым?». Түні бойы ұйықтамай, құлшылық етіп жүрген Әбу Ханифа осы сөздерді естиді.

Бір күні ән айтылмай тым-тырыс болып қалды. Сонда Әбу Ханифа іштей бұл қайда кетті екен деп ойлайды. Сөйтсе, тәртіп сақшысы жаңағы етікшіні тұтқынға алған екен.

Әбу Ханифа келесі күні таң намазын оқып болып, қашырына мініп, басшыға қарай бет алады. Патша Әбу Ханифаның келгенін көріп өз нөкерлеріне: «Қашырынан түспей жатып оған көмек беріңдер! Егер ол түскісі келсе оның аяғының астына кілем төсемейінше түсірмеңдер!» - деп әмір етеді. Тиесілі құрмет көрсетілгеннен  кейін патша Әбу Ханифадан: «Сені сарайға алып келген не нәрсе?» - деп сұрады. Әбу Ханифа: «көршім жайында сұрағалы келдім»,-дейді. Патша Әбу Ханифаның құрметіне абақтыда жатқан көршісін және сол түні сотталғандардың барлығын абақтыдан босатады.

Әбу Ханифа қашырына отырып етікші көршісімен бірге үйге қарай бет алады. Үйіне жеткенде етікшіден: «Сен мұқтаж болғаныңда біз сені тастадық па?» - деп сұрайды. Сонда жаңағы етікші жас жігіт: «Алланың атымен ант етейін, сен мені тастаған жоқсың, сен көршілік міндетіңді атқардың, сені де Алла сақтасын», - деп үлкен ризашылығын білдіреді. Содан бері әлгі көршісі тәубесіне келіп, арағын қойып, Имам Ағзамның шәкірті болды.     

Дайындаған: Ерлан Әлменов

Бөлісу: