21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Сәлем берудегі сүннет пен салттың үйлесімі

Сәлем берудегі сүннет пен салттың үйлесімі

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады.

Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден туындайды. Пайғамбарымыздың (ﷺ) кезеңінен бастап бүгінгі күнімізге дейін мұсылмандар Алла Елшісінің (ﷺ) әр сөзін қалт жібермей, іздестіріп, сұрастырып, Оның (ﷺ)әрекетіне қарай өздерінің іс-қимылдарын белгілеп отырды. Тіпті қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (ﷺ)әрекеттерін қайталаған. Мысалы, бір тізерлеп отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, ол түгілі әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі де Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетінен туындап, үмбетінің өмірінде күнделікті тұрмыстың ережесі болып қалыптасып қалған.

«Сәлем сөздің анасы» - дейді дана қазақ халқы. Алланың әрбір күнін алғаш кездескен адамдар бір-бірлеріне сәлем берісумен бастап ары қарай қатынастарын жалғастырады. Сол алғашқы салемдесуден-ақ адамдар арасындағы болашақ ізгіліктің немесе жамандықтың ұрығы себіле бастайтынына біз мән беріп аңғара бермейміз. Кездескен таныс және бейтаныс адамдардың жүзінен шуақ шашып, жайдары көңілмен күлімсірей сәлем беруі, қол алысып төс қағыстыруы немесе немқұрайлы, жүрдім-бардым бас изеп өте шығуы, тіптен кекірейе кегжиіп сәлеміңді менсінбей қабылдауы, сәлем алмауы бәрі-бәрі адамдар арасындағы сапырылысқан қызу қатынасқа өз әсерін тигізеді. Бірі тараптардың жүрегіне жылу, жүзіне нұр сыйласа, келесісі араларына сызат түсіріп бәлкім ат құйрығын кесістіріп, өшпенділікке шейін жеткізуі мүмкін екенін болжап білу оңай емес. Өйткені «сәлемімді неге алмайсың!» - деген сес, «берген сәлемімді алмады!» - деген өкпе-наз өмірде кездесіп жататыны аз емес.

Алғашқы кездесу, алғашқы сәлем берісуден бастап-ақ мәңгілік дос болып, аралары суымай, бірін-бірі шынайы сыйласып өмірінің ақырғы күнінде қимай ажырасып, бұрын өткенінің артын сыйлап, атақ-абыройын асқақтатып, аманатын орындап Алланың алдындағы борышын кірлетпей өткен адамдар қаншама. Керісінше алғашқы кездесу-амандасудан-ақ көңілің суып, тітіркеніп «Аллам қайта жолықтырмаса екен!» -дейтіндей адамдар да болады. Осыдан-ақ біз сәлем беру және сәлемге жауап қайтарудың қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз.

Сәлем алу, сәлем беру туралы қасиетті Құран Кәрімде «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы», - дейді (Ниса сүресі, 86-аят ).

Қазақ халқы ежелден сәлемшіл халық. Алыстан келген ағайын-туыс түгілі алаштың қаймана қазағының да асты-үстіне түсіп амандық-саулық сұрасқанда әлемнің бар халқынан да асып түседі десе болғандай. Ауыл-аймақ, бота-тайлақ, абысын-ажын, алыс-жақын, жегжат-жұрағаттың аман-есендігінен бастап, атын атап, түсін түстейтіндерінің бірін қалдырмай сұрап ең соңы мал-төлдің жай-күйі, қора қопсының бүтіндігіне дейін қазбалап-термелей танысатын біздің халық сол сәтінде-ақ келген мейманының қайтар еліндегі таныстарына да дұғай-дұғай сәлемін жолдап барып амандық-саулық жоралғысын бітіретіні бар. Аз дамылдаған соң асықпай-саспай шыт жаңа жоғарыдағы туыс-туғанының амандығын қайта–қайталап тәптіштеп сұрайтынын қайтерсің. Демек, халқымыздың бұл ақкөңіл, ақжаймалылығы ғасырдан-ғасырға салт дәстүрмен ғана емес қанмен жалғасып күні бүгін де ауыл-аудан өңірлерінде өз сорабымен көрініс беруде. Бұл біздің қазақ халқының менталитеті, «аузын ашса жүрегі көрінетін» аңғал да ақпейілдігі, дархан жүрегі, даладай кең көңілінің ортақ бір сипаты деуге болады.

Ұлы даланың төл баласы болған қазақ ұлтының тума табиғи осынау мінезі қасиетті дініміздің әдептілік ілімімен біте қайнасып кеткен. Өйткені мұсылман адамның «Ассаләмуалейкум!» яғни «сізге есен-саулық, тыныштық тілеймін» деп сәлем беруі оның қайтарымына «Уағалейкумассаләм» яғни, «маған тілеген есен-саулық жақсылықты сізге де тілеймін» -деген жауап алып сансыз сауаптарға ие болуы.

Осылайша мұсылмандықты болмысына сіңіре білген қазақ халқы сәлемдесуге үлкен мән беріп, үлкен әдептілікке жатқызған. Сырттан келіп сөзді тура бастаған жасы кішілерді «Әй көргенсіз, алдымен сәлемің қайда?» деп тұқыртатын болса, «келді де аман-сәлемі жоқ адыраңдап сөйлей бастады», «тіпті амандасқан да жоқ», «амандасуды білмейтін бір әдепсіз пенде екен» деген сияқты т.б сөздермен жақтырмағанын білдіріп жатуы сәлем беру, амандасуыдың орны адамдар қатынасында қаншалықты жоғары тұратындығын көрсетеді. Шынында да күнделікті қарапайым тіршілікте әсіресе, бүгінгі таңда үлкен қалаларда қым-қуыт қайнап, қайшыласып, мидай сапырылысып жатқан өмір қазанында әрбір кездескен жанға сәлемдесіп, қол беріп амандаса берудің реті келе бермейді. Ондайды қазақ «базарға мың кісі барады, сүйгеніне сәлем береді» деп жалғыз сөзбен қайыруы да сәлем берем деген желеуден шығатын орынсыз дарақылыққа орын жоқ екенін меңзесе керек. Әрине берген сәлеміне қарап-ақ адамының қандай адам екенін тани білген. Мәселен, халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер» кітабында мынадай бір дерек кезігеді: «Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере:

- Ассаләмуғалейкум, - деп екі қолын бірдей ұсынды.

- Уағалейкумассалам, деп атам да ықыласты дауыспен сәлем алып, мына креслоға жайғасып отырғын, - деді. – Қарағым, не шаруамен келіп едің?

Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен кішілердің, «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам: - Іздірәсти, - дей салады, немесе, здрам-жлам, - деп ұсынған қолды көрмегендей төбесіне қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді, атамның қырсығы ұстап қалғанын абайламайды.»

 Міне осыдан-ақ сөз қадірін биік қойып қастерлеген дана халқымыз «сәлем – сөздің анасы» - деп дұрыс сәлемдесе білуді бәрінен жоғары қойғанын көреміз.

 «Сәләм» - Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сондықтан да сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Хадисте егер сәлеміңді қарсы жақ алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатындығы айтылады. Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз иен үйге кірсе де «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем берген.

Сәлемдесудің Пайғамбарымыздың (ﷺ)сүннеті екенін айтыскер ақындар көбінесе өлең шумақтарына қосып, «Сәлем бердім Пайғамбар сүннеті деп» -  жырлағандары да бар. «...Жарылқасын ақын да бір айтыста Пайғамбарымыздың (ﷺ)хадисіне меңзеп, қарсыласына былай дейді:

Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,

Жетеді мұратына өлмеген құл.

Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық,

Сүннеті пайғамбардың қазулы жол.[1]

Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісі (ﷺ): «Көліктегі адам жаяу адамға, жаяу адам отырған адамға, қатарында кісі саны аз топ өздерінен әлдеқайда қарасы мол топқа бірінші болып сәлем береді», - деп айтты», - деген. Имам Бұхаридың риуаятында: «Жасы кіші болған жасы үлкенге сәлем береді», - делінген.[2]

Пайғамбарымыз (ﷺ)бір хадисінде: «Сендер толық иман келтірмейінше, жәннәтқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіндер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген.

Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілділікке тәрбиелейді және сәлем беру  - адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді. Мәселен «Екі мұсылман кездескенде бір-бірінің қолын алып, хал-жағдай сұрасса, Алла Тағала сол мезет оларға жүз рахымнан төгеді. Соның тоқсаны сол екеуінің бірінші болып сәлемдесіп, ақжарқын қуаныш сыйлағанына бұйырады».

«Екі мұсылман баласы кездескенде, олар бір-бірімен амандасып, қол алысқанда, Алла Тағала оларды осы сәтте бір-біріне тілеген тілек-дұғаларын қабыл алады. Қолдар ажырамай жатып күнәларын кешіреді», - деген хадистер Пайғамбарымыздың  (ﷺ) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішпейілділікке, жарқын жылы жүзділікке тәрбилеп қана қоймай сәлемдескен кезде әсіресе, арнайы таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетіндігінен хабардар етеді. Сондықтан да білімді де дана бабаларымыз балаларына жастайынан үлкендерге «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем беріп, қол ұсынуды, кішпейіл болуды үйреткен.

«Бармасаң, көрмесең жат боласың!» - деп алыстағы ағайын-туысына тек есендесіп-сәлемдесу үшін арнайы ат арытып жолаушылап баратын халықымыз жол-жөнекей қадірлі адамдардың үйлеріне де ат басын бұрып, амандық-саулығын біліп, дәм ауыз тиіп, кейде қона-түстене жатып кететіні де олардың береке-бірлігін арттырып, ағайыншылық, бауырмашылдығын нығайтуға аса үлкен септігін тигізетін. Алыс-жақындағы ағайын-туыс, абысын-ажындар жолының, жасының үлкен-кішілігіне қарай сәлем беру үшін барысып-келісуі, «оның алдымен маған келіп сәлемдесетін жөні бар еді» - деп үлкендердің бір туысқанын күтіп отыруы, келіп сәлем берген ретте балаша мәз болып қуанып, «менің жиенім, нағашым, немере туысым, бәленше-түгеншем алыстан арнайы сәлем беру үшін келіпті» - деп ауылдастарын шақырып бата тілеп, ас беру, келген бұйымтай шаруасын сұрау, қалағанын беру секілді қалыптасқан ізгі дәстүрлеріміздің Аллаға шүкір, әлі де сарқыншағы бар.

«Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз ұлы біреудің жанына артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, істеген қылығы үшін тысқа шығып жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің  алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таң қалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен», - деген тәмсіл әңгімеден біз ізетті сәлем беру, иіліп құрмет көрсету, адамдарға қанша әсер ететінін ұғумен қатар, адам қаны төгілердей ауыр күнә жасаудан да арашашы болған инабатты келіннің ақылына тәнті боламыз. Мұндай әңгімелердің жастарға берері аса мол, тәрбиелік мәні де зор.

Жаһандану, ғаламдасу т.б. атаулар беріліп, күллі адамзат өркениеті бір арнаға тоғысуға бет алған бүгінгі таңда асфальтта өсіп, компьютер құлағында ойнайтын, ондағы атыс-шабыс, алыс-жұлыс фильмдермен ауызданып өсіп келе жатқан бүгінгі жас өспірімдердің өзара қатынасынан біз болашақта нені күтуге болады? Өте ойланатын сауал.

Әлбетте, мұндай тығырыққа тірейтін мәселелерге әлеуметтанушылар, педагогтар әртүрлі ізденістер жасап, жауаптар беріп жатады. Әсілі, осындай түйткілді мәселені шешудің негізгі жолы – Ислам жолы, сүннет жолы екендігін ескере бермейтін «ғалым- ағартушылар» да кездеседі. Әрине, ислам жолы, сүннет жолы дегеніміз Имандылық. Ал имандылық деген сөзде біздің айтып жүрген тәрбиенің барлық түрі қамтылып тұрғанын ескере бермейміз. «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені» дегендейін имандылықты таратудың басы Пайғамбарымыздың (ﷺ)хадисінде айтылғандай «адамдар арасына сәлем тарату» болмақ.

Иншалла, ізгі бауырмал сәлемдер молайған жерде имандылық күшейіп, адамдар арасындағы достық, туыстық қатынастар нығая бермек. Халқымыз «бір көрген – біліс, екі көрген – туыс» - деп айтқанындай бір рет сәлемдесіп, білісіп-танысқан адамдар екіншісінде туысқан ағайындарша жарқырап амандасып жатуға жазсын!Алла баршамызға береке-бірлік, туыстық-ізгілік қатынасты нәсіп етсін! Әмин.

Нариман Исенов

 «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Әділбаева.Ш. «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз». Алматы; 2009

[2] Мұхиддин Әбу Зәкәрия ибн Шәрәф ибн Мурра, «Хадистер жинағы   (риядус-салихан)», Алматы. 2011

Бөлісу: