05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Әмір Темір Исламды жақтаушы ма, даттаушы ма?

Әмір Темір Исламды жақтаушы ма, даттаушы ма?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Әмір Темір – астанасы Самарқан қаласы болған ірі мемлекеттің билеушісі, Орта Азияда 1370-1507 жылдары билік құрған тимуридтер династиясының негізін қалаушы болды. Жарты әлемге билік жүргізді, қиян-кескі соғыстар жасады, жер бетін қызыл қанға бояды.

Әмір Темір Алтын Орданың билігін әлсіретіп, орыстың күшеюіне ықпал жасағаны үшін, Осман империясын күйретіп, Еуропаның алға кетуіне әсер еткені үшін көптеген тарихшылардың оған өкпесі қара қазандай. Сонымен қатар, ол өркениетке ұмтылды, Самарқанды әлемнің астанасы етуге талпынып, небір тарихи ескерткіштер, мешіттер мен медреселер салдырды, қаланы бау-бақшаға толтырды. Ол сәулет өнерін жоғары бағалады, көркем әдебиетті жанындай жақсы көрді, шешендікті ерекше қадірледі.

Әмір Темір Құдайдан қатты қорқатын. Дін ғұламаларына өзгеше құрмет көрсетіп, өзі де Ислам қағидаларын барынша ұстануға тырысатын. Мемлекетін де шариғат негіздеріне сай басқаруға талпынды.Деректер Әмір Темір әкесінің діндар, тақуа адам болғаны айтылғанмен, өзінің нақты діни білім алғандығы туралы ақпарат жоқ. Десек те, үлгі тұтқан ұстаздары болғанына қарағанда, Темірдің өзі де діннен алыс болмаса керек. Самарқанға түрлі өнерпаздарды жинап, небір сәулетті мешіттер мен медреселер салдыруы – соның айғағы. Шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүминов бұл туралы «Қанша қатыгез болғанымен, Әмір Темір халықпен есептескен. Есептескеніне дәлел ретінде хан ұстағанын, өзін «гурган» деп атағанын айтуға болады. Шариғат заңдарын сақтаған. Суфий шайқыларын өзіне пір тұтқан. Үлкен саясаткер болған. Өзі туралы жағымды пікір таратқан. Тағы бір қызық нәрсе – жорыққа шығар алдында «Шайқаста жеңем бе, жеңілемін бе?» – деп Құранның көмегімен бал ашқызған. Балшы (Фалбин) Құранның кез келген бетін ашып жіберіп, аятын оқып, соған қарай жеңетін, жеңбейтінін айтқан. Бірақ, бір таңғаларлығы, Әмір Темір билікке келгеннен кейін бірде-бір шайқаста жеңілмеген. Темір өз ұрпақтарына көп көңіл бөлген. Оларға тәлім-тәрбие беруді мемлекеттік іс деп қараған. Темір ұрпағы дүниеге келісімен анасынан айырып алынып, бала бағуға арнайы тағайындалған адамдарға тапсырылған. Бала оқитын жасқа келгенде тәрбиешіге (атабекке) табыстаған», – деп жазады. Содан да болар Темір ұрпақтарынан күллі мұсылман әлемінің мақтанышы болған Ұлықбектей ұл, Бабырдай перзент дүниеге келді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: