13
Сенбі,
Шілде

һижри

Көк түрктің көк семсері

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Құтылығұлы Күлтегін (684-731ж.ж.) – Екінші Шығыс Түрк қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «көк түрктің көк семсері» атанған атақты батыры.

Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өскен Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түрк еліне тұс-тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Бұл ретте түрктің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басында қойылған ескерткіш тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жазады. Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, бұдан Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысының табғаш елінің әйел патшасы У-хыудың Қапағанның басына ақша тігіп, кімде-кім оны өлтірсе, соған «Жан-чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо-Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын берем деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түрк еліне жазалау жорыққа қалың қол аттандырғаннан кейінгі, 694 жылғы Жау-жыу және Дин-жыу аймақтарында болған соғыс екені анық көрінеді. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. 

Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып қан майданның ортасында жүргенін тамсана баяндайды.  Бұл арада сол деректерді тізіп жатпай-ақ, батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштердегі мына жазулардан да біраз жайды аңғаруға болады. Тас жаздудың авторы Йолығ-тегін Күлтегін ерлігін былайша тізбелейді: «Он алты жасына келгенде «алты чуб» соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Оң тұтықты қарулы басшыларымен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық.  Жиырма бір жасында Чача Сеңүнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықын шораның Боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншіде Ышбар Жамтардың Боз атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. Үшіншіде Сілікбек – иегіннің Торы атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. (Күлтегіннің) сауытына, қалғанына жүздеген оқ тиді, бірақ бірі де денесіне дарыған жоқ. Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық. Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін  Азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты. Оғыздармен соғыстық Күлтегін Жетімек (өгсіз) ақты мініп шауып, тоғыз ерін шанышты. Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты». Осылай жалғаса береді. Қарап отырсаңыз, Күлтегін батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанша соғыссыз өткен жылы болмапты. Соның бәрінде ол жау қолына жасындай тиіп, түрк қолын жеңіске жеткізіп отырыпты.

Әкесі Құтылығ қаған Екінші Шығыс Түрк қағанатының іргесін қалап,  шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы: үлкені – Білге қағаны ел бастап, кішісі – Күлтегіні қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытыпты. Ағайынды екі ұлан ақыл қосып біріге қимылдап, елінің бірі – алтын тұғыр тұтқасына, бірі – айбарлы асыл тірегіне айналыпты. Ажал жетіп, сол асыл тірек құлағанда ұлы дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп, Күлштегін рухына тағзым етіпті. Басына ел тарихын жазып, алып ескерткіш орнатыпты. Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бұл күнде тәуелсіз еліміздің астанасында, Еуразия ұлттық университеті, бас ғимаратының төрінде тұр. Батыр бабаның бақытты ұрпағы күн сайын ескерткіш қасына келіп, ұлы Ерлікке тағзым етеді, ата рухына адалдықтарын білдіреді.

Материал «Елтұтқа» кітабынан алынған 

Бөлісу: