Қай уақытта болмасын қоғамда әрдайым педагогиканың орны ерекше. Әр елдің, халықтың қанына сінген тәрбие беру ерекшеліктері бар. Ал Ислам дініндегі тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған. Еуропалық үлгідегі педагогика жүйесінде тәрбие беруден гөрі білім беру бағыты басым.
Ал мұндай педагогиканың белгілі дәрежеде кемшілігі болады. Себебі тәрбиесі кем болған білімді адамнан қоғамға зиян келуі мүмкін. Қандай да бір қарулы қорғаныс мақсатынан тыс қарақшылық және жаугершілік мақсатта қолданылуы сияқты. Ислам діні басқа діндермен теңдесі жоқ дәреже, білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттікке, сонымен қатар адам құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлген дін.
Педагогика, адамның жетілуі, іс-әрекет және қарым-қатынасты реттеу тұрғысында Ислам діні ерекше орын алады. Тәрбие үлгісін көрсетуші Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) туралы Құран кәрімде: «Шындығында, Алла елшісінде сендер үшін керемет өнеге бар» дейді («Қалам» сүресі, 4) Құран өткен пайғамбарлардың өз елімен, халқымен қарым-қатынасы, олардың Алла елшілеріне қарсы келіп, соңында Аллаһтың қаһарына ұшырағандығы туралы оқиғаларды үлгі етеді. «Ей, пайғамбар, біз Құранды уахи етумен саған бұрынғы қауымдардың оқиғаларын ең жақсы түрде түсіндірудеміз» («Юсуф» сүресі, 3).
Педагогтар адам фантазиясынан туындаған ертегі, қиссаларды бала тәрбиесінде кеңінен қолдануды пайдалы деп біліп, көп әңгімелеуді кеңес қылады. Ал Ислам педагогикасы барлық жас дәрежесіндегі адамдар үшін ертегі емес, нағыз тарихи үлгі-өнегеге толы оқиғаларды әңгімелейді және оларды көп еске алып жүруге үндейді. Адамдарды ақыл жүгіртуге шақырады: «Олар өздерінен бұрынғылардың ақыры не болғанын көрмей ме? Әрине, ақырет жұрты тақуалар үшін қайырлы, ойланбайсыңдар ма?» («Юсуф» сүресі, 109).
Құран кәрімде 823 жерде білім турасында, 49 жерде ақыл жүгірту жайында, 18 жерде ойлануға шақыратын үгіт сөздер кездеседі. Бұл аяттарды негізге ала отырып, тәрбиелеу нәтижесінде адам Аллаһтың барлығын, оның сипаттарын саналы түрде түсініп, соқыр сенімнен құтылады. Педагогтар адам тәрбиесінде елеулі орын алатын тәрбие ошағы ретінде қоршаған ортаны алады. Ислам дінінде де бұл мәселе ескеріле отырып, Құран кәрімде ізгі адамдармен бірге болуға шақырады: «Мүміндер, Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119).
Бұл аят қай уақытта, қандай қоғамда болмасын ұдайы кеңес етіледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жолдас таңдауда ақыл береді: «Жақсы жолдас пен жаман жолдастың мысалы қолында иіс суы бар адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған Исламның заманауи ғылым түрлерін қамтуы оны сыйлайды немесе одан сатып аласың, оның хош иісін сезесің. Ал көрік үрлеуші сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немесе одан жағымсыз иіс сезесің» дей отырып жақсымен жолдас болудың тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Осылайша Исламның педагогикадағы маңызы қоғамда елеулі орын алады.
материал «Ислам және ғылым» кітабынан алынды,
ummet.kz