Тоныкөк (Тоңұқық) – Екінші Түрк қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түрк қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түрк елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер.
Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ-даңқын қалдырып; ақыл-парасатына, қол қайратына, көрегендігіне табындырып; ел-жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес.
Сол тас жазуда: «Мен, білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түрк халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түрк тайпасы көсемдерінің баласы екені анық аңғарылған. Өйткені, ол кезде көшпелілердің тек ел басыларының қытайға аманатқа бергенбалалары ғана император сарайында оқып тәрбиелене алған.
Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық-зорлығының бәрін көріп-біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 683 жылы шыли-иуән тайпасының басшысы Құтылығпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жеңістен жеңіске жетіп, ұзамай әйгілі Шығыс Түрк қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылығты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды.
Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту»саясатымен түрктерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салады. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас-талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз, өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір-бірімізді өгейсітіп, көзге түрткенен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, жұрт болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз» дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түрк туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей-ақ келтірдім-ау» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.
Құтылығ қаған өлгеннен кейін, оның орнына інісі Қапаған отырады. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Ел төресі қаған (Құтылығ) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылғаны үшін Қапаған қаған бар болып отыр» дейді. Онысы рас та секілді. Қытай жылнамасы Қапағанды қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанына өкпелеп, қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру-тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарылығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады.
Билікке таласып, ел бірлігіне зиян келтіреді деген қауіппен Қапаған қағанның бүкіл ұрпағын қырып тастаған Күлтегін батыр ағасы Могилиәнді қаған тағына отырғызады.
«Білге қаған» деген атпен таққа отырған Могилиән өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөкті ордаға қайта алдырып, бас уәзір етеді.
Тоныкөктің көрегендік ақылымен тұс-тұстан анталаған жауының бәрін жеңіп, құлауға айналған қанағатты қалпына келтіреді. Тас жазуда Тоныкөк: «Түрк Білге қаған түрк-сыр, оғыз халқын асырап, мерейін үстем қылып отырар» деп, оған үлкен сенім артады.
Түрк жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербес ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген дала кемеңгері – Білге Тоныкөк өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі тасқа қашатып, жаздырып кетті.
«...Бүкіл түрк жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі қаған жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесіне, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түрк Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен – Білге Тоныкөкпін» дейді дана қарт.
Тоныкөктің қай жылы өлгені белгісіз. Қытай тарихында Білге қаған оны ордаға 716 жылы қайта шақырып алдырғанда Тоныкөктің жасының 70-те екені анық көрсетілген. Содан кейін ол Білге қағанның қасында болып, Түрк қағанатын төніп келген апаттан құтқаруға көмектесіп, оған пайдалы ақыл-кеңесін береді. 734 жылы Білге қаған уланып өледі. Бұдан кейін Тоныкөкке қатысты дерек еш жерде кездеспейді. Білге қаған өлгеннен кейін оның орнына таққа балалары бірінен кейін бірі отырғаны және бар биліктің сол балалардың анасы, Білге қағанның әйелі, Тоныкөктің қызы – Бопының (Пофудың) қолында болғаны белгілі. Осының бәрі Тоныкөкті бұл жылдарда да қаған ордасына болды деуге мүмкіндік береді. Тарихшылар оны әбден кәртайып барып өлді дегенді айтады. Соған қарағанда ол 741 жылдың шамасында 95 жасқа жетіп қайтыс болған тәрізді.
Материал «Ел тұтқа» кітабынан алынған