26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бес уақыт намазын қаза қылмағаны үшін сөзге қалған ғалым

Бес уақыт намазын қаза қылмағаны үшін сөзге қалған ғалым

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Ақжан Машани – қазақтың үлкен геолог ғалымдарының бірі. Геология, минерология саласына қосқан үлесімен қатар, оның әл-Фарабиді әлемге қазақ деп танытып, қазаққа қайтарғанының өзі кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ақжан Машанидың бар саналы ғұмыры Кеңес кезеңінде өтсе де, намазын қаза қылмаған, Құранның ішкі сырына үңіліп, ол туралы үлкен еңбектер жазған.

Ақжан Машанидың Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған саясатына қарамастан намазын қаза етпегенін тілге тиек еттік. Ол туралы замандастары да, шәкірттері де тамсана, таңғала жазды. “Ақаң намаз оқыды, дінге берілді. Ақаң өйтіп кетті деген әңгімелер де кезінде көп болды ғой. Бірақ үлкен тұлға, ғалым есебінде Ақаң өз сенімінің ар-ұжданының қалағанын істеді”, - дейді Әлия Бейсенова. Осы сөздердің өзінен ғалымның имандылығы үшін аз сөзге ілікпегенін байқаймыз. Ал тағы бір шәкірті Б.Біләлов: “1972 жылдың жазында Ақжан Жақсыбекұлы Қарағандыға ұшып келді. Мен оны күтіп алуын және “Қарағанды” қонақүйіне орналастырылуын ұйымдастырдым, ал өзім жұмыс күнінің аяғында кіріп шықтым. Оның қонақ үйде екенін біліп, нөмірінің есігін қақтым, бірақ ешкім жауап бермеді. Тек біраз уақыттан соң есік ашылып, Ақжан Жақсыбекұлы мені бөлмеге шақырды, есікті ашпағанын мұсылмандар тәулігіне бес уақыт оқитын намазын оқығанымен түсіндірді. Совет кезеңінде де ол нағыз дінге сенген адам болған және жұма сайын мешітке баратын”, -дейді де: “1990 жылдың жазында Қарағандыға соңғы рет келгенінде ол ең алдымен мешітке апар деп сұрады. Кондитер фабрикасының маңайында орналасқан, оны Ақжан Жақсыбекұлы “Құдайдың үйі” деп атайтын. Ол мешіттің діни қызметкерлерімен ұзақ сөйлесті, олар көптеген сұрақтар қойды, Құранның жеке сүрелерінің түсініктемелерін сұрап. Молдалар осы сәтті кезеңін пайдаланып Машановты көпке дейін жібермеді”, - деп еске алады.

Замандастары Ақжан Машанидың үнемі тақия киіп жүретінін, тек кейде фотоға түсерде ғана тақиясын шешетінін айтады. Ал тағы бір шәкірттері әсіресе диссертация қорғау кезінде қорғағалы тұрған адамды арнайы шақырып алып, бата беріп, бірақ кіргізетінін айтады.

Машани кітаптарын парақтап отырып, оның әр кітабын, әр жазбасын “Бисмиллаһ әр-Рахман әр-Рахим. Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Осы бастаудың өзінде ғаламның ғажап сырлары жатыр” деген сөзбен басталатынын көресің. Оның “Ғалами мөр” атты еңбегі ғылыми-ислами шығармашылығындағы шоқтығы биік еңбектердің бірі саналады. Оны оқыған кез келген адам түсіне бермейді. Үлкен танымды, терең діни білімді қажет ететіні көрініп тұр. Арасында ғалым:

Кеше гөр, қате басқан жерлерімді,

Ортаға салдым жиған-білгенімді.

Іздегенім Тәңірдің ризалығы,

Сілет етпен ешкімге бұл терімді.

Ойланар оқыған жан сөздерімді,

Бар ниетім шындықтан басқа ой жоқ,

Шақырам хақ жолына өздеріңді, - деп жазудағы мақсатын да көрсетеді. Ал “Қадір түнгі ойлар” еңбегінде: “Рамазан айында басталған осы жұмыстың бастапқы аты “Қаф” әріпі жөніндегі ойларды жинақтау еді” деген Машани әр әріптің сырына үңіледі.

“Жеті қат көк және әл-Фараби нотасы” атты жазбасында: “70 жыл бойы Ислам – апиын, Ислам – ең қауіпті дін” деп уағыздағын тоталитарлық жүйе бір күнде жоқ болды. Тастан, темірден құйылған “ұлы көсемдердің” мүсіндері ескерусіз қалып, шіріп жатыр. Өйткені ол – жалғандық, шайтан шатастырған замана, көптеген зорлық көріп шейіт болған міскіндердің қарғысы. Бүгінде коммунистік идеямен уланған, совет заманында туған көптеген ұрпақтарыма кейбір жазылған мағлұматтар “ерсілеу”, “күлкілеу” көрінуі де ғажап емес. Ислам діні қазақ баласына ана сүтімен пара-пар”, - деуі де оның ата дінімізге деген ықыласының қаншалықты екенін көрсетсе керек.

Ақжан Машани кітаптарының арасында “Аллаға сансыз шүкіршілік. Кемшіліктерімді, білместігімді кешір, ием!” деген секілді жолдардың жүруінің өзі бұрынғы ғұламаларды еске түсіреді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: