Күйеу келтіріп қыз ұзатқан қазақтың күйеу баласына қоятын сұрағы да, беретін сынағы да міндеті де, құрметі де болған. Атам қазақта "Күйеу бала - қайын жұртына сүйеу бала" деген тәмсіл сөз бар.
Бұл сөз жайдан-жай айтылмаған. Бір жат рудың, жат отбасының қызын алып, шаңыраққа күйеу болып атанғаннан бастап, күйеу жігіт мойнына таудай жауапкершілік алады.
Бірінші, өзі сөйлескен, махаббаттасқан қалыңдығын жанындай жақсы көріп, ерекше сыйлауы керек. Оның жүрегін жаралайтын ауыр сөздер айтпауы, тіл тигізіп боқтамауы, қол тигізіп сабамауы, өтірік айтып алдап-арбамауы тиіс. Олай етсе, жігіттің бағы қайтып, жолы байлануы содан бастау алады.
Күйеу бала болған жігіт ең алғаш қыз жаққа "Ұрын бару" кезінде, яғни құда түспей тұрып қайын жұртына барады.
Алғаш келген күйеуді қайын жұрты қатты сынайды. Соған байланысты, қазақта "Өз жұрты сыншыл, қайын жұрты міншіл, нағашы жұрты сыйшыл, ел жұрты күншіл" деген мақал бар. Сондықтан қайын жұртының мініне қалмау үшін қазақ дәстүріндегі күйеу бала атқаратын дәстүрлерді толық біліп, қайын жұртында анық атқарса, ол күйеу "нағыз ер азамат" деп аталады.
Қайын жұртқа барған күйеу бала өзін қалай ұстап, не нәрсеге жол бермеуі керек? Ол қайын атасы мен қайын апасының төсек орнына отырмауы, жалпы қайын жұрты аталатын туыстарынан жоғары шықпауы тиіс. Бұл күйеу баланың қайын жұртында ең бірінші атқаратын әдебі саналады. Сөз-сөйлемі әдепті болуы керек. Оғаш қылықтар жасамауы ләзім. Босағадан кіргенде табалдырықты баспай, оң аяқпен кіріп-шығуы, табалдырықты табанымен баспауы, босағаға сүйеніп тұрмауы, маңдайшаны қолымен тартпауы, басын еңкейтіп, сәлем беріп кіруі керек. Күйеу болатын бала алғаш босаға аттағанда табалдырықты табанымен басып, үйге кірсе, қайын жұрты оны ауыр көреді. "Қызымызды таптап, дәстүрді атқармайды" екен деп мін тағып, құдалықты тоқтатады.
ummet.kz