Хижретке дейінгі оқу-ағарту
Ислам діні келгеннен кейін арабтарда сауат ашу қарқынды түрде етек жайды. Тарихта басқа ешқандай халықтың аз уақытта бұлай дамуы кездеспеген. Оқужазу білмейтін пайғамбарға келген алғашқы уахидың оқуды әмір етуі назар аударарлық. Құранның ең алғашқы әмірі «Оқы» болғандықтан, мұсылмандарға жүктелген ең алғашқы міндет те оқу. Құран сөзі арабша «қа-ра-а» сөзінен шығып, оқу мағынасын береді. Хазірет Пағамбар және оның төрт халифасының мемлекет басқарған бақыт ғасырында жаңа оқу-тәрбие жүйесі қалыптасты. Негізі Құран, мұғалімі Мұхаммед (с.а.с.), шәкірттері сахабалар болған бұл жүйе аз уақытта табысқа жетті. Біз Мекке дәуірінде де Құран оқудың өте жоғары маңызға ие болғанын көреміз. Өйткені Исламдық оқу-ағартудың және білім ордаларының тарихы дінді жаю, Исламды және Хақтың кітабын түсіну оқужазуға байланысты еді. Құран әуелі жазылып, кейін оқу білетіндер білмейтіндерге оқитын. Хазірет Омардың (р.а.) Аллаға бойсұнуына себеп болған да осындай бір оқиға еді.
Хижреттен кейінгі оқу-ағарту
Бақыт ғасырында мәдениеттің негізі саналған оқу-жазудың азаттыққа тең болғанын көреміз. Бәдір соғысында тұтқынға түскендердің ішінде құн төлейтін ақшасы жоқ сауаты бар тұтқындардың әрқайсысы он мұсылман балаға хат танытып бостандық алды. Бұл ағарту ісінің алғышарты еді. Әрбір адамның ғылымда, ахлақта, амалда да бір-бірін тура жолға шақырып, білгенін басқаға үйретуі Исламның негізге ұстанымы болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дәуірінде діни сауатты болу жалпыға бірдей міндет болғанын көрсететін дәлелдер бар. Хадисте былай дейді: «Дінде ілім иесі болу барлық мұсылманға парыз. Үйреніңдер, басқаға үйретіңдер, ғылыммен айналысыңдар. Надан болып өлмеңдер». Олай болса біз де қазіргі күнде ғылымды біліп қана қоймай, оны үйретуге міндеттіміз.
материал «Ислам және ғылым» кітабынан алынды,
ummet.kz