16
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Патша Құдай» мен «Шын Құдайдың» айырмашылығы неде?

«Патша Құдай» мен «Шын Құдайдың» айырмашылығы неде?

Дін және ғылым
Жарнама

Жекелеген ойшыл қалам қайраткерлерінің еңбектерінде Алланың атына байланысты синтагмалық тіркестерді байқаймыз (Бұл жайлы «Шын Құдай кім?» атты мақаламызда кеңірек баяндағанбыз). Солардың қатарында «әкелі-балалы» Абай мен Шаһкәрім де бар. Хакім еңбегінде «Патша Құдай», қажының өлеңінде «Шын Құдай» деген тіркестер кездеседі.

Семантикалық мағынасы бірдей («Алла» деген сөз) болғанымен әр ғұламаның жазбақ мұраты пен жеткізбек ойына орай аздаған мағыналық реңкде өзгешелік бары ақиқат. Енді екі ғұламаның Жаратушыны неге екі түрлі сипатпен жазғанын хал-қадірімізше зерделесек.

1868 жылғы «Жаңа низамнан» кейін ел ішінің рухани өмірі тіпті де сүреңсіздене бастады. Патшалық отаршылдық жүйенің дендей енуі қазақ руханиятын одан бетер жұтаң күйге түсірді.

Бұл жайтты Абайдың өзіне сөйлетсек:

...Қарасам осы күні ел түріне,

Қазақтан достық кетті бір-біріне («Жаңа Закон» өлеңі)(Берекенің кеткені).

Қара қарға сықылды шуласар жұрт,

Кім көп берсе, мен соған серт берем» деп (Ниеттің кеткені).

Ендігі жұрттың сөзі - ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.(Ұлттың мінезі бұзыла бастағаны) 

Бұзыларда ойламас бет көрем деп,

Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп (Ақылдың күші кеміп, сөзге тоқтаудан қалып, ойламсыздық меңдеткені).

 Жұрт жүр ғой «Арамдықты еп көрем» деп,

Тоқтау айтқан кісіні жек көрем» деп (қайыру бермей, тезге түспей, ұлттың індеті, қоғамның дерті қабындап бара жатқаны).

Сонымен бірге, «Ұрлық, қулық қылдым деп, қағар көлбек» (өзін түзеумен ісі жоқ), «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек» (екіжүзділік дендеді), «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ» (ұлт ретінде ұйысар мұраттың жоқтығы, шын надандық жұртты жайлған ғой), байлар «Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа» құмартқан, тіпті «Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір» көбейді. Бұлар көптің ішін жайлаған дерт болса, атқа мінерлердің ішін жайлаған дерт те осал болмаған.

Ол – игі жақсылардың ғана емес, ел мінезінен де хабар беретін арызқойлық дерті. Арыз мұраты заңға жүгіну, патшалық режімге арқа сүйеп өз бостандықтарын жүзеге асыру, өз құқығын қорғау немесе әділдікті іздеу тұрғысынан болса, құба-құп дүние. Олай болмаған. Патшаны (патша заңын) бетке ұстап (айбар етіп) өтірік арызбен өз жамандықтарына (әділетсіздік, ұрлық, барымта, т.б.) қарсы келгендерді тізеге басудың, түзу жол нұсқағандарды мұқатып, әділ адамдарды сайлау қарсаңында істі қылдырып болыстыққа жарамсыз етіп, өз жақтастарын, жамандығын қостайтын кандидаттарды шығарудың, әділ билерді съезге қатыстырмаудың айла-шарғысын жасап баққан. Өштескен кісісінен өшін алған, озады-ау дегендердің аяғын шалған. Яғни, бақ таласы, күндестік.

Тіпті, намыс пен рухтың төмендегені соншалық, «ұры сақтады, бәле басы болды, жерімді тартып алды, ауылымызды шапты» деген өтірік арыз былай тұрсын ел бастаған кісілердің өзі бас болып «қызымызды зорлады», «буаз қатынымызға бала тастатты (Құнанбайға да, Абайға да жазылған арызда болған бұл сөздің мәнісіжүкті әйелімізді баласы түсіп қалғанша зорлады деген сөз)» деп пәле жаба салу түк емес еді. Болыс, старшын деген мансап үшін! Бір мұқатып, тізеге салып алмақ үшін! Сөйтіп, «жеңген» атанбақ үшін!

Әрине, Құдайдың әділдік орнататын нағыз Патша (патшалардың да Патшасы) екенін елемегеннен, уақытша патшаның халықты бұзбаққа, бодандамаққа орайластырған қулық-сұмдығын аңдамай, алдамшы құндылыққа өлместей боп жабысқандықтан.

Сонда бабаларымыздың итің жаман десе намыстанатын асқақ рухы мен намысы қайда кетті?! Үлкен себеп мынау; Оны отаршылдық жүйе солай икемдеді. Бұл прогресс «Жаңа низам» арқылы жойқын күш алды.  

Халықтың бұл мінезіне «Жаңа низамның» не жазығы, не қатысы бар демеңіз.

Ата дәстүрімізде өз интеллектісіне, тұлғалық қасиетіне қарай ел тізгінін беріп, өз әділдігімен би сайланатын болса, бұл низамнан кейін әкімшілік құрылым территорияға қарай құрылып би де, болыс та, басқа да мансап иелері тек шар (дауыс беру) арқылы сайланатын болды. Бұның залалы сол – кім көп дауыс жинайды сол мандатқа лайық болып танылады. Сонымен би, болыс, старшын, кандидаттыққа болмысымен лайық еместердің топ жиып «партия» құрып, пара беріп, өтірік арыз жазып, әлгі лайықты адамдарды өз орнынан қағып, өздері отыруға, өздері болмаса сыбайластарын қоюына жол ашып берді.

Осыдан туындаған екінші бір дерт – пара. Өтірік арызды өткізуге де, кінәлі болған кісі одан ақталуға да майыр, уезд, жандаралдар мен тілмаштарының аузын майлап отыратын. Олардың алатын парасы да аз болмаған.

Жаңағы мінез рухани мәселе ғана емес, әрі экономикалық, әрі генетикалық (тектік), әрі этикалық мәселе ретінде қоғамдық құбылысқа айналып, жұрттың ішін жайлап қоғамды деградацияға алып келді. Бұл рухани құлдырау «Патша Құдай сыйындым» өлеңінде де көрініс тапқан. Онда «Самородный сары алтынды» (адамдықты) «саудасыз берсең (тегін берсең деген сөз) де алмайтын», керісінше «саудырсыз сары қамқаны» (өтпелі мансап, аз қонақтап кететін де қалатын атақты (тіпті, өзі оған лайық болмаса да) «Самарқанның бөзіне» (ұждан мен ардан айырлып өтірік айтып рухани қымбатын жоғалтса, қыруар пара беріп материалдық қымбатын екі жоғалтып) сатып алып жүрген қоғамдық тенденцияның көркем картинасы менмұндалайды. Сондайда, Абай әлгі «садаға кеткірлерге» күйіне отырып:

Кеселді түйін шешілсе,

(дерттерінің емін білсе)

Керден мойын кесілсе,

(білгеніне мойындап, қайра адамық сипатқа келсе)

Келмей кетпес кезіне.

(ел бекзада болмысына келер еді) деп арман қылады. Бірақ, олардың бұған көнбесін өзі де біледі ғой... Енді хакім Абай олай болмаса не болатынын баяндап бүй демей ме:

О да Құдай пендесі,

(шын билігің нағыз Патша Құдайдың қолындағы пенде ғой дейді)

Түспей кетер деймісің,

Тәңірінің құрған тезіне!

Құдайдан ұялып кісілік ғұмырға, адамдық кәмілдікке ұмтылғанның орнына, уақыттық патшаны (немесе оның заңын, ұлықтарын, құқықық күштері мен нормаларын, т.б) арамдық жолында қалқан етіп, руханият пен инсаниатты, қоғамды ластаған адам бәрібір Тәңірдің (Патша Құдайдың) тезіне түспей қалмайтынын жеткізеді.

Мұнан мұрат сол: Бүгін патшаның түзіміне (заң-законына) икемдеп өтірік айтып біреуді қараларсың, жеңерсің. Бірақ, Құдайдың Патшалығы оның әділдігін бір таппай қоймайды. Ардан безгенің бір көрінбей қалмайды. Сондықтан керден мойныңды кессең (нәпсіңді тисаң, өзіңді түзесең, жақсы сипаттан ғибрат алсаң), кеселді түйін шешіледі. Құдайдан ұялып, ешкімнің ала жібін аттамауға ұмтылған (бұл деңгейге жеткен бар, жетпеген де бар!) руханиятымызға қайтайық демектік.

Ендеше, аталмыш индивидуалды метафора сол кездегі халықтың рухани ойлау, таным деңгейін көрсетеді. Бұндай шеберлік ақын интеллектісінің жемісі.

Ал, Шаһкәрім қажының «Шын Құдай» тіркесін пайдаланған 1928 жылдың рухани-қоғамдық келбетіне назар салып көрелік.

Ол кезеңде қоғамда шындық(тар) күлегейленген еді. Құдай туралы шындық болсын, тарихи шындық (бұрын шын), қоғамдық-әлеуметтік шындық (бүгін шын) болсын, бәрі бұрмаланып жатты. Болашақ (ертең шын) құр ұрандар мен жалаң үміттерге құрылды. Жалған ұрандар мен мүдделерге байланған саяси үрдістерге, желікпе науқандарға алданып, шаш ал десе бас алатын, қара халыққа қырғидай тиіп, ұлтты сатып, ардан безіп, әділеттен жұрдай болған шолақ белсенділік, өзінің тарихын өзі күстаналау тенденциясы белең ала бастады. Шындықты білетін адамдардың өзі күллі терістеулердің жалғандығын білсе де өзін-өзі зорлап сендіруге бой ұрды... Тізбелеп айта беруге болатын құлдыраудың түп-төркіні шындықтардың (иләһияттағы, қоғамдық һәм руханияттағы шындықтың) бұрмалануында жатыр еді. Осылайша, Хақтан (Шын, Алла) алыстаған қоғам барша шындығынан ажырап, адамдар шын (адамдық) болмысын жоғалтып жатты.

Шаһкерім қажы бұл деградацияның ең басты себебі ретінде адам санасында әрі қоғамда шындық(тар) салтанат құрмауы екенін бек сезінді. Шын мәнінде, иләһияттағы ұлы шындық орнаса қоғам құдайсыздана ма? Өзі айтатын үш шындық (бұрын шын, бүгін шын, ертең шын) ақиқат негізінде болса қоғамды жалғандық жайлай ма? Адам ұғлы өз биігінде, сафилығында (өз шынында) бекем болса кісі бойынан адамдық кете ме?

Екі ойшыл да осы екі тіркесте екі дәуірдегі қоғамды жайлап, адам болмысына түскен дерт пен оның емі болуға тиісті, заманға бек керекті сипатты дөп басып отыр.

Сипат дегеннен шығады, хакімнің отыз сегізінші қара сөзінде айтатын инанмақтықтан пайда алу (иманның игілігінде өмір сүру, кәміл адам болу, иманның нұрын қоғамда қаулатып жетістікке жеткеру) және Алланың сипаттарымен сипатталу (өз іс-әрекетінде Алланың сипаттарына еліктеу[1]) дейтін үлкен мұраттармен үндесіп жатса керек.

Олай болса, Абай хакім Алланың «Патша (Әл-Мәлик күллі жаратылыстың Патшасы, патшалардың Патшасы)» деген есімінен пайда алуға меңзейді. Жоғарыда айтылған қоғамдық құбылыстардың әділ бағасын беретін де, осы істер үшін жауап алатын да – Ол (Патша Құдай) екенін білетін адам сан түрлі құйтұрқылыққа (өтірік арыз құастырып, жала жауып, пара беріп, ақшаға бола ардан безіп, тағысын тағылар) бармайтыны анық. Шын мәнінде Алланың «Патша» сипатына иланған мұсылман ертең оның алдында әрбір істің жауабын берем ғой деп ұялады да, қорқады да. Сонымен күнәға бармауға тырысады да. Ондайда оның адамды бұзылмайды, итікті қостамайды. Ойланып іс қылады. Құдайға қарабет болуға ары бармайды. Шынында мұндай иманды адам біреуді қараламақ, қорламақ бола ма? Өтірік айта ма? Патшаны қалқан етіп иттік істей ме? Жоқ. Олай етпек түгілі өзі қараланып, қорланса да, өзіне иттік жасалса да мейірленіп, сабыр қылмай ма, кектессе де тым құрығанда әділ болады ғой. Міне, Абайдың айтпағы – осы. Деградациядан алып шығатын рухани ем ретінде Алланың сипатына шын иман келтіріп, адамның өзін түзеуі, сол арқылы нанмақтықтың пайдасын көріп, қоғамды ізгілікке бөлеуі.

Бұл жерде Абайдың қоғамда осы түсініктің жетіспей жатқанын, руханиятта иманның осы бөлігі ақсап тұрғанын сезінуі бар. Сонымен бірге қоғамның жарасына ем  боларлық сенімді дәл меңзегі – айдан анық, күннен раушан бір шындық.

Шаһкәрім қажы болса әр адам Құдайдың «Шын (Әл-Хақ – шындық иесі)» деген сипатымен лайықты деңгейде сипатталуға меңзейді. Шын мәнінде, адам шын мұсылман, шын адам болғанда ғана қоғамдағы жоққа шығарылған күллі шындықтар үшін шырылдайтыны, күйзеліп, құлдырап бара жатқан ұлтты, жалғандық жайлаған қоғамды өзгертуге өз үлесін қосатыны айдан анық (Ол заманда аз да болса мұндай адамдар болды). Қажы билік пен жеке тұлғаға осы сипаттың (шындық иесі болудың) жетіспейтінін дөп басып білген. Сонымен қатар, қоғамдағы келеңсіздіктің емі болар сипатты да жазбай танып, дәл пайымдап отыр.

Болмаса, «Жаратушы Құдай», «Құдіретті Құдай», тағысын-тағы деп сипаттаса Абай мен Шаһкәрім білмей отыр ма? Зор көркемдік ойлау шеберлігінен туған сәтті тіркестер (метафора арқылы) дерт пен емін бірге баяндап тұған жоқ па?

Діндегі «Хикметпен жеткізу» деп, ақындық қуат деп осыны айтса керек-ті. Уай, ақындар! Поэзия деп те, күрделілік деп те осыны айтса керек-ті. Бір ауыз сөзбен бір дәуірдің шындығын бейнелей білген бұл қандай ғаламат ақындық. Әрине, нені жазу, нені жазбау керек екенін өте жақсыл білгендері былай тұрсын қандай сөзді қайда қолдану, сөз таңдау, оған ой сіңіріп, мағына үстеу, сөз тұлғасын мағынаға қызмет еттіру жағынан екі ақын да замандастарынан көш алда болды. Ал, бүгінгі ақындардың миына осы нәрсе кіре ме екен?

«Өзінің шығармаларын халық жүрегіне кеңінен ұғындыру, ілгерідегі жолын кеңінен ашып, прогресстің идеялық-мәдени болашағын көрсете отырып, халқының ақыл-ой парасатын жетілдіру – міне халық ақынының, классикалық ақынның мағыналы орны осында. Абай осылай болғандықтан ғана өз заманынан оза шыққан кісі болды, ол осылай болғандықтан ғана оның творчествасы күшті ағындарды біздің адам баласының тарихы көрмеген заманымызбен тіл қатып, сөйлескендей болады» депті Мұхтар ақсақал Әуезов. Біз бұл қатарға Шаһкәрімді де қосамыз. Өйткені, «әкелі-балалы» екі ақын өздерінің мағыналы орнына, ақындық миссиясына қылаптық жасаған жоқ.

Оразбек САПАРХАН


 

[1] Нәсіп айласа, бұл туралы кеңінен жазатын боламыз.

Бөлісу:

Пікірлер қалдыру