Өкінішке қарай, қазір аз-маз кітап оқысақ та, «білдім синдромының» құрбанына айналып кетіп жатқан жайымыз бар. Негізінде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің сахабаларын «Біз білмейміз! Алла және оның Елшісі жақсырақ біледі» деген сөзге баулыған. Тіпті, сахабалар мен тәбиғиндер (Алла разы болсын) бұрын естіген хадисін қайталап тыңдаса да, жаңадан естіп тұрғандай зер салып тыңдайтын.
Имам Нәуәуи «әл-Мәжмуғ» кітабында Абдуррахман ибн Әбу Ләйләдан мынадай хабар жеткен: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ансар сахабасының әрқайсысынан мәселе сұралған кезде: «Басқадан сұра, мынадан сұра», – деп, ақырында сұрақ біріншісіне қайтып келгенін көрдім».
Ибн Омар (Алла разы болсын): «Ілім – үш-ақ нәрсе: Құран, сүннет және «мен білмеймін» деген сөз», – деген. «Мен білемін» деген сөзді айтуда басқа да түйіткілдер жетерлік. «Кітапты қалай оқимыз?» немесе «Білім алудың тиімді жолдары» секілді кез келген кітапты оқысаңыз, «мен мұны білетін сияқтымын» деген ойдың өзі миды ақпарат қабылдаудан бөгеп қояды. «Мен білдім» дегеннің «мен құрыдым» дегеннен айырмашылығы тіптен жоқ секілді.
Алған ілімге амал етпеу. Ілімге амал етпеу – білімнің берекесін жояр ең үлкен нәрсе. Ізгі ғұлама-ғалымдар алған іліміне шамасы жеткенше амал етуге тырысқан. Ұлы сахабалардың бірі Ибн Мәсғуд (Алла разы болсын): «Біздің жанымыздағылар Құраннан он аят жаттайтын болса, сол он аяттың мағынасына үңіліп, амал етпейінше, келесі аяттарды жаттауға көшпейтін», – деген. Ілім мен амал – екі дос. Екеуі бірігіп, жоғары қарай көтеріледі немесе ажырап, ақирет күні бір-біріне қарсы құжат болады.
Бишр ибн әл-Хафи (Алла рақым етсін): «Жаттаған хадистердің зекетін беріңдер. Әрбір 200 хадистің бес хадисін қолданып, іске асырыңдар», – деген. Ілімге амал ету адам зейінінде бекітіліп, сақталып қалуына көп септігін тигізеді. Оған дәлел күнделікті оқып жүрген дұға-аяттарыңыз. Ілімге амал етудің жарқын көрінісі – оны практикалық түрде іске асыру және басқаларға үйрету. Істі кейінге қалдыру (тәсуиф). «Тәсуиф – мин жунуди Иблис» (Істі кейінге қалдыру – шайтанның азғырушы жауынгерлерінен), – деп ғалымдарымыздың айтқан сөзі бар. Қазір орындалуы керек болған істі кейінге қалдыру – ең үлкен қателіктің бірі. Ажал айтып келмейді. Бір ақынның өлеңшумақтарында келгендей: «Бүгінгі істі ертеңге қалдырма! «Ертеңгі күн» келер, ал сен оған келмессің»
Әбу Исхақтан (Алла рақым етсін) мынадай сөз рияуат етілген: «Әбд әл-Қайстан болған адамнан: «Бізге не өсиет айтасыз?» – деп сұралды. Сонда ол: «Сәуфә деген сөзді айтудан сақтаныңдар!» – деді. Сәуфә – кейін жасалатын етістіктің алдына қойылатын шылау. Бүгін оқылуы тиіс тақырыпты кейінге қалдыру, болмаса жатталуы керек аятхадисті ертеңге қалдыру – шайтанның айласы. Ол сізге оқыма, жаттама демейді. Керісінше, «бұл істе қайыр бар екені белгілі, бірақ оны кейінірек жасағаның дұрыс» деген оймен азғырады.
Хасан ибн Әли (Алла разы болсын): «Ешқашан да істі кейінге қалдырушы болма! Расында, сен бүгінмен өмір сүресің. Егер ертеңгі күн келсе, бүгінгідей өмір сүреміз. Ал келмей қалса, бүгін жасалмай қалған істерімізге еш өкінбейміз», – деп әр істің өз уақытында орындалуын абзал санаған.
материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,
ummet.kz