Білім дегеніміз – нұр, дәрет те – нұр. Білімнің нұры дәретпен арта түседі. Білімді құрмет етудің бірі – кітапқа қарай аяқ созбау. Және тәпсір кітабын басқа кітаптардың үстіне қою да білімді құрметтеу болып табылады.
Сондай-ақ, кітаптің үстіне (сия сияқты тағы) басқа зат қоймау – білімге деген құрмет. Біздің ұстазымыз шейх Ислам Бурһанаддин (Алла Тағала оған рақым етсін) шейхтардың бірінен баяндайды: «Бір фиқһ ғалымы кітап үстіне сиясауыт қояды. Сонда оған парсышалап: «Біліміңнен пайда таба алмайсың», – депті. Қазихан атымен танымал ұстазымыз қази ұлық имам Фахраддин (Алла оған рақым етсін): «Кітап үстіне бір нәрсе қойғанда кітапты менсінбеу ниеті болмаса, оқасы жоқ. Алайда, мұндайдан сақтанған абзал», – деген екен. Дәптерге әдемі етіп жазу және әріптерді тым кішірейтпеу, сонымен бірге қағаздың шетінен орын қалдыру да білімді құрметтеуге жатады. Тек қажеттілік туғанда ғана дәптер шетіне жазуға болады.
Әбу Ханифа (р.а.) әріптерін майда етіп жазып отырған адамды көргенде: «Жазуың майда болмасын, егер ұзақ өмір сүрсең, бұл әрекетіңе өкінесің, ал дүние салсаң, сөзге қаласың», – деген екен. Имам сөзінің мағынасы: ұзақ өмір сүрсең, қартайып көзің нашарлағанда өзің жазған майда жазуды оқи алмайсың, – дегенді білдіреді. Шейх имам Маждаддин әс-Сархакиден: «Біз майда жазсақ, өкінеміз, қысқартып жазсақ, өкінеміз және салыстырып жазбасақ, өкінеміз. Яғни, ескерусіз қалдырған жайтқа үнемі қажеттілігіміз болатын. Біз жазылған дүниенің кең әрі жай-жапсары анық болғанын қалаушы едік. Сондай-ақ, салыстырып жазбасақ, қате шығатын», – деген. Сонымен бірге, кітап (дәптер) төрт бұрышты болуы қажет.
Әбу Ханифа (р.а.) кітаптарды төрт бұрышты ететін. Төрт бұрышты кітап қолдануға жеңіл. Сондай-ақ, жазуда қызыл сия болмағаны дұрыс. Қызыл сия алдыңғы буынның (сәләф) емес, философтардың ісі. Біздің шейхтарымыздың ішінде қызыл аралас сия қолданғанды ұнатпайтындары болған. Білімді құрметтеудің келесі бір түрі – бірге оқитын жолдастарды құрмет тұту. Жағымпаздық – жаман қылық. Тек білім алу барысында ғана оған рұқсат етіледі. Білім алушы өз ұстазына және білімдес серіктеріне олардың білімдерінен пайдалану үшін жағымпаздық етсе айып емес.
Білім алушы дәріс пен даналық сөздерді құрметпен тыңдауы тиіс. Тіпті, бір мәселені немесе бір сөзді мың рет естісе де артық емес. Кімде-кім бір нәрсеге мың рет естігеннен кейін де алғаш естігендей құрметпен құлақ салмаса, ол білім жолындағы адам қатарынан емес деп айтылған. Шәкірт білімнің түрін өз бетінше таңдағаны дұрыс емес, бұл істі ұстазына тапсырғаны жөн. Шын мәнінде ұстаздың бұл мәселеде тәжірибесі бар. Ол әрбір шәкіртке не қажет және болмысына ненің лайық екенін жақсырақ біледі.
Шейх ұлық имам ұстаз Бурһанаддин: «Білім жолындағы шәкірттер әуелгі замандарда білім алуда өздерін ұстаздарына тапсыратын. Осылайша олар өз мұрат-мақсаттарына жететін. Ал, қазір өздері таңдайды да, білім мен фиқһта мақсаттарына жетпей жүр», – деген екен. Себебі олар өздеріне қайсы білімнің пайдалырақ және қайсы білімнің өз болмыстарына сай келетіндігін білмейді.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz