21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Мұстафа Шоқайға имамның бата беруі

Мұстафа Шоқайға имамның бата беруі

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Алаш қайтаркері Мұстафа Шоқай дінге келгенде табандылық танытады. Қиын-қыстау заманға, өзінің қашып жүргеніне қарамастан болашақ жарынан мұсылмандықты қабылдауын талап етеді.

Бұл туралы Мария өзінің 1963 жылы жазған естелігінде: “Біз Мұстафа екеуміз үйленбекші болдық. Екеуміздің дініміз екі бөлек болатын, мен – христиан, Мұстафа – мұсылман. Мұстафа менің мұсылман болуым керектігін айтып тұрып алды. Бір күні ескі күймеге отырып, ескі шаһарға бардық. Ол жерде имам біздің некемізді қиды. Екі өзбек куәлік етті. Бұл 1918 жылдың 18 сәуірі еді”, - деп жазады. Осы дерекке қарап-ақ, Марияның Исламды қабылдағанына шүбә қалмайды. Тіпті ол үйленгендерінен кейін Мұстафаның ауылына барғанда орамал тартып, дәрет алғаны туралы да жазады: “Мұстафа алғашқы аялдаманы имамның ауылында жасайтынымызды айтты. Имам қазақша дін қызметіндегі адам дегенді білдіреді. Мұстафа “Қазір оның ауылына жаяу жүріп баруымыз керек, басыңа жаулық салып, қазақ әйелдері сияқты үстіңе камзол киесің, қол-аяғың көрінбейтін болсын”, - деп түсіндірді. Қазақ әйелдері салт бойынша бастарына үлкен ақ жаулық байлайлы. Менде орамал үшін пайдалана қоятындай ақ төсек жаймасынан басқа ештеңе жоқ еді. Соны басыма байлап алдым. Үстіме түлкі терісінен жасалған тонымды киіп алдым. Мұстафа маған имамның үйіне қалай кіруім керектігін түсіндіріп, ішке еніп кетті. Мен киіз үйге елу адымдай жетпей тұрып қалдым. Біраз тұрып қалғандай едім. Ми қайнатқан ыстықта үстімдегі киімім де әбден абыржытты. Қазақ әйелдері бет-жүзін жауып жүрмейді, үнемі ашық ұстайды. Қазақтар әйелді өте құрмет тұтады. Еркектер өз араларында әйелдер туралы әңгіме айтпайды. Мұстафа әлі имамның жанында, мен сыртта тұрмын. Біраздан кейін киіз үйден бір топ адам шыға келді. Мен де оларға қарсы жүрдім. Мұстафаның айтқанын орындауға тырыстым. Өмірімде бірінші рет қазақтардың киіз үйін көрдім. Тазалығына таң қалдым. Сөздің шыны, біз қатардағы бір адамның емес, имамның үйінде едік. Жас қыздар өз араларында сыбырласып, ара-тұра маржандай тістерін көрсетіп күліп қояды. Мен де оларға қарап күлімсіредім. Осылайша арамызда үнсіз достық байланысы пайда болды, мен жуынғым келетіндігімді айтып су сұрадым, әрине, ыммен. Маған бір құмғанмен ыстық, екіншісімен салқын су әкелді. Олардан үйден шыға тұруларын өтіндім. Олар шығысымен дәрет алдым”.

Мұстафа алғашқы аялдаманы имам ауылынан бекер бастаған жоқ. Жаңа шаңырақ көтеріп жатқан адам ретінде аузы дуалы имамнан бата алғысы келді. Және ол ниетінің оңынан орын алғанын да Марияның жазбаларынан көреміз: “Көпшілік алдымен дәрет алып, сонан соң бәрі бірдей намазға тұрды. Намаздан кейін еркектер жағы түйелерге қарай беттесе, әйелдер жағы қойлар мен сиырларды саууға кірісті. Мұстафа мені қасына шақырып алды да екеуміз әрі-бері жүріп сейілдедік, ол маған бұл жердегілердің бәрі менің орамал тағысыма, қимыл-әрекеттеріме ырза болғанын айтты. “Бұл уақытқа дейін олар орыс әйелі туралы басқаша пікірде болатын. Өз ұлтымның өкіліне үйленбеуім оларда реніш сезімін тудырғанымен, аз уақытта еуропалық әйелге азиялық әдеттерді қабылдата алғаным үшін мені кешіріп, саған құрметпен қарай бастады. Мен имаммен Петербургтағы өмірім туралы көп әңгімелестім. Ол өте ақылды кісі Үш рет Меккеге барған. Түрлі елдердің адамдарымен танысқан Өзге елдердегі мұсылмандар туралы айта келіп, маған егер сіз бақытты болсаңыз, мен сізбен келісемін, жұбайыңыз өле-өлгенше жолдасыңыз болсын деді. Көрдің бе, сүйіктім, екеуіміздің қосылуымызды рухани ықпалы күшті адамдар да қостады”. Имамның Мұстафаға берген батасы қабыл болды. Қазаққа келін болып, мұсылмандықты қабылдаған орыстың ізгі ниетті сол бір қызы Мұстафаға өле-өлгенше жолдас әрі сүйеніш бола болды.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: