29
Жұма,
Наурыз

һижри

Бесік жырын айта білесіз бе?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Дүниеге жаңа келген жас сәбидің өмірге деген құштарлығын, айналасына деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын алғашқы қадам – ол ана жүрегін жарып шыққан «Бесік жыры». Иә, өнегелі сөздермен өрнектелген бесік жыры сәбидің жан дүниесіне рухани азық беріп, имандылықтың ұрығын жүрегіне себеді. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз сәбиін әнмен жұбатқан, әнмен оятқан десек, сол бесік жыры ауыздан-ауызға тарап, әр баланы жөргегінен-ақ батыр да батыл болуға тәрбиелеген. «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деп бекер айтпаған данышпан Төле би бабамыз.

Жасыратын не бар, қазіргі таңда рухани дәстүріміздің әлсізденіп бара жатқан бір бөлшегі де осы «Бесік жыры». Бүгінгі жас аналарымыз бесік жырын айта ала ма екен? Айтуға ұят, әрине, қазіргі уақытта бесіктегі сәбиді ұйықтату үшін, ойнату үшін кейбір жас аналар ұялы телефонды нәрестенің бас жағына қойып, музыка қосуды дағдыланған.  Тіпті бұл жердегі телефонның зиянын атап өтудің өзі үлкен бір тақырыпты қамтиды.  

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі — бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде.  

Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді.

Әлди-әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Қонақ келсе, қой бөпем,

Қой тоқтысын сой бөпем,

Құйрығына той бөпем

деп жырлайды халық. Бұл — бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен…

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?

деп игілікті істерге бастайтын өнер-білімге баулиды. Жасөспірімдер халыққа әр-жақты өнерімен, білімімен, игілікті ісімен қызмет етіп танылса дегенді арман еткен.

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?

деп бесіктегі жатқан жас нәрестенің болашағын ойлау арқылы қай іске, қандай өнерге болса да икемі бар, бір сырлы, сегіз қырлы болуын көздейді. Әйтеуір қандай іс, қандай өнер болса да өзінің бейіміне, ықылас әрекетіне қарай кәсіп ете беруін халық ертеден-ақ жақтаған. Сондықтан өз сәбиін өнердің, еңбектің қандай түріне болса да баули беруге, ынталандыра беруге әрекет етті.

Кең балағын түрісіп,

Ойға, тауға жүрісіп,

Балуан болар ма екенсің?

немесе:

Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің?

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің? – дейді.

Мұнда жеке бастың пайдасы үшін, не даңқ, атақ алу үшін емес, «атасының баласы болу» үшін емес, адамның баласы болуын тілегендіктен айтылған халықтың асыл ойлары берілген.

Бала жұбатудан басталатын бірнеше тілек-мақсаттар оның болашақтан күткен арманына жетудің жалғасы болады деп үміт еткен.

Айналайын шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым,

Әлди балам ақ балам.

деп өз өмірінің жалғасы деп таныған жас нәрестені тәрбиелеп өсіруге халық зор мән берген. 

Сонымен бесік жырын тыңдап өскен баланың тілі ерте шығады, есте сақтау қабілеті жақсы жетіледі. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн…

 

 

Ummet.kz

Бөлісу: