10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақ батаны кімнен сұраған?

Қазақ батаны кімнен сұраған?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ халқының тыныс-тіршілігіне бата беру дәстүрі етене сіңісіп кеткен. «Бата беру», «бата алу», «бата сұрау» салты кез келген игі істің бастамасы болған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екеніне сенген халық батаны әрбір жақсылықтың бастауы деп білген. Оны халқымыздың «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деген өмірлік тәжірибесінен көруге болады.

Қазақтар жолаушылап келген қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Себебі Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады: зұлымдық көрген адамның (залымға жасаған теріс) батасы, қонақтың (үй иесіне берген) батасы және әкенің баласына берген батасы», – деген.

Бата беруші адам өзгелерге жақсылық, бақ-береке, табыс тілеп, бата береді. Әдетте, батаны ауылдың үлкендері, қадірлі қариялар, атақты батырлар, ақын-жыраулар, би-шешендер, жолы үлкен адамдар, құдайы қонақтар береді. Қонақтар ішінде үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда, әйел бата бермейді. Жастар арасында ақ жаулықты әжелер отырса, әуелі солар бата береді. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан, ел аузында сақталып қалып отырды.

Көбіне үй иесі қонағынан, жасы кішілер үлкендерден бата сұрайды. Кейде бата сұраушы бұл тілегін «илаһи, әумин!» деп білдіріп жатады. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, рухани байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды жоғары қаратып тұрып беріледі. Бата берушінің әрбір дұға-тілегінен кейін бата алушылар іштей «әумин» (құдая, қабыл ет) деп қосылып отырады және батаның соңында «батаңыз қабыл болсын» деген тілекпен алақанымен бетін сипайды.

Ахмет Байтұрсынов: «Батаны ақсақал адамдар жасайды. Батагөй шалдар басы бар табақты ап келгенде де, асты жеп болғанда да бата қылады», – деп жазады «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде. Қазақ дәстүрінде дастархан басына табақ тартылғанда, үлкендер малдың басынан алдымен өзі ауыз тиген соң, бастың оң жақ құлағын кесіп алып, үйдегі жасы ең кіші балалардың біріне: «Ал, балам, құйма құлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» деп бата береді. Бұл дәстүр «Құлақ беру» деп аталады. Қариялардың балаларға құлақ кесіп беруінің үлкен тәлім-тәрбиелік мәні бар, яғни, жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялағыш, сөз тыңдағыш, сөз қадірін түсінгіш, ақылды, білімді азамат болып есейеді.

«Баталы ер арымас» деген сөзді естен шығармай, халыққа сыйлы, аузы дуалы, жүрегі иманды, тақуалы қариялардан бата ала жүрген жөн.

материал «Ақ бата» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: