10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

 Құранның 13 парасын жатқа білген Алаш зиялысы

 Құранның 13 парасын жатқа білген Алаш зиялысы

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Сұлтанмахмұт десе, білімге ессіз құмарлықмен ұмтылған, қалай да ұлтының бір қажетіне жарауға талпынған жігерлі жас есімізге түседі. Қолындағы қысқа жібі күрмеуге келмей шарқ ұрған жалынды жүректің өнегелі өмір жолы көз алдымыздан фильмнің үзік-үзік таспасындай өтіп жатады. Алла тағала Сұлтанмахмұтты кедейлікпен де, аурумен де сынады. Анасынан да жастай айырды. Соған қарамастан Аллаға деген махаббаты бір сәт те бәсең тартпаған Махмұт 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білген екен.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты ғылыми-зерттеу мақаласында: «Қақ-соқпен, ойынмен әуесі жоқ, мең-зең монтайған момақан Махмұт туған шешесінің мекіренген мейірімін көре алмады. Сұлтанмахмұт 6 жасар, інісі Бәшен 5 жасар кезінде әкесінен оқып, «еже» таниды. Содан кейін әкесі кейде өз үйінде жеке молда ұстап, кейде ел арасындағы молдаларға беріп, балаларын оқудан үзбейді. 12-13 жасқа келгенде Махмұт Мұқан молдадан оқиды. Мұқан молда араб, парсы, икейлерін қазақшаға айналдырып, өлең қылатын, біреуді мақтап, біреуді жамандап өлең шығаратын «арқасы» бар адам болды. Молдасына еліктеп, 13 жасар Махмұт та сықақ өлең жаза бастайды. Содан кейін Махмұт  Баян қаласында медресе ашып, бала жинап жататын Әбдірахман молдадан (ел «күйеу Мағзұм» деп атайтын) оқиды. Махмұт молданың өз үйінде тұрды. Сабақтан босағанда, Мағзұм Махмұтқа шәй қайнаттырып, отын жарғызып, су әкелгізіп, малын күттіріп, малай қып алады. Сол кезде-ақ Махмұт қожа-молдалардың өтірік «әулие» болып, ел сауғанын жақтырмай, сөгіп өлең жазады, ол өлеңдерін молда көріп қойып, ұрсады, жек көре бастайды», – деп жазады.

Білімге деген құмарлығы ерекше Махмұт қанша молданың алдын көреді. Осы кездері иманы артқан ақын туралы Ж.Аймауытов жоғарыда аталған мақаласында: «Қандай бейнет шексе де, жолына қандай бөгет тұрса да, беттеген мақсатына жетпей тынбайтын Махмұтта мінез бар. Махмұт тақуа болады. Тұла бойы тұнған тұмар, мойнында – тәспі, дұғалық, аузында – зікір, күн шықпай оқығаны – намаз, заулатқаны – «жасын», ол дәретсіз жер баспайды; «қари болам» деп Құранның 13 парасына дейін жаттап алады, сырлас жолдастарына: «күллі денем зікір айтқандай болады» деп жүреді», – деп жазады.

Расында да білім-ғылымның нәрінен сусындап қалған Сұлтанмахмұт енді тоқтай қоймайды. Надан елдің ішінде надан қожа, молдамен айтысып, өмірі босқа өтіп бара жатқанын бір ойлап, шетке барып оқиын десе, қаражаты жоқтығын екі ойлап, бір өз басының емес, бүкіл қазақ шәкіртінің жағдайына қайғырып, 1912 жылы «Зарландым» деген әңгімесін жазады.

Ақыры 1912 жылы 9 қыркүйекте туған жерін артқа тастап, оқу іздеп Троицк қаласына келеді. Онда Махмұт «Яуышев» медресесіне кіреді. Кейін «Айқап» газетіне хатшылық қызметке тұрады.  

Сұлтанмахмұт – Ислам дінінің ең асыл құндылықтарын бойына терең сіңірген жан. Оның Шайбай туысқанына жазған: «Оразадағы уақытым қазақ шаруасынан аса алматындығы мәлім ғой. Неге десең, бала оқыту, құран, тарауық...» – деп келетін хаты ерекше назар аударуға тұрарлық. Осы хаты арқылы біз Сұлтанмахмұттың Рамазан айы кезінде уақытын қалай өткізгеніне болжам жасай аламыз. Ақын үйренгендерін өзі біліп қоймай, бала оқытуға барын салған. Сонымен қатар, Құран оқып, оны жаттауға да көңіл бөлген. Әрі ораза кезінде оқылатын тарауық намазын да тастамағанын байқаймыз.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: