02
Сенбі,
Қараша

һижри

Балдыз-жезденің, қайны-жеңгенің арасындағы сәлемдесу

Балдыз-жезденің, қайны-жеңгенің арасындағы сәлемдесу

Дәстүр даналығы
Жарнама

Сәлем жосындарының түрлерін айтқанда бір нәрсе ойымнан қалыс қалыпты, ұмытыппын. Олар – балдыз бен жезденің, қайны мен жеңгенің арасындағы амандасулар.

Бұлардың былайғы адамдармен есендесу шеңберінен шығып кететін тұстары бар. Өзге ұлтты білмеймін, ал қазақта балдыз-жезде, қайны-жеңгелер әзіл-қалжыңдары жымдасатын, әңгімелері жалғасатын, ойын-күлкілері жарасатын өте бір тату жандар болып келеді. Бір-біріне батып та, батыл да сөйлейтін әрі оған ешқайсысы шамданбайтын, өзгеге айтпайтын жүрек түкпіріндегі сырларын өзара ашатын да – осылар. Қазақ ғұрпында балдыздың жездеге наздануы, қайнының жеңгеге еркелеуі сыйластығы ерекше сүйкімді қарым-қатынас болып саналады. Тонның ішкі бауындай жандары жақын сырлас әрі қимас болғандықтан олар қолдасып та, құшақтасып та амандаса беретін. Бұл еркіндікті қазақ атаулы біледі, түсінеді. Сонда да үлкендердің көзінше әдептен озбаған. Өз қатарларының арасында немесе қариялардың көзінен тасалау болмаса, кез келген жерде жұрт көзінше бойларын тартып ұстап, ұстамдылық қалыпты сақтаушы еді.

Әдетте, өз халқыңның ұлттық өнеге-өлшемдері қашанда ерекше сезіліп, басқалардікінен озық көрінетіні бар. Бұл – барлық ұлттарға тән табиғи қасиет. Алайда «менікі артық, басқанікі нашар» деген жаңсақ ой тумаса керек. Әр нәрсенің үйлесім тауып жарасатын өз ортасы, өсіп-өнетін өз топырағы бар. Саналы адам елін-жұртын, оның ұлттық табиғи болмысын ардақтай отырып, өзгенікін құрметтеп түсінуі керек. Өзін зор санап, өзгені қор санау – көргенділік емес, өзімшілдіктің, надандықтың бір белгісі. Ал енді туған халқыңды білмей, оның жанын ұғынбай тұрып, басқанікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес. Ол намыссыздыққа жетелейді. Намыссыздық – жаман дерт. Оның өсер ұрпаққа, халықтың келешегіне кесірін тигізетінін ешқашан ұмытпау керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы, - деп ата баласының сөзіне орай мол мағлұмат беріп тастады...

материал «Бабалар аманаты» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: