10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Дін мен дәстүр: Келіннің сәлем салуы

Дін мен дәстүр: Келіннің сәлем салуы

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазіргі таңда кейбір «діндарлар» арасында «келіннің иіліп сәлем салуы ширк  немесе ол харам» деген секілді пікірлер тарап, көптеген дау-дамайдың туындауына себеп болуда. Осының салдарынан дінді сырттан оқып келген, кейбірінің ұлты да бөлек білгіш сымақтардан үйреніп жүрген жастарымыз қазақтың салт-дәстүрлеріне үрке қарап «Дәстүрді діннен жоғары қоймайық, шынында да ертең ақыретте сәлем салу серік қосу болып қалса не істейсіңдер?» деген секілді білімсіз, ешбір дәлелге сүйенбеген пікірлерді алға тартып, діннің қамын жеп жүргендей алаңдаушылық білдіруде.

Осыған орай ҚМДБ сайттарында арнайы пәтуа беріліп, шариғат ілімдерін оқып келген білімді азаматтарымыз дәлелдерімен жауаптар беріп жатса да, уаххабилік идеологияның жұқпалы індетіне шалдыққан кейбір жастарымыз сол баяғы сырттан келген елдің дәстүрін, тұрмыс-салтының мән-мағынасын түсінбейтін «интернет шейхтарынан» сұрауға құмбыл тартып тұрады. Сондықтан осы мәселеге қысқаша талдау жасай кетейік.

Тәрбие-тәлімге толы қазақтың жақсы салттарының – бірі келіннің түскен шаңырақтың үлкендеріне иіліп сәлем салуы. Иіліп сәлем салып құрмет көрсеткен ибалы келінген өз кезегінде үлкендер «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!», «Ұл тап», «Көп жаса, қарағым» деп жақсы тілек айтып, ризашылығын білдіріп, дұға тілейді. «Келіннің сәлемінің қазақ үшін оның құндылықтарының сақталуындағы орны ерекше. Бұл салт-дәстүрдің, туыстық құндылықтарды анықтауыш ретінде, қала берді, қыздың жат жұрттағы, отбасындағы, әулеттегі орнын айқындайтын мәні бар және ол жалпы қазақ мәдени ерекшелігінің көрінісі. Келін өзінің сәлемімен, тек өзінің отбасы мүшелеріне ғана емес, сол әулеттің бірлігі мен ынтымағына да кызмет етеді. Келіннің сәлемі өз күйеуінің амандығы мен абыройына деген қатынасын көрсетеді. Сонымен қатар өз ерінің отбасы, әулетіндегі орнын да осы келіннің сәлемі анықтайды. Келін мен күйеуі арасында тату, тәтті неке, сүйіспеншілік пен құрмет болса, келіннің сәлемі де түзу болады. Осыған қарап, отбасындағы береке, ынтымақ, бірлік психологиясы орнығады. Жалпы келіннің сәлем салуы кең мағынада қазаққа ұлттығын сезіндіріп тұрса, тар мағынада, әулеттің туыстығы мен бірлігіне, қала берді өз отбасы ет жақындарының ынтымағына, өз күйеуінің абыройына қызмет етеді. Бұл дәстүрдің қазақтың ұлттық құндылығының сақталуы мен баяндылығына ықпал етері сөзсіз».

Ендігі кезекте мәселеге шариғаттың өлшемдері тұрғысынан қарайық. Ең әуелі әуелі мына мәселені айта кетейік, иіліп сәлем салу әрекетінің өзі ақида мәселесі болмағандықтан, ол ширкке жатпайды. Өйткені Құран кәрімде Адам атаға періштелердің сәжде жасағандығы, Жүсіп пайғамбар түсінде өзіне аспандағы он бір  жұлдыз, күн мен айдың сәжде еткендігін көріп, кейіннен сол көрген түсі шындыққа айналып бауырларының сәждеге иіліп сәлем берулері адамның алдында сәжде жасаудың өзінің серік қосуға жатпайтындығын білдіреді. Егер иіліп сәлем салу ширкке жататын болса, Алла тағала періштелеріне Адам атаға сәжде жасатпас еді.

Сонымен қатар Жүсіп пайғамбар да бауырларының өзіне сәжде жасап, иілулеріне рұқсат етпес еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, барлық пайғамбарлардың діні таухид, бір ғана Құдайға илануды білдіретін сенім жүйесі болып табылатындықтан, ақидалық мәселелерде алдыңғы пайғамбарларда ширкке есептелмейтін нәрселер, біздің шариғатымызда ширкке айналмайды. Сондықтан бұл мәселе ақидаға емес, шариғаттың харам немесе халал бөліміне жатады.Екіншіден ислам шариғатында қандай да бір іс-әркететті «харам» деу үшін оған кесімді (қатғи нас), бұлтартпас дәлел қажет. Біздің «сәләф» бауырларымыздың осы мәселеге қатысты келтіріп жүрген мына екі хадисіне зер салып қарар болсақ, оның кесімді, нақты дәлелге жатпайтынын көре аламыз:

1. Имам Тирмизи риуаят еткен мына бір хадис: «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді.

Бұл жердегі хадистің сөздеріне зер салып қарар болсақ, иіліп сәлем беру харам деген нәтиже шықпайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) құшақтау және бетінен сүюге қатысты сұраққа да «жоқ» деп жауап берген. Сонымен қатар, бұл хадисті әлсіз деген ғалымдар да бар. Сондықтан мағынасы кесімді емес, түрлі жорамалға ашық, оның не үшін, қандай жағдайда айтылғанын да білмей жатып, бір ғана хадиске сүйеніп қандайда да бір іске «харам» деп айтуға болмайды. Егер мәселені жан-жақты сараламай, бір-екі ғана хадиске негіздеп пәтуа беріле берсе онда «Сырттан келген адамға тұрып құрмет көрсету», «қабірлерді зиярат ету», «өлген адамның артынан жылау» және тағы басқа көптеген мәселерде кейбір хадистерді ғана негізге алып, оның түпкі мәні мен мақсатына үңілмей бір жақты асығыс шешім шығарған боламыз. Алайда мұсылман ғалымдары осы мәселелердің түрлі жағдайларда айтылуына орай, мұндай мәселелерге әр түрлі пәтуалар берген.

2. Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) Шамнан оралған кезде Пайғамбарымызға (с.а.с.) сәжде жасайды. Ардақты елші (с.а.с.) оның сәжде жасауының мәнісін сұрағанда ол христиандардың өз дін басыларына осылай сәжде жасайтындықтарын, мұны өз пайғамбарларынан алғандықтарын айтқан кезде Алла елшісі оған: «Бұл – пайғамбарлаға жабылған жала. Егер біреудің екінші бір адамға сәжде жасауын бұйырар болсам, мойнындағы ақысына байланысты әйелдің күйеуіне сәжде жасауын бұйырар едім. Әй, Мұғаз, Алладан басқа ешкімге сәжде жасалынбайды!» – дейді.

Хадистен көріп тұрғанымыздай бұл жерде сәжде жасауға тыйым салынып тұр. Ал, біздің қазақы түсініктегі сәлем салу Құдай тағаланың алдында құлшылық мақсатымен иілуге қатысты сәждеге де, рукуғқа да жатпайды. Сондықтан оның харамдығына қатысты кесімді түрде келген ешқандай да дәлел жоқ.

Үшіншіден бұл – ислам шариғатындағы харам-халалға немесе ақида мәселесіне тікелей қатысы жоқ тұрмыстық мәселе. Ондай тұрмыстық мәселелер әр елдің өз тұрмыс-салт ерекшелігіне қарай шешіледі. Ислам шариғатында көптеген мәселелердің пәтуалырының әр түрлі болып келу себептерінің бірі де осында.

Төртіншіден кез келген мәселе ниетке қарай өзгереді. Мәселен, егер сіз намаздың өзін елге көрсету үшін оқысаңыз, ол құлшылығыңыз күнәға айналады, ал ішіп-жеу, ұйықтау секілді мәселенің өзін Құран мен сүннетке сай жасасаңыз ол іс-әрекетіңізге сауап аласыз. Осы тұрғыдан алғанда келіннің сәлем салуындағы ниеті құлшылық емес, ол тек қана құрмет көрсетуді білдіреді. Сондықтан оны «харам» немесе ширк деп айту негізсіз.

Келіннің иіліп сәлем салуы – қазақтың имандылығы, ибалылығы мен асылдығынан, үлкенді құрметтеп, кішіге ізеттілік көрсетуден туындаған, тәрбиеліәк мәні жоғары жақсы әдет-ғұрыптардың бірі. «Аллаға ғана сыйыну керек» деп сыйыну мен сыйлауды ажыра алмайтын осындай ора шолақ «діндарлардың» үлкенді және жалпы адамдарды сыйлау мен құрметтеуді ұмытып, Алланың ең қаламайтын ісі – тәкаппарлыққа бой алдырып жатулары, дін деген қастерлі ұғымның не кенін толық түсінбей жатып, «дін үшін» деп ойлап, сауатсыздықпен астамшылыққа барулары өкінішті-ақ. Мұсылманға көркем мінезділік қана жарасады. Өйткені ең соңғы Пайғамбардың (с.а.с.) жіберілуінің де негізгі мақсаты сол еді. Иман құлшылықты, ал құлшылық көркем мінезділікті қажет етеді.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: